Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
21 қыркүйек, 2021 / NewsRoom / Жаңалықтар

Экобазар: бағаны тұрақтандыруға басымдық берілмек

Экобазар: бағаны тұрақтандыруға басымдық берілмек

Экобазар: бағаны тұрақтандыруға басымдық берілмек
ашық дереккөзі
Осындай әділетсіздіктерге жол бермеудің түрлі жолдарын қарастыра бастаған жергілікті билік Түркістан қаласынан заманауи сауда орталығын ашуды жөн көріп отыр. «Барлығымызға белгілі, бүгінде диқандар өз өнімдерін «екінші, үшінші қолдар» арқылы тым арзан бағамен саудалауда, ал, арадағы алыпсатарлар өзара келісіп алып азық-түлік бағасын қалағандарынша көтеріп жатады. Бағаны тұрақтандыру үшін өндірілген өнімді өндірушінің халыққа тікелей ұсынуына қолайлы жағдай жасау қажет. Сол себептен де, Түркістан қаласында экобазардың іске қосылуын бағаны тұрақтандыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етеді деп айтуға болады» дейді орталық директоры Бақнұр Аюбек.
Түркістан облысы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, енді диқандар ешқандай делдалдарсыз-ақ өз өнімдерін тікелей базарға әкеліп сатуға, өтпей қалған жағдайда салқындатылған қоймаларда ұзақ мерзімге сақтауға мүмкіндіктері бар. «Экобазар – дәстүрлі ауыл шаруашылығы нарығының және заманауи жайлы сауда орталығының артықшылықтарын біріктіретін жаңа форматтағы фермерлер базары болады. Көлемі 14 гектар жерге орналасқан  базарда үш мыңға жуық сауда орны, оның ішінде: 900 орын азық-түлікке, 1500 орын  киім-кешекке, 500 орын тұрмыстық тұтыну тауарларына арналған. Сондай-ақ, жиһаздарға 1000 шаршы метр орын дайындалмақ. Жалпы, жаңа нысанның құрылыс алаңы бес гектардай жерді қамтиды» делінген ресми хабарламада.
Бұл базардың басқа сауда орталықтарынан айырмашылығы жайлы айтар болсақ, мұнда тауарлар арзан бағада сатылады. Тұтынушылар үшін автотұрақ, көлік жуу орны сияқты қызмет түрлерінен бөлек, кіші саябақ, демалыс орындары да жасалмақ. Орталық маңында шет қалаларға баруға автотранспорттар қарастырылғандықтан, бұл туристер үшін де өте қолайлы болмақ. Адамдардың қауіпсіздігі үшін кәсіби күзет қызметкерлері жұмыс істеп, үш жүзден астам бейнебақылау камераларын іске қосу көзделген. Ал, қазіргі таңда пандемияға байланысты тепловизорлық камералар орнатылып, барлық санитарлық нормалар сақталады. Сондай-ақ, мұнда электронды және ақылды қоларбалар жұмыс істейтін болады. Тағы бір ерекшелігі, сауда кешені жаңа автовокзал маңында орналасқандықтан, жолаушылар өз еліміздегі қалалардан бөлек, көрші мемлекеттердегі Ташкент, Самарканд, Бішкек, Хиуа, тағы басқа да ірі қалаларға оңай жетіп алуына мүмкіндік қарастырылған. Экобазарда B2,B3 дәрежедегі банктер жұмыс істейтінін де айта кетейік. Сонымен бірге, халықаралық ақша айырбастау бекеттері жұмыс істегендіктен, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, АҚШ, Қытай валюталарын оңай айырбастауға болады. Теміржол вокзалы, әуежай сауда орталығына жақын орналасқандықтан, тауарларды тасымалдау да аса қиындық тудырмайды. Мұнда тауарларды жүктеуге арналған қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Сондай-ақ, отандық өнім өндіруші кәсіпкерлерге тауарын экспортқа шығаруға да барлық мүмкіндіктер қарастырылған.
Базарда сауда орындарынан бөлек, тоңазытқыш орнатылған 200 қойма орны бар. «Соның арқасында күзде жинаған өнімді келесі маусымға дейін халыққа арзан бағамен сатуға мүмкіндік туады» дейді базар басшысы Бақнұр Ерболатұлы.
Тұтынушыларға тиімді бағада азық-түлік ұсынуды қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне облыс әкімдігі мен «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы акционерлік қоғамының ұйымдастыруымен 2-3 пайызбен жеңілдетілген несие берілетінін де айта кетейік.
Базар әкімшілігінің хабарлауынша, мұнда сатушылар мен тауар өндірушілер, туристер мен инвесторлар бір-бірімен тығыз байланыс орнату үшін арнайы кеңсе ашылып, онда заңгерлер, аудиторлар, мамандар, кәсіпкерлер жұмыс істейді. Кеңседе әлемдік нарыққа тұрақты түрде мониторинг жүргізіліп, тауар өндірушілерге, тауарды сатып алушыларға, соның ішінде шетелдік сатып алушыларға тиісті консультациялар беріледі және шетелдерге тауарларды экспорттау,  өнімдерді жеткізу мәселелері бойынша келісімшартқа отыру сынды процедуралар жүргізіледі. Сонымен қоса, туристер де өздерін қызықтыратын мәселелері бойынша тиісті  ақпараттар ала алады.
Базар басшыларының айтуынша, мұнда барлық санитарлық талаптар сақталған. Атшаптырым алаңшасы мен арнайы автотұрағы болғандықтан, көліктердің кіріп-шығуына да ешқандай кедергі жоқ. Ең бастысы, экобазар барлық азық-түлік тауарлары көтерме бағамен сатылатын ең ірі сауда орнына айналмақ.