Мақтарал ауданында қылмыстың алдын алу туралы жиын өтті
Мақтарал ауданында қылмыстың алдын алу туралы жиын өтті
ашық дереккөзі
Мақтаарал ауданында қайта құқық бұзушылық пен қылмыстардың алдын алу бойынша пробация есебінде тұрған азаматтармен кездесу өтті, деп хабарлайды newsroom.kz.тілшісі.
Профилактикалық шараға Мақтаарал ауданы прокуратурасының аға прокуроры Жеңіс Сәрсенбай, аудандық пробация қызметі бөлімінің бастығы Нартай Сабаев, аудан әкімі аппаратының заң бөлімінің бас маманы Адина Шойғараева және пробация есебінде тұрған азаматтар қатысты.
Жиын барысында аға прокурор Ж.Сәрсенбай тарапынан пробация есебінде тұрған азаматтар тарапынан қайта жасалынып жатқан құқықбұзушылық пен қылмыстардың саны азаймай отырғаны айтылып, екінші рет құқықбұзушылық пен қылмысқа барған азаматтарға тағайындалатын жазалардың тым ауыр болатындығы түсіндірілді. Сонымен қатар, пробация есебінде тұрған азаматтарды жұмыспен қамту бойынша бос орындар туралы хабарламалар жасалды.
«Жұмыспен қамтылған адамның құқықбұзушылық пен қылмыс жасауға уақыты жоқ деп ойлаймын. Сондықтан, бос жұмыс орындарына орналастыруға, өз кәсібін бастаймын деген пробация есебінде тұрған азаматтарға түрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы көмектесуге әзірміз. Сіздерге осындай қамқорлық жасап жатқан елімізге деген алғыс сезімдеріңіздің артуына тілекші бола отырып, бұрын жасаған қателіктеріңізді екінші рет жасамауға шақырамын!» – деді Ж.Сәрсенбай.
Мұнан соң сөз алған аудандық пробация қызметі бөлімінің бастығы Н.Сабаев Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында бектітілген баптар бойынша сотты болған азаматтарға рақымшылық жасалатыны айтылды. Ол үшін сотты болғандардың үздік тәртіптері, адамгершілік мінездері ескерілетінін бөлім бастығы атап өтті.
Айта кетейік, жиын соңында пробация есебінде тұрған азаматтар тарапынан көкейде жүрген сұрақтар қойылып, заң шеңберінде тиісті жауаптар берілді. Қазіргі таңда Мақтаарал аудандық пробация қызметінің есебінде 95 азамат тұр.