А.Тәшенова: Мамай мен Иманбаеваның нигилистік ұстанымы оларды Алматы көшелерін сыпыруға жақындата түсуде

А.Тәшенова: Мамай мен Иманбаеваның нигилистік ұстанымы оларды Алматы көшелерін сыпыруға жақындата түсуде

ашық дереккөзі

Байбектің заңгері өзінің Facebook-тегі парақшасында Мамай мен Иманбаеваның өкілі Ерлан Қалиевтің әрекетіне құқықтық бағасын берді. Қалиев Алматы қаласының Әуезов аудандық №2 сотының Ж.Мамай мен И.Иманбаевадан мемлекет кірісіне әрқайсысынан 140 016 теңгеден өсімпұл өндіріп алу туралы шешіміне қатысты Алматы қаласы сотының апелляциялық алқасына жеке шағым жазған екен. Естеріңізге салсақ, Б.Байбектің ар-намысын, қадір-қасиетін және іскерлік беделін қорғау туралы Ж.Мамай мен И.Иманбаеваға талап-арызы бойынша 2 сот инстанциясының шешімдеріне сәйкес жауапкерлер 876 402 теңге көлемінде сот шығындарын мәжбүрлі түрде төлеген болатын. Алайда, апелляция шешім шығарған сәттен бастап 2 айдан астам уақыт өтсе де жауапкерлер талап-арыздың негізгі талабы – Б.Байбек туралы жалған материалдарды жоққа шығаруды және оларды жоюды әлі орындаған жоқ. Осыған байланысты сот орындаушысы Ж.Мамай мен И.Иманбаевадан сот шешімін орындамағаны үшін мемлекет кірісіне өсімпұл өндіріп алу туралы сотқа өтініш жасады. Ол 5 қазанда қанағаттандырылды. Енді борышкерлер тарапы оның күшін жоюға тырысуда. Ал А.Тәшенова өз кезегінде борышкерлердің бұндай әрекетін заң жүзінде дұрыс еместігін алға тартып, олардың кәсіби деңгейіне күмәнмен қарауда. «Жеке шағымдардың мазмұнын зерделеу барысында борышкерлер өкілінің кәсіби деңгейі туралы еріксіз сұрақ туындайды. Қалиев ар-намысты, қадір-қасиет пен іскерлік беделді қорғау туралы сот шешімімен келіспейтінін мәлімдей отырып, тағы да жалаң эмоциямен 2 инстанцияда дәлелденген фактілерге қарсы шығуға тырысып отыр. Бұл ретте ол мұның осы сотта қарастыру мәні бола алмайтынын жақсы білетініне сенімдімін. Әйтсе де, борышкерлердің өкілі өз шағымында, әдеттегідей, заңға сәйкес сот шешімінің күшін жою үшін құқықтық негіз болуы мүмкін бірде-бір дәлел келтірмеді. Қалиевтің сот шешімін орындауды кейінге қалдыру туралы негізсіз өтініші де оғаш көрінеді. Заңда мұндай мәселелер үшін жеке тәртіп қарастырылған және сот оларды осы процесте қарастыруға құқылы емес», – деп атап өтті Байбектің заңгері. А.Тәшенованың сөзінше өтініштің өзі Азаматтық процесстік кодекстің 441-бабының талаптарына сәйкес келмейді. Атап айтқанда, материалдық және іс жүргізу құқығы нормаларын нақты бұзушылықтар көрсетілмеген, борышкерлер тарапынан шығарылған сот актілерінің дұрыс еместігі туралы дәлелдер келтірілмеген. «Мамай мен Иманбаева тағы да айла-шарғымен қоғамдық пікірді бұрмалауға, өздерін «жүйенің құрбандары» ретінде көрсетуге, процесті барынша созуға және жауапкершіліктен жалтаруға тырысуда. Дәл осы мақсатта олар әртүрлі мемлекеттік органдар мен инстанцияларға мүлдем негізсіз, оларды қараудан бас тарту ғана күтілетін қисынсыз хаттар мен өтініштерді жаудыруда. Бұл орайда заң бойынша мүмкін болатын жалғыз қадам – соттардың шешімдерін Жоғарғы сотқа кассациялық қайта қарау туралы нақты заңды аргументке негізделген өтініш беру. Бірақ, Мамай мен Иманбаевада қандай да бір дәлелдердің жоқтығын ескере отырып, онда да оны қараудан да бас тартатынын алдын ала болжауға болады. Борышкерлердің нигилистік ұстанымы, сот шешімін көпшілік алдында және қасақана орындамауы бізді Мамай мен Иманбаева Алматы көшелерін сыпыратын басты шоуға жақындата түсуде деп санаймын», – деп қорытындылады А.Тәшенова.  

Жүктелуде...