Шетелдегі отандастарын/диаспорасын қолдауға бағытталған Балтық елдерінің тәжірибесі қандай?

Шетелдегі отандастарын/диаспорасын қолдауға бағытталған Балтық елдерінің тәжірибесі қандай?

ашық дереккөзі

 width= Қазіргі кезде шетелдегі этникалық қазақтармен қарым-қатынас орнату, қоныс аударуды мемлекеттік қолдау саясаты Қазақстан үшін айтарлықтай өзекті тақырып, сондықтан бұл мәселені жетілдіруде шетелдік тәжірибеге назар аударған жөн болар еді.  Көптеген алыс-жақынғы елдер өздерінің шетелдегі отандастарын мемлекеттік қолдауды заңнамалық реттеу аясында қалыптастырып қойған және біз үшін бұл үлгі болуы әбден мүмкін.  Шетелдік тәжірибе көптеген елдердің өз халқының санына қарамастан шетелдік диаспорамен тығыз байланыс орнатуға олардың мүдделілігінің бар екенін көрсетеді. Мысалы, бір жағынан, халқы саны көп, бірақ сонымен қатар шетелдік отандастарын қолдаудың белсенді мемлекеттік саясатын жүзеге асыратын Үндістан, Қытай, Мексика, Ресей, Түркия және т.б. мемлекеттер сынды Латвия, Литва және Эстония да шағын мемлекеттер бола отырып осы мәселеге қызығушылық танытады. Өзінің шетелдік отандастарына деген мұндай көзқарас Балтық елдері үшін, әсіресе демографиялық жағдайдың теріс тенденциялары кезеңінде (эмиграция қарқынының төмендемеуі, туудың қысқаруы, халықтың қартаюы) өте өзекті. 2015 жылы жарияланған Еуропалық комиссияның 2060 жылға дейінгі болжамының деректеріне сүйенсек, осы жылға қарай Литва халқы тағы 38,1% - ға, Латвияда - 30,7% - ға, Эстонияда-17,2% - ға қысқаруы мүмкін. Бұл көрсеткіштер Еуропалық Одақтың барлық елдері арасындағы ең төменгі көрсеткіш. Осыған орай, аталған мемлекеттер қандай саясат жүргізуде, анықтап көрсек.  Литва, Латвия, Эстонияның диаспоралық саясатын қарастырар болсақ, олардың түрлі бағдарламалық құжаттарда көрсетілген өзіндік ерекше сипаттары бар.  Атап айтқанда, Балтық елдерінде біз талқылап отырған сұраққа қатысты арнайы нормативтік құқықтық актілер, өзге де стратегиялық құжаттар қабылданған.  Мысалы, Литвада отандастарды отанына қайтару мәселесімен Литвадан шыққан аз ұлттар мен иммигранттар істері жөніндегі департамент, Литвалықтарды отанына қайтару бойынша ақпараттық орталық және  т. б. ұйымдар айналысады. Сонымен қатар, 2000 жылдардың басынан бастап Литва диаспораға және халықтың жаппай көшуі нәтижесінде туындаған проблемаларға қатысты саясатты жүргізу бойынша жүйелік жұмысты іске асыруда. Осыған орай, алғаш рет көші-қонға байланысты сұрақтар көтерілген «Мемлекетті дамытудың ұзақ мерзімді стратегиясы» (2002 ж.), «Демографиялық саясаттың ұлттық стратегиясы» (2004 ж.), «Экономикалық көші-қонды реттеу стратегиясы» (2007 ж.), «Литваның иммиграциялық саясатының негізін қалаушы қағидалары» (2008 ж.), Шетелдік литвалық қауымдармен ынтымақтастық бағдарламасы (2009-2012 жж.), «Жаhандық Литва» бағдарламасы (2011-2019 жж. арналған), Литвалық саяси тұтқындар мен жер аударғандарды қамтамасыз ету бағдарламасы қабылданған болатын.  «Жаhандық Литва» бағдарламасы диаспораны «Литва Республикасының азаматтары және тегі литвалық тұлғалар, сондай-ақ тегі литвалық, өздерін Литвамен тарихи, мәдени, әлеуметтік, экономикалық және саяси тұрғыдан байланыстыратын литвалық емес тұлғалар құрайтын шетелде тұратын литва халқының бөлігі  ретінде» қарастырады. Осылайша, алғаш рет мемлекеттік деңгейде диаспораны литвалықтармен, сондай-ақ өздерін Литвамен байланыстыратын тегі литвалық емес тұлғалармен теңдей тани бастады.  Бағдарламаның мақсаттары: жаһандану жағдайында шетелдік литвалықтар өздерінің ұлттық бірегейлігін сақтап қалуға ұмтылу; шетелдік литвалықтарды Литваның саяси, экономикалық, ғылыми, мәдени және спорттық өміріне қосуға ынталандыру; қазіргі заманғы технологиялардың, оның ішінде ақпараттық технологиялардың мүмкіндіктерін пайдалана отырып, Литва мен шетел литвалықтарын біріктіретін және олардың ақпараттық, әлеуметтік, мәдени және басқа да қажеттіліктеріне жауап беретін коммуникациялық кеңістік құру; Литва диаспорасын әлемде Литва туралы ақпаратты таратуға ынталандыру; және т. б. Литва мемлекеті тәуелсіздік алғаннан кейнгі аз уақыт ішінде көптеген құжаттарды қабылдап, іске асырғаны көрініп тұр, бұның өзі бізге бір үлгі боларлық десек артық айтқанымыз болмас. Халқының саны аз болғандығына қарамастан, Латвияның да өз диаспорасымен байланыстарды қолдау және қоныс аудару бойынша мемлекеттік саясатының тәжірибесі демографиялық ахуалдың теріс трендтері (көшіп кету қарқынының төмендемеуі, туудың қысқаруы, халықтың қартаюы) жағдайында өте өзекті болып табылады. Осыған орай делік, Латвия үкіметі мүмкіндік қарастырып жүрген немесе Латвияға қайта оралуды және онда жұмыс істеуді шешкен, сондай-ақ жеке меншік бизнестің негізін қалауды немесе Латвияда бизнес желісін дамытуды қалайтын Латвияның шетелде тұратын отандастары мен олардың отбасыларын қолдауға бағытталған көші-қон саясатын іске асыруда. Бұған дәлел көптеген мемлекеттік бағдарламалар мен 2018 жылы қабылданған белгілі бір мақсаттарды (диаспораны латвиялық бірегейлік пен Латвияға тиесілі ажырамас бөлігі ретінде нығайту; диаспорада латыш тілі мен мәдениетін сақтап қалуға септігін тигізу; т.б.) көздейтін «Диаспора туралы» Латвия Заңы. Осы Заңның 1-бабына сәйкес «диаспора – Латвия шегінен тыс тұрақты тұратын Латвия азаматтары, латыштар және Латвиямен байланысы бар басқа да тұлғалар, сондай-ақ олардың отбасы мүшелері».  Қазақстандық заңнамамен салыстырар болсақ, этникалық қазақтарды мемлекеттік қолдауға қатысты «диаспора» ұғымының «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» 1997 жылғы 11 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңының 1-бабының) 1-тармақшасында ғана қарастырылғанын атап өткен орынды, ол ұғымдық аппаратты айқындаудан басқа шетелдік қазақ диаспорасын мемлекеттік қолдау мәселелерін реттемейді. Аталған Заң Қазақстан Республикасында тілдердің қолданылуының құқықтық негіздерін қарастыратынын ескерсек, диаспораны қолдау мәселелерін реттеу тіл туралы заң шеңберінде емес жеке нормативтік құқықтық актісінде мәні болып табылу керек деп есептейміз. Сонымен қатар, Латвия заңнамасында диаспора саясаты саласындағы мемлекеттік органдардың – әртүрлі министрліктер мен басқа да мемлекеттік органдардың құзыреттерін анықтау маңызды. Осылайша, Латвия бір заң шеңберінде мемлекеттік органдардың диаспораға қатысты құзыреттерін ғана емес, сонымен қатар реэмиграция, білім беру, мәдениет, экономика, бірегейлік, дәстүрлер, министрліктер мен өзін-өзі басқару бағдарламалары және т.б. салаларда диаспораны қолдау мәселелерінің кең ауқымын бекітті. Диаспораға қатысты эстондық саясат «2014-2020 жж. арналған отандастар бағдарламасы» құжатына сәйкес іске асырылған және Эстония Республикасынан тыс өмір сүретін эстондықтарды қолдауға, олармен ынтымақтастықты дамытуға бағытталған болатын. Диаспоралық саясаттың мәдени бағытының негізі «Эстон тілін дамытудың 2012-2017 жж. арналған бағдарламасы» және «Мәдениет саласындағы 2020 жылға дейінгі негізгі саясаттар» құжаттарында да белгіленген. Көші-қон процестері саласындағы жұмыс үшін құрылтайшысы Эстонияның Мәдениет министрлігі болып табылатын Интеграция қоры құрылған. Қор Эстонияға тұрақты тұруға келетін тұлғаларға және этникалық эстондықтар-қоныс аударушыларға көші-қон мәселелері бойынша кеңес береді.  Кеңес беруден бөлек ол қоныс аударушыларға қажет болған жағдайда қаржылық көмек көрсетеді. Қор тұрақты негізде Эстонияның шегінен тыс тұратын тегі эстондық жасөспірімдер үшін эстон тілі мен мәдениетінің лагерьлерін үйымдастырады. Жалпы, Эстонияда өз диаспорасына қатысты кешенді, орталықтандырылған саясатты жүзеге асыру мәселесі аса өзекті емес, себебі, біріншіден, Эстония халқының азаюы және эмиграция ауқымы Латвия мен Литвадағыдай қауіпті емес, екіншіден, Эстония көші-қон моделінің айырмашылығы эстондықтар баратын елдердің жақындығына байланысты көбінесе уақытша немесе маусымдық сипатқа ие. Яғни, көптеген эстондықтар демалыс күндері, мысалы, көрші Финляндияда жұмыс істейді. Балтық мемлекеттерінде диаспоралардың қазіргі жағдайы көбінесе ғылыми зерттеулердің тақырыбына айналып барады. Мысалы, аталған елдерде келесідей мамандандырылған зерттеу орталықтары жұмыс атқаруда – Латвия университетінің Диаспора және көші-қонды зерттеу орталығы (Рига қ.), Ұлы Витовт университетінің жанындағы Литва эмиграциясы институты (Литва, Каунас қ.), Тарту университетінің Диаспора және көші-қонды зерттеу институты (Эстония, Тарту қ.).  Бір ғана Балтық елдері мысалында жүргізілген талдау көрсеткендей қазіргі кезеңде «шетелдегі отандас», «диаспора» ұғымдары халықаралық қатынастардың маңызды элементтеріне айналғанына біз көз жеткіздік. Осыған орай, аталған мемлекеттердің мысалында Қазақстан үшін де диаспоралық саясатты жетілдіру мәселелерінде келесі жағдайларды ескерген жөн болар еді: - шетелдік отандастардың, оның ішінде Қазақстанға оралғысы келетін отандастардың мүдделеріне, олардың репатриациялау жолындағы проблемаларға қатысты ғылыми зерттеулерді (мемлекет тарапынан қаржыландыруды қоса алғанда) тұрақты негізде жүргізу, олардың ұсыныстары мен тұжырымдары тиісті құжаттарды мемлекеттік деңгейде әзірлеу кезінде пайдаланылатын болса; - Балтық жағалауы елдерінің өз диаспораларына қатысты мемлекеттік саясаты жақында қалыптаса бастағанына қарамастан, бізде де аталған елдердің тәсілдерін пайдалану қажет, яғни бастапқы кезеңде диаспораға қатысты кешенді, орталықтандырылған саясатты жүзеге асыру қажет, ол жүйелі сипатта болуы тиіс, сондай-ақ олардың әрқайсысының шетелдегі отандастарды қолдау мәселелеріндегі құзыретін айқындай отырып, ҚР мемлекеттік органдарын шоғырландыру қажет; - жүйелі мемлекеттік шаралар этникалық қазақтардың тарихи отанына оралуына, сондай-ақ олардың ұлттық бірегейлігін сақтауға, қоғамдық бірлестіктердің қызметіне барынша тартуға, оның ішінде диаспораны еліміздің әлемдік саясаты мен іскерлік байланысына әсер ете отырып, халықаралық қатынастарда шешуші рөл атқара алатын «жұмсақ күш» ресурсы ретінде пайдалануға бағдарлануға тиіс; - қазіргі заманғы ақпараттық технологиялардың мүмкіндіктерін пайдалана отырып, азаматтарымыз бен шетелдік отандастарымызды біріктіретін және олардың ақпараттық, әлеуметтік, мәдени және басқа да қажеттіліктеріне жауап беретін коммуникациялық кеңістік құру; - диаспораны әлемде Қазақстан туралы ақпарат таратуға ынталандыру. Ұсынылған тәжірибені ескеру біздің еліміз үшін бірқатар өзекті мәселелерді шешуге ықпал етуі мүмкін екендігіне кәміл сенеміз.

Гузаль Галиакбарова,

«Отандастар қоры» КЕАҚ сарапшысы

Жүктелуде...