Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
6 мамыр, 2021 / NewsRoom / Жаңалықтар

Жастар неге әскерге барғысы келмейді?

Жастар неге әскерге барғысы келмейді?

Жастар неге әскерге барғысы келмейді?
ашық дереккөзі
Бүгінде әскерге барушылар қатары сиреп бара жатыр. Бірі әскери тәртіптен қорықса, бірі амалының жоғынан барады. "Бүгінде әскерге қажеті жоқ" деп есептейтін жастар көп. Жастар неге әскерден қашады? Бұл сұраққа әскери борышын өтеп келген және әскерге баруды құптамайтын азаматтар жауап берді, деп хабарлайды Newsroom+ақпарат агенттігі Baribar.kz.-ке сілтеме жасап. Әскери борышын өтеген Бәйдібек Қуатбай Бәйдібек 2015 жылдың мамыр айында әскерге аттанып, 2016 жылдың 16 мамырында үйіне келген. Әскери борышын Алматы облысы Іле ауданы Жетіген ауылында орналасқан әскери бөлімшеде өтеген. Өзі Түркістан облысы Төле би ауданынан. Оның айтуынша, әскер оның мінезін, өмірге деген көзқарасын түбегейлі өзгерткен.
Мектеп қабырғасынан тентектігім басым болды. Әскери борышымды өтеуге 20 жасымда бардым. Ол жерде тура бір жыл болдым. Әскерге барғанға дейін бұзықтау болғанмын. Кез келген істі ақылға салып, ойланып істемейтінмін. Жауапкершілікті терең сезінбедім, жеңілдің астымен ауырдың үстімен жүрген кезім еді. Әскерге барғанға дейінгі және әскерден келген Бәйдібектің арасы жер мен көктей. Әскер мені көп нәрсеге үйретті. Мысалы, өмірге үлкендерше қарай бастадым. Ең бірінші ата-анамның, бауырларымның, туыстарымның, достарымның қадірін терең түсіндім. Себебі кейде ата-анамыздың қадірін түсінбей кететін сәт болады. Содан соң уақыттың, ақшаның қадірін білдім. Осылай өмірден біраз нәрсені түйдім. Бір сөзбен айтқанда, әскер мені жақсы жағынан өзгертті. Әскерден келіп, бұзықтығым да бәсеңдеп қалды. Сондықтан әскерге барғаныма қатты қуанамын".
Бәйдібек үшін әскердің тәртібі мен жүйесі аса қиындық туғызбаған. Керісінше, оның мінезі бұл талаптарды оңай еңсерген.
Айтарлықтай қиыншылықтар болған жоқ, тек ұйқы жағын реттей алмай қиналатынбыз. Әскерде наряд деген тәуліктік кезекшілік бар. Сол күні түнге дейін кезекшілікте тұрып, тек төрт сағат қана ұйықтайсың. Тіпті, бір-екі күн ұйықтамай, ұйқыны ұмытқан кездер де болған. Дені сау адам күніне сегіз сағат ұйықтауы керек. Әскер болған соң тревога тағы басқа жағдайлар да болады. Ал басқа спорттық жаттығулардан қиналған жоқпын. Әскерде борышын өтеушілерге барлық жағдай жасалған. Киім-кешек, тамақпен мемлекет тарапынан беріледі".
Бастапқыда Бәйдібек әскерге барамын деп шешім қабылдап қойғаннан кейін ата-анасы әскерге баруына қарсылық танытпай, бірден келісімін берген. Алайда ол әкесі мен анасының бұл шешіміне алғашында таңғалғанын айтады. "Көп жағдайда аналарымыз баласын әскерге жібергісі келмейді. Себебі әскери тәртіптен қорқады, тіпті, бір айлық әскерге жібермейтіндерді де кездестіреміз. Алғашында шақырту қағазы келгенде өзім не істерімді білмей қалдым. Анам жібермейтін шығар деп ойладым. Алайда анам өзінің ақ батасын беріп, әскерге баруыма рұқсатын берді. Азаматтық борышыңды өтеп келесің, артыңнан ерген інілеріңе де үлгі боласың деп ақылын айтты. Анамның қолдауы, ақ батасы маған үлкен күш берді. Қазіргі кезде әскерге барушылар қатарының сиреп кетуінің бірнеше себебі бар. Бірі отбасылық жағдайлармен бара алмайды, енді бірі сүйген аруы үшін барғысы келмейді. Ал кейде бір үйден бір адам жұмыс істейтін болып қалады, осылай отбасын асырап жатқандар бар. Әрине әскерге сылтауратып барғысы келмейтіндер де көп. Себебі әскерге баруға қорқады, барса, шыдамаймын деген сенімсіздік басым болады. Ал психологиясы әлсіз азаматтар өз-өзіне қол жұмсап, суицидке де барып жатады. Қазіргі жастардың қашуының себебі – осы. Негізінде борышыңды өтеудің еш қиындығы жоқ. Ер адам болған соң жүктелген міндетті абыроймен өтеу керек. Егер жігіттерімізде расымен биік рух, шынайы намыс болса, қорықпай барады деп ойлаймын". "Бұйырса, өзім де әке боламын. Ал балаларыма әскерге бар деп айту менің міндетім болады. Болашақта ұлдарымды міндетті түрде әскерге жіберемін. Себебі ер болған соң әскери тәртіпті көруі керек, Отан алдындағы борышын абыроймен атқару қажет. Бір сөзбен айтқанда, ұл ерге тән қасиетін, қыз өзінің нәзіктігін ұмытпауы керек". Бәйдібек әскерде ұқыптылыққа, уақытты тиімді пайдалануға, сабырлы, шыдамды болуға дағдыланған. Сонымен қатар шапшаң қимылдауды, бастаған ісін кейінге қалдырмай, соңына дейін апаруды үйренген.
Борышымды өтеп келгеннен кейін моральдық жағынан толыққандай болдым. Бойымда шынайы патриоттық сезім пайда болды. Елімізге қауіп төнетіндей болса, жанымды беруге дайынмын".
Оның айтуынша, әскерге барудың артықшылығы көп. Адамды физикалық, моральдық, психологиялық жағынан көп нәрсеге дайындайды.
Әскердің кемшілігін көрмедім. Қазір бір жыл деген ештеңе емес. Кезінде әкелеріміз бір жыл емес, екі-үш жыл әскери борышын өтеп келген, тіпті, ол кезде тәртіп те қатаң болған. Көпшілік әскерге барған адам физикалық, психологиялық зақым алады деп жатады. Дегенмен бұл әр адамның өзіне байланысты. Оның кедергілерге төтеп беруі үйінен алған тәрбиесіне және мінезіне байланысты болады. Менде мұндай жағдайлардың бірі де болған емес".
Болашақта қандай жағдай болмасын отан қорғауға әр азамат дайын болуы керек. Отанды қорғау үшін дене бітіміңнің мінсіз болу маңызды емес. Ең бастысы жүректе махаббат, сенім болуы қажет. Әрине, әдемі сөзді барлығы айта алады. Алайда сөздің емес істің адамы болып үйренсе, еліміздің азаматтарына сеніммен қарауға болады. Отанды міндетті түрде соғысып-төбелесуден емес, күнделікті қарапайым дүниеден бастау керек. Әскерге баруды құптамайтын Нұркен Жұмашев Нұркен – Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің 4-курс студенті. Ол әскерге баруды құптамайды. Дегенмен өзінің оқу орнында арнайы әскери кафедраның дайындық сыныбынан өткен. "Қазақстандағы әскери жүйе сонау кеңес үкіметінің жабайы, ескі тәртібімен қалыптасып қалған. Бір орында қатып қалған мәңгілік жүйе болмайды ғой. Сондықтан еліміздің әскери тәртібіне жаңа өзгерістер енгізу керек. Неге көбі әскерден қашады? Бұл тұрғыда әскерге барғысы келмейтін жігіттерге ғана кінә артып қоюға болмайды. Неліктен басшылық азаматтардың әскерге баруына деген қызығушылығын оятатындай жүйе ойлап таппайды? Алдымен әскери жүйе толығымен өзгеруі керек. Мысалы, үйінің жалғыз баласын ата-анасы әскерге жібергісі келмейді. Өйткені қорқады, сенімнен гөрі күдік басым. Теледидардан, интернет желісінен әскерге барып келген немесе әскерге барамын деп, о дүниеге аттанып кеткен азаматтарды көреді. Бұл мәселе өз шешімін таппағанша, әскерге барушылардың саны артудың орнына, кеми береді. Әскерге бару міндет екенін түсінемін. Еліміз шетелдердің әскери жүйесінен үлгі алса жақсы болар еді. Мысалы, Америка Құрама Штаттарында әскерге арнайы контрактіге отырғандар барады. Оларда еркіндік бар, себебі ешкім сен міндетті түрде әскерге баруың керек деп қинамайды. Барғысы келген адам барады. Ал бізде барлығына бірдей жүктеп қойған, дәл білім беру жүйесі сияқты. Ал мұндай жағдайда сол іске деген сұраныс болудың орнына, маңызы төмендей береді. Американың жағдайын толық зерттемедім. Бірақ жағдайы жақсы деп айта аламын. Олардың қажеттілігі бізге қарағанда жоғары. Бізде 60 мың теңге беремін десе де, жүре береді ғой. Ал ол жақтың адамдары шарт қоя алады және сол шарт орындалуы үшін соңына дейін жүреді. Басшылық та халықтың пікіріне қатты қарайды". Нұркеннің өзі әскери кафедрада білім алғаннан кейін ол мұны студенттерге арналған үлкен жеңілдік деп есептейді. Себебі, әскери кафедраны тәмамдаған әрбір азамат лейтенант атағын алады. "Әскерде жауынгерлерді тегін жұмыс күші ретінде пайдаланады. Ол жерде тәртіп жағын жақсы меңгеріп келетін шығар, дегенмен кәсіби шыңдалып келмейді. Ары кетсе, автомат ұстауды, оны қолдануды біледі. Болды. Ал автомат ұтауды басқа уақытта да үйреніп алуға да болады. Әскерде бір жылыңның 10 айын жұмыс істеумен өткізсең, кәсіби тұрғыдан ғана емес, адами тұрғыдан да құндылықтарың төмендейді. Осы тұрғыдан алғанда біздің жоғары оқу орнындағы әскери кафедра жақсы. Бәріне үлгеріп жүресің, комбинация бар. Ол жер де дәл әскер сияқты. Сағат 06.00-ден 22.00-ге дейін жүреміз. Мысалы, бір күннің жарты күнінде сабақ оқыдық, жарты күн жұмыс істедік. Ал кейде толық бір күн сабақ оқисың не бір күн жұмыс істейсің. Бұл әскердің шет жағасы деп ойлаймын. Менің ойымша, осының барлығын тәжірибе түрінде көрсетсе, онда борышын өтеушілердің қатары көбейер еді. Тәжірибелік түсіндірмелер көп болса, әскер қызықты болады. Бізде, мысалы, бір күні есептеу жұмыстары болды. Осы кездері бізге әскери дайындықта жүргеніміз сезілді. Бес күннің ішіндегі екі-үш күн тәжірибе түрінде сызған нәрсе менің есімде қалды. Ал күндегі әскери тапсырмаларды орындаған кездері миым су болып кетті. Әскерге барған адам не білім жағынан, не физикалық жағынан шынығып келмейді. Сондықтан жұмыс істеп еліме көмектескім келеді. Әскери дайындықта жүргенде ол жерде де басшы мен бағынышты адам болады ғой. Егер сен тәртіпке бағынбасаң, демек, сенен жақсы басшы шықпайды. Бұл – практикалық түрде дәлелденген нәрсе. Берілген бұйрықты уақытымен орындауды үйрендім. Жауапкершілігіміз артты десем болады. Басқару жағынан жақсы тәжірибе жинақтадым. Осыны артықшылығы деп айтуға болады. Тәртіп жағынан біраз көмектеседі".