Жоба қатысушылары Қаскелең қаласындағы 63 жыл бұрын Елбасы қанат қаққан «Абай атындағы орта мектеп-гимназиясына» барып, «Ел Үміті» бастамасы аясында жүзеге асырылып жатқан «Birge Oqý» онлайн мектебінің оқушыларымен кездеседі. «Birge Oqý» онлайн мектебінде «Мың бала» Ұлттық зияткерлік олимпиадасының финалистері мен жеңімпаздары оқып жатыр (жоба «Ел Үміті» бастамасы аясында жүзеге асырылады). Онлайн мектепте балалар сапалы цифрлық білім беру ресурстарына кіріп, Назарбаев Зияткерлік мектептерінің, Республикалық физика-математика мектебінің және елордалық лицейлердің 104 жоғары білікті ұстазы, 33 тьютор, 10 әдіскерден білім алуда.«Мың бала» және «Birge Oqý» жобалары ауыл мен қала мектептері арасындағы білім беру сапасын қысқартуға ықпал етеді. Қазір онлайн мектепте республиканың 14 облысынан 3 мыңнан астам оқушы, оның ішінде Алматы облысынан 304 оқушы тегін қосымша білім алып жатыр. Ауыл мектебінде оқыған балаларды қолдап, ары қарай дамыту үшін «Мың бала» олимпиадасы екінші жыл қатарынан өткізілді. Биыл Алматы облысы бойынша олимпиадаға 5-6 сыныпта оқитын 29 342 оқушы қатысты. Жүлделі орындарға 200 оқушы ие болды. Дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептерге 6 сынып оқушыларынан 44 жеңімпаз қабылданды. Атап айтар болсақ, Алматы қаласындағы Республикалық физика-математика мектебі, «Білім-Инновация» лицейі, «Дарын» мамандандырылған мектептері. Жоба қатысушылары әрі қарай Алматы қаласына барып, Республикалық физика-математика мектебінің мән-жайымен танысады. Бұл мектепте «Мың бала» олимпиадасының 35 жеңімпазы білімін жетілдіріп жатыр. Келесі кезекте Нұрсұлтан Назарбаев Қорында халықаралық олимпиадада топ жарған «Ел мақтанышы» сыйлығының иегерлері бас қосып, ғылымға енгізген жаңалықтар мен түрлі идеялар төңірегінде пікіралмасады.
Ары қарай экспедиция қатысушылары Түркістан мен Шымкент қалаларына бет алады.