Әлемдік тархшылар қауымдастығы «Ұлы Отан соғысы» атауын қабылдаған жоқ. Әлбетте, әмрика, прансуз, ағылшын, т.б. тараптарға бұл мүлде үйлеспейді. Олар қажет болса Ресей тарапы герман-совет соғысын «Совет Одағының Ұлы Отан соғысы» деп атасын деген ұсыныс білдіріп жүр.
Алдында кеңестік, кейін ресейлік насихаттың жетегінде жүріп біз де неміс-кеңес соғысын «Ұлы Отан соғысы» атап келдік. Қазір біз тәуелсіз елміз. Қазақстан ресейліктердің идеологиялық «комбикормын» енді соқыр тауық құсап тере бермеуі керек. Оған бірнеше себеп бар.
«Ұлы Отан соғысындағы» жеңіс тақырыбы бүгінгі таңда Ресей үшін әлемдегі күллі орыстың басын қосатын идеологиялық басты құралға айналып кетті. Фашистік Германияны жеңуге айтулы үлес қосқан, Мәскеуін кеудесімен қорғаған, Рейхстагына жеңіс жалауын тігіп берген қазақтардың еңбегі мүлде далада қалды. Жауға атылған он оқтың тоғызы Шымкент қорғасын зауытынан шыққанын қай орыс айтып жүр? Біз түгілі ортақ жауды жеңуге орасан үлесі бар АҚШ пен Ұлыбритания еске алынбайды. Қысқасын айтқанда Жеңіс «жекешеленіп» кетті!
Сондықтан тарихи тұрғыдан бұл соғысқа қатысты өз ұстанымымызды белгілеуіміз керек. Арада 75 жыл өтсе де келер ұрпақ үшін айқындық аса маңызды.
Біз үшін «Ұлы Отан соғысы» («Отан соғысы») – ақиқатында 1635-1770 жылдардағы жоңғар басқыншылығына қарсы Қазақ-жоңғар соғысы. Фашистік қоңыр империя мен Қызыл империяның соғысы біз үшін «Совет-герман соғысы» болу керек. Әкелеріміз де өздері қатысқан соғысты дәл осылай атайтын.
Егер біз «Ұлы Отан соғысы» деген кальканы пайдалана беретін болсақ Власов сияқты орыс генералдарының сатқындығынан тұтқынға түскен немесе тағдыр тәлейімен түрлі себеппен майдан шебінің арғы бетіне тап болған қандастарымызды «фашист, сатқын» деген кеңестік айыптаудан құтқара алмаймыз. Окоптың қай жағында болғанына қарамастан Екінші жаһан соғысына қатысқан әрбір қазақ бізге қымбат. Олардың тағдыры қымбат, олардың ұрпақ алдындағы абыройы қымбат. 9 мамырда баршасының аруағына арнап құран бағыштаймыз!
Екінші жаһан соғысын бастаған қазақ халқы емес. Ол осы соғыстың құрбандығы ғана. Тағы бір ескеретін жайт, бірқатар қазақтар Батыстағы қарсыласу қозғалыстарының қатарында, «Түркістан» легионында соғысқанда Қазақ елін совет-ресей бодандығынан құтқару үшін соғысты. Оларды алға жетелеген де совет үкіметіне деген жеккөрушілік сезімі болатын. Олар Қазақстанның тәуелсіздігін аңсады.
1948 жылға дейін Украина Көтерілісшілер армиясының (УПА) қатарында Украинаның азаттығы үшін большевиктерге қарсы соғысқан «Коля» деген лақап атқа ие қазақ жігіті Омар Алайот словак жерінде кездескен орыс политругіне: «Коля воевал за отдельную республику из земли УПА. Москаль – бандит, завоевал Казахстан, дал колхоз и Сибирь» деп ашынуы осыған дәлел (Margulan Boranbay парақшасынан).
Сондықтан 75 жылдығы аталып өтілмек жеңіске себеп болған «Ұлы Отан соғысының» атауын өзгертіп «Совет-герман соғысы» атауын орнықтырайық.
Сіздер қалай қарайсыздар
Марат Бәйділдаұлының әлеуметтік желідегі жазбасы
Дереккөз: Abai.kz