Тағы да сүйінші! Әлихан Бөкейханның тағы бір беймәлім фотосуреті табылды

Тағы да сүйінші! Әлихан Бөкейханның тағы бір беймәлім фотосуреті табылды

ашық дереккөзі

 width= ТАҒЫ ДА СҮЙІНШІ!!! Ардақты ағайын, қазіргі Алаш-Қазақ елінің атасы әрі оның тұңғыш елбасы Ә.Н. Бөкейханның тағы бір беймәлім фотосуреті табылды. Құнды фотоқұжат СПб-дегі Ресейдің саяси тарихы мемлекеттік мұражайынан табылды.  Алты Алаш көшбасшысының Серікбол Хасан тапқан жаңа фотосы туралы ФБ мен Инстаграмдағы кешегі (2021.22.03) жазбамнан кейін, түн ортасында менің Уатсабыма жас тарихшы-ғалым Рамазан Әбілдосұлы (тарихшы, т.ғ.д., профессор Талас Омарбектің шәкірті) хабарласып, ӨТКЕН ЖЫЛЫ Интернет желісінде Госкаталогтан Амангелді Иманұлы туралы тың мәлімет қарастырып жүріп, Ә.Н. Бөкейханның бір суретін кезіктіргенін, оның скан-көшірмесін СПбМУ-да оқитын досы арқылы алдырғанын, бірақ ол суреттің бұрын-соңды жарияланған-жарияланбағанынан, менен сұрап білгенше, бейхабар екенін айтты. Ең қызығы: жас ізденуші маған наурыздың 22-нен 23-іне қараған түнгі сағ. 01.20-да хабарласты. Фотода 1906 жылдың сәуірі-шілдесі аралығында жұмыс істеген І Мемлекеттік Дума құрамындағы Конституциялық-демократиялық халық бостандығы партиясы (қысқаша кадет, халық бостандығы немесе Ка-де партиясы) фракциясының 20 мүшесі бейнеленіпті. Алаш көшбасшысы Ә.Н. Бөкейхан – екінші қатарда оңнан солған қарай екінші тұр. Фото мен Алаш көшбасышының І Мемдума мәжілісіне қатысу үшін СПб-ға барған сәтімен тығыз байланысты екеніне еш күмән жоқ. СПб-ға табан тіреген 1906 жылдың 8 шілдесі күні Ә.Н. Бөкейханның Ресей астанасындағы Булла ательесінде түскен әйгілі фотосы соның бұлтартпас дәлелі. Екі сурет бір күнде болмаса да, бір-екі күннің ішінде түсірілгені айдай анық. Десе де соңғы фотодан бірнеше маңызды сауал туады. Бірінші, кадет фракциясының тобы бұл фотоға Мемдума орналасқан Таврия сарайында түсті ме әлде партияның өз кеңсесінде ме? Онда сауалдың сыры: Ә.Н. Бөкейхан Омбыдан СПб-ға 1906 жылдың 8 шілдесінде келіп жеткен болса, Ресей патшасы ІІ Николай І Мемдуманы тарату туралы жарлыққа сол күні-ақ түн ортасына қарай қол қойған болатын. Дума мүшелері І-шақырымның күштеп таратылғанын 9 шілде күні таңертең ғана Таврия сарайының есіктеріне жапсырылған хабарландырудан ғана оқып білді. Ал Таврия сарайының есігін суық қаруланған, тіпті зеңбірегі бар күзет бөгеп, Дума мүшелерін ішке кіргізбей тұрды. Оған қоса Алаш көшбасшының СПб-ға 8 шілдеде түске дейін не түстен кейін табан тірегені де әлі беймәлім. Егер 8 шілденің таңында жеткен болса, ол Булла фотоательесінде суретке де түсіп, Таврия сарайында партияластарының Думадағы фракциясы мүшелерімен жүздесіп, екінші рет суретке түсіп үлгергені де анық еді. Әйтсе де келесі сұрақ – екінші фото Дума қуылмай тұрып түсірілді ме әлде одан кейін бе? Кейін болса, онда фото кадет партиясының Таврия сарайының іргесінде орналасқан кеңсесінде түсірілген болып шығады. Ал анығынан жұмбағы басым фотоны тапқан жас ізденуші ғалым Рамазан Әбілдосұлы өзінің ғылыми ізденістерін одан да батыл жалғастырмақшы. Тағы бір «мұрағат пен мұражайдың құрты» өсіп келе жатыр деген сөз. Олай болса жас ғалымға тың тарихи фотосы үшін алғысымды айтып, алдағы ғылыми ізденістеріне зор табыс тілеу ғана қалыпты!

Жүктелуде...