Қой, сиырдың тезегі, бұқтырылған ет: параның түр-түрін алуда

Қой, сиырдың тезегі, бұқтырылған ет: параның түр-түрін алуда

ашық дереккөзі

 width= Ақжағалылар ауызбастырыққа ақшадан басқа не алып жүр? Соңғы факті Шымкентте тіркелді. Сәулет және құрылыс басқармасының бөлім басшысы құжатқа қол қою үшін пара ретінде 30 ұсақ бас мал алған. Жемқорлардың жемсауы бұған дейін көлік, балық, мүлік, тіпті сиырдың тезегімен де толыққан болатын. Бұл туралы Newsroom+ақпарат агенттігі  Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Асхат ЖҰМАҒАЛИ, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы: "Түркістан облыстық Сәулет және қала құрылысы басқармасының бұрынғы басшысы 2018 жылы жергілікті тұрғыннан пара ретінде 30 бас қой алған. Жалпы сомасы 1 млн 200 мың теңге болады".
Қойды қойшы, бұқтырылған ет, қап-қап сиырдың тезегі дейсіз бе, иә, біздің жемқорлардың тәбеті жаман емес. Параны ақшалай алады. Заттай берем десең де қолыңды қайтармайды. 2019 жылы Рудный қалалық құрылыс бөлімінің басшысы тендерді құны 10 миллионнан асатын қымбат машинаға айырбастаған. Ал Шығыс Қазақстанда полиция бөлімінің бастығы ұрылардың артын жабамын деп, ауызбастырыққа балық сұраған.
Асхат ЖҰМАҒАЛИ, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы: Департамент Шымкент қалалық Мәдениет басқармасы басшысының орынбасарын құрықтаған болатын. Ол пара ретінде  300 мың теңгелік су сорғысын алған. Сонымен қатар, қалаға қарасты аудандардың бірінің тауарлар сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы басшысының орынбасары пара ретінде 60 мың теңгемен қатар энергетикалық сусындар алған".
Ал Ақмола облысындағы аудан әкімдерінің бірі жерді жалға алу мерзімін ұзартқаны үшін ұсталып еді. 3 ірі қара мал мен екі жылқы әкімнің тақиясына тар келіп, 650 мың теңге қоса сұраған көрінеді. Ал Ақсай ауылдың округінің әкімі қайбір жылдары сиырдың тезегін пара ретінде алып, елге масқара болғаны бар.
«Коррупционерлер көбіне параны ақшалай алады. Қолма-қол алмағанымен, банк карталарына аударған жағдайлар жиі кездеседі. Сыйақыны букмекерлік конторалардағы логиндарына аударуға өтініш жасайтындар да көп. Оған қоса гүл салатын қымбат ваза, ұялы телефон, нөмірге баланс аудару, мал-мүлік түрінде жемқорлыққа барған фактілер бар». ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі
2015 жылы Семейдегі әскери мектептің директоры пара ретінде бірнеше банкі бұқтырылған ет алғаны есте. 2014 жылы Атырау облысындағы шенділердің бірі сыйақыға 150 литр жанармайдың талонын алып, жазаға тартылған. Айтпақшы, пандемияның пара көлеміне де әсер еткені сараптамалық орталықтарда айтылып жүр. Былтыр жемқорлар өз қызметі үшін  500 теңгеден жарты миллионға дейін ақша сұраса, биылғы сома одан екі есе аз.
Ольга ШИЯН  «Transparency Kazakhstan» қоғамдық қорының атқарушы директоры: Жемқорлыққа не себеп болды" дегенге респонденттер 30-дан аса себеп көрсеткен. Олардың жартысынан көбі: "Осылай ыңғайлы, мәселені тезірек шешуге болады", - деп жауап берген. 8 пайыздан аса қатысушы "Басқа амал жоқ еді",- деп жауап берген. Осылайша, респонденттер мәселені тезірек шешу үшін "пара беруге дайын" екенін көрсеткен"
Еске салайық, елімізде 2 мың теңгеден жоғары сомадағы сыйақы пара болып есептеледі. Біздің назарға іліккені, былайша айтқанда, майда-шүйде фактілер. Ал түйені түгімен жұтатындар туралы тақырып бөлек. https://youtu.be/kJf8ukxIuTQ

Жүктелуде...