4 мамырдан бастап аумағы 500 ш. м. дейін болатын азық-түліктік емес дүкендер, фотосалондар, гүл сататын дүңгіршектер, шаштараздар, медицина орталықтары, стоматологиялық клиникалар жұмысын бастайды, деп хабарлайды NewsRoom+ақпарат агенттігінің тілшісі ҚазАқпарат сайтын сілтеме жасап.
4 мамырдан бастап барлық өңірлерде жұмысқа кірісетін кәсіпкерлік субъектілерінің қызмет түрлерінің тізімі бекітілді: аумағы 500 ш. м. дейін болатын азық-түліктік емес дүкендер сағат 17:00-ге дейін (барлық түрлері); фотосалондар, гүл сататын дүңгіршектер; шаштараздар (жазылу бойынша); медицина орталықтары (жазылу бойынша); стоматологиялық клиникалар (жазылу бойынша); жылжымайтын мүлікпен операцияларды жүзеге асыратын компаниялар, жарнама агенттіктері, адвокаттар, нотариустар; шағын қаржы ұйымдары, сақтандыру компаниялары, ломбардтар, айырбастау пункттері; ақпараттық-коммуникациялық технологиялар компаниялары.
Сондай-ақ, 4 мамырдан бастап далада спортпен шұғылданып, жаттығу жасауға рұқсат етіледі.
Сонымен қатар, бүгіннен бастап Нұр-Сұлтан мен Алматыдан Қызылордаға, Петропавлға, Өскеменге және Семейге әуе қатынастарын қайта жанданады. 4 мамырдан өңірлерде қатынайтын ұшақтардың ұшу кестесі мына жерде жарияланған.
Еске сала кетейік, бұл шешімдер ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен ҚР Президенті жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның кезекті отырысында қабылданған болатын.