Түркістан облысындағы Мақтарал ауданы, Фирдоуси елді-мекенін су басқан тұста Келес аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері қарияны құтқарған деп хабарлайды NewsRoom+ақпарат агенттігінің тілшісі Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Қария су алған аймақта орналасқан үйінде қалып қойған. Алғашқы көмек көрсеткен полицейлер зардап шегушіні қауіпсіз аймаққа алып шыққан. Қазіргі кезде қарияның жағдайы қалыпты.
Сондай-ақ тәртіп сақшылары ауыл ішінде қалып қойған жылқыларды да қауіпсіз жерге алып шыққан.
— Ауылымыз судың астында қалды. Үйлер құлап жатыр. Барлығымыз тек қажетті құжаттарымызды алып, қауіпсіз жерге шықтық. Қиын кезде көмек беріп жатқан жандардың баршасына рахметімізді айтамыз — дейді Фирдоуси елді-мекенінің биі Тіллә Файзиев.
Төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен аумақта полиция қызметкерлері күшейтілген тәртіппен қызмет атқаруда. Еске сала кетсек, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шүкеев су басқан ауылдардағы барлық тұрғынның үйлері мен мүлкін полиция күзететінін айтқан болатын.