Түркістандық спортшы Айкөз Ералхан Иранның Тегеран қаласында өткен XVI Әлем чемпионатында үш медаль жеңіп алды. Ат үстінде жүріп садақ ату сайысына әлемнің 12 елінен 22 спортшы қатысқан, деп хабарлайды newsroom.kz. Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өзінің шеберлігінің арқасында жерлесіміз кіл мықтылардың ішінен топ жарып 1 алтын, 2 күміс медаль иеленді. Алтын алқаны жарыстың алғашқы күні корей стилі бойынша өткен сайыста алса, кассай (венгр) стиліндегі жарыста күміс жүлдегер атанды. Нәтижесінде, А.Ералхан Әлемнің вице-чемпионы атанды.
Айта кетейік, ел намысын қорғаған отандасымыз бұл жеңісін Қазақстан Тəуелсіздігінің 30 жылдығына арнайтынын мәлімдеді. Сондай-ақ, алдағы уақытта шеберлігін шыңдай түсіп, талай белестерді бағындыру жоспары бар екенін жасырмады. Ал, Түркістан облыстық ұлттық спорт мектебінің директоры, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушы Ғани Ахметбаев бұл спортшымыздың болашағынан мол үміт күтуге болатынын айтты.
Бұдан бұрын Ералхан мерген «Алтын жебе» әлем чемпионатының чемпионы атанғанды. Ералхан Айнарбекұлы — Түркістан өңірінің тумасы. Оның жеңісі – сіз бен біздің ортақ қуанышымыз! Жеңіс құтты болсын, ағайын!