Байлықты бағындырған адам

Байлықты бағындырған адам

ашық дереккөзі

 width= Гаджи Зейналабдин Таги-оглы (1823-1924) әзірбайжан ұлтынан шыққан миллионер, мұнайшы кәсіпкер, экономист, атақты меценат, Әзірбайжан мәдени-ағарту тарихында жарқын із қалдырған құрылысшы. Туған жылы туралы екі-үш түрлі нұсқа бар, бірақ зерттеушілер құжаттарға сүйене отырып 1823 жылға тоқтайды. Әкесі Таги қарапайым шаруа, аяқ киім тігуші (башмақшы), анасы Уммиханум үй шаруасындағы әйел екен. Анасы жастай қайтыс болып, інісі Әли екеуі әкесінің тәрбиесінде қалған. Он жасар Зейналабдинді әкесі тас қалаушыға көмекші-шәкірт есебінде берген. Балшық таситын баланың күніне тапқан 6 тиынына әкесі нан мен ірімшік алып отырған.Зерек бала он екі жасында тас жонушы, он бес жасында тас қалаушы шебер мамандығын меңгерген. Жиырмаға толмаған бозбала шағында құрылыс жұмыстарына тапсырыс қабылдайтын беделге ие болған. Бірнеше жылдан соң бұл кәсіпті тастап, жиған қаржысын сауда ісіне салады. Екі дүкеннен бастаған сауда ісі табандылық пен еңбекқорлық арқасында қанат жайды. Дүкендер желісі көбейді. Иранда бірнеше керуен сарайдың иесі болды. Бақталастармен күресіп жүріп бөз шығаратын тоқыма фабрикасын іске қосты. Керосин өндіру шаруасына араласты. 1870 жылдары Кавказда мұнай кәсіпшілігі қарқынды дами бастады. Атақты европалық кәсіпкерлер Ротшильд және Нобель әулеттері Каспий жағалауына орнығып, мұнай өндіре бастаған еді. Мұнай тарихында есімдері айтылатын Зейналабдин Тагиев, Ага Мұса Нагиев, Муруз Мұхтаров, Шемси Абдуллаев т.б. әзірбайжан ұлтының өкілдері табысты шаруадан тыс қалмады. 1873 жылы Тагиев екі серіктесімен бірге Биби-Эйбат өңірін сатып алып, мұнай бұрғылауға кірісті. Бірақ, күткен мұнай көзі табыла қоймады. Төзімі таусылған серіктестері өз үлестерін Тагиевке сатып, басқа аймаққа кетіп қалды. Жұмысшыларға күн сайын еңбекақыларын адал төлеген Тагиев бұрғылауды жалғастыра берді. Бірнеше жылдан соң алғашқы мұнай фонтаны атқылады. «Кедей башмақшының баласы, балшық тасушы Зейнал» миллионер Тагиевке айналды! Мұнай өндіру кәсібін ұлғайта түскен Тагиев қаржысын әртүрлі салаға құйып, пайда әкелетін адал шаруаның бәрімен айналысты. Мұнай және жүк таситын оншақты пароходы болды. Каспий жағалауының 300 шақырымын мемлекеттен жалға алып, балық аулау ісін бір жүйеге келтірді. Тагиевтың мөрі басылмаған бірде бір балық базарға кіре алмады. Балықшылар еңбегін адал бағалап, жалақысын екі есе көтерді. Жабайы сауда тоқтаған соң, балық бағасы 50% өсті. Теміржолда балық тиеген тоңазытқыш вагондар Ресей мен Европаға тоқтаусыз ағыла бастады. Қара уылдырық дайындайтын цех ашылды. Мыңдаған гектар орманды алқапты сатып алып, ағаш өңдеу ісін жолға қойды. 1882 жылы З.Тагиев ресми түрде көпестердің 1 дәрежелі гильдиясына қабылданды. 1893 жылғы мәлімет бойынша З.Тагиев бір жылда 13 млн пұт мұнай өндірген екен. Сол кездегі ең атақты кітаптардың бірі «Брокгауз-Эврон энциклопедиялық сөздігі» мұнайға қатысты бөлімінде химик Д.Менделеевтің З.Тагиев туралы жазған мақаласын берген. Тагиев қанша бай болса да, азулы миллиардерлер Нобель әулетіне бақталас бола алмайтынын түсінді. 1897 жылы мұнай өндіру кәсібін британдық банкир Э.Губбардқа 5 млн алтын ақшаға сатып жіберді. Олардан тек ақша емес, 100 мың фунт стерлинг (шамамен 1 млн рубль) тұратын акция алып, директорлар кеңесіне кірді. 1900-1909 жылдары 44 гектар жерде мыңнан астам адам жұмыс істеген тоқыма және мақта-мата фабрикаларын ашты. Арзан, бірақ өте сапалы бөздің даңқы Иран, Түркия ғана емес, барлық мұсылман елдеріне жайылды. Көтере сатып алушылар әлі шықпаған өнімнің кезегіне тұра бастады. Бақталастары бірнеше рет фабрика мен қоймаларды өртеп жіберді. Бірақ Тагиев оларды тез арада қалпына келтіріп қана қоймай, құлашын жая түсті. 1920 жылы оның бәрін большевиктер тартып алып, «Ленин атындағы Қызыл фабрика» деп атаған екен. З.Тагиевтың әзіл-қалжыңы да өткір болған. «Мен өз өмірімде жасаған барлық ірі келісім-шарттар түгел есімде. Бірақ, Ленинге фабриканы қашан сатқаным мүлде жадымда қалмапты» деген уытты сөзі ел аузында әлі айтылады екен. Қазақта «Қатты жерге қақ тұрады, қайратты ерге бақ тұрады» деген сөз бар. Бақ-дәулет тегін адамға бітпейді. Тынымсыз еңбек пен табандылық арқасында келеді. Тагиев елдің жадында байлығымен қалған жоқ. Зейналабдин Тагиев әзірбайжан ұлтының ғана емес, бүкіл мұсылман әлемінің тарихында атымтай жомарттығы, қайырымдылығы, өз халқы мен мемлекетіне, жалпы адамдарға жасаған жақсылығымен қалды. Ең маңызды мысалдарды санап көрейік: 1883 жылы Баку драма театрын салдырды. Дүмшелер өртеп жіберген соң, 1909 жылы бұрынғыдан да сәулетті, одан да үлкен жаңа театр бой көтерді. Сазгер Гаджибеков Тагиевке арнап салтанатты марш жазды. Меценат театрға келген сайын осы марш ойналып, көрермендер алғыс ретінде орындарынан тұрып шапалақ ұратын болған. Қазір бұл үйде Баку музкомедия театры орналасқан. Баку халқы оны «Тагиев театры» деп атайды. 1892 жылы Ресейде құрғақшылық нәтижесінде жұт болды. Аштыққа қабаттасып тырысқақ індеті тарады. Саудагерлер азық-түлік бағасын көтеріп жіберді. З.Тагиев Бакуден бидай мен жеміс-жиек тиелген бірнеше түйе керуенін жіберіп, ауру адамдарға тегін таратқан. Баку қаласында арнайы төрт қамба салдырып, ішіне арпа, бидай, күріш, ұн толтырған. Жетім-жесірлерге, аштар мен ауру адамдарға тұрақты түрде тегін таратып отырған. Жалпы З.Тагиев қай аймақта кәсіп жасаса, сол жердің бәрінде жетім балалар паналайтын үй, тегін тамақтандыру пункті, бастауыш мектептерді кешен түрінде салдырып, қаржыландырып отырған. 1895 жылы Мардикян жерінде бағбандар мектебін ашып, әрі қарай барлық шығынын көтерді. Баку және көршілес елді мекендерді көгалдандыру, жеміс ағаштары мен гүлдердің түр-түрін өсіруді үйрететін мектептен жүздеген кедей шаруалар оқып шығып, отбасын асырап қана қоймай, атақты бағбандар әулетіне айналды. Қазір бұл үйде №123 орта мектеп оқушыларға білім беруде. 1895 жылы Баку көшелерін жөндеуге 750 мың рубль берді. Диірмендер салдырды. Өрт сөндіру депосын салдырды. Ондаған мектеп, ауруханалар, медпункт пен дәріханалар салдырды. 1895-1901 жылы поляк архитекторы Иозеф Гославский жобасымен 101 бөлмеден тұратын үш қабатты сарай салдырды. Бірінші қабатта өз кабинеттері мен қабылдау бөлмелері, екінші қабатта отбасы, үшінші қабатта үй қызметшілері тұрды. Құрылыстың өзіне 1,2 млн рубль жұмсалған екен. Сарайдың жиһаздары, перделер мен картиналарды Германия, Италия, Америкадан арнайы тапсырыспен алдырған. Қазір бұл сарайда «Әзірбайжан тарихы» музейі орналасқан. З.Тагиев Петербургте «Мұсылмандардың қайырымдылық қоғамын» ашты. Петербургте салынып жатқан мешітке 1000 рубль берді. Орыс қыздары оқитын «Қасиетті Анна» мектебін салдырды. Кавказда, Астраханда мешіттер салдырды. Тегеран медресе құрылысын толық қаржыландырды. 1880-жылдардан бастап орыс тілінде «Каспий» газетін шығарып отырған. Газет З.Тагиевтың өз типографиясында басылған. 1905 жылдан бастап әзірбайжан тілінде күн сайын «Хайат» («Өмір») газетін шығара бастаған. «1905 жылы 6 маусымда бакулық барлық ақсүйектер жиналып, мешітте салтанатты намазда сапқа тұрған. Намаздан соң З.Тагиевке «Ұлтқа адал берілген перзенттік қызметі үшін» алғыс айтты» депті сол кездің газет мақаласында. Күнделікті баспасөзден бөлек З.Тагиев ақын-жазушылардың кітаптарын баспадан шығарып, таралуына көмектесіп отырған. Мысалы, Н.Наримановтың 1200 дана «Нәдір шах» кітабын шығарып берген. 1899 жылы Бакуде ауыз су мәселесін шешу үшін Германиядан инженер шақыртып, 190 км жерден Бакуге су құбырын тартқызды. Барлық шығынын Тагиев төледі. Баку тұрғындары оның игілігін қазір де көріп отыр. 1901 жылы 300 мың рубль жұмсап «Мұсылман қыздарға арналған жабық мектеп-пансионат» салдырды. Мектепте қаланың ең бай кітапханасы болған. Шығыс пен батыстың ең таңдаулы кітаптарын алдырған. Бұл мектепке талантты қыздарды қабылдап, тегін оқытқан. Сабақ аптасына алты күн жүрген. Қыздардың тамағы, киімі, барлық шығынын Тагиев көтерген. Жұрт алаңдамауы үшін өз қыздарын да осы мектепте оқытты. 1913 жылы пансионат «Мұсылман қыздардың мұғалімдік семинариясы» болып үлкейді. 20 ғасыр басында Әзірбайжанның ең білімді мұғалім қыз-келіншектері осы мектептің түлектері екен. «Бір ұлға білім берсең, бір білімді азамат аласың. Бір қызға білім берсең, білімді отбасы аласың» деген З.Тагиевтың қанатты сөзі осы пансионат тарихына тікелей қатысты. 1915 жылы қаладағы қыздар мектебінің санын бесеуге жеткізген. 1918 жылы семинарияны большевиктер жауып тастады. Қазір бұл үйде Әзірбайжан Ғылым Академиясының қолжазбалар институты орналасқан. З.Тагиев өз елінің өсіп-өркендеуіне керек ұлттық кадрларды дайындау ісіне елеулі үлес қосқан тұлға. Ол мұнайшы, дәрігер, заңгер, экономист, теміржолшы, саясаткер, т.б. өте қажетті мамандықтарды оқитын жастарды Петербург, Москва, Қазан ғана емес Европаның таңдаулы университеттеріне жіберіп, стипендия төлеп отырған. Оқу бітірген соң дүние қуып басқа жаққа кетіп қалмауы үшін студенттердің бәрімен келісім-шарт жасасқан. Білімді мамандар елге оралып, халық үшін еңбек етуін қадағалап отырған. Жүздеген білімді жастардың арасынан ұлт тарихында ізі қалған зиялылар, болашақ ғалымдар, жазушылар, министрлер өсіп шығуы заңды құбылыс қой. Мысалы, Нариман Нариманов, Гасанбек Агаев, Азиз Әлиев сынды қайраткерлер З.Тагиевтың көмегімен жоғары білім алғандар. З.Тагиев Баку политехникалық институтының ашылуына да тікелей атсалысып, атақты профессорларды дәріс оқуға шақырған. 1911 жылы Ғұмар Қараш бастаған қазақ зиялылары газет шығару үшін көмек сұрап барғанда 1000 рубль берген екен. З.Тагиев ұлтына, дініне қарамай адамдардың бәріне көмектесіп отырған. 1900 жылы оған «Бакудың құрметті азаматы» атағы берілген. Қаладағы мұсылман, еврей, орыс, армян қайырымдылық қоғамдары оны бірауыздан құрметті төраға деп мойындаған. Николай II жарлығымен З.Тагиевке мемлекеттік статс кеңесші (генерал) атағы берілген. 1901 жылы Бағдаттан ресми рұхсат алып, Мирмухаммед Керимге Құран кітабын әзірбайжан тіліне аударма жасатты. Араб әрпімен әзірбайжан тілінде жазылған кітапты баспаханадан шығарып, мешіт-медреселерде тегін таратты. 1914 жылы ірі саудагерлердің бастамасымен Баку сауда банкі ашылды. З.Тагиев бір ауыздан басқарма төрағасы болып сайланды. Елге пайдалы кәсіппен айналысып жүрген жастардың жобасын қаржыландырып, ақыл-кеңесін беріп отырған. З.Тагиев 1918 жылы билікке келген большевиктерге елдің экономикасын қалпына келтіру жоспарын ұсынған. Олар жоспарды қабылдап, бірақ қанша талпынса да келістіре алмаған. 1920 жылы большевиктер З.Тагиевтың барлық дүние-мүлкін тартып алды. Бірақ, елдің ішіндегі беделі мен сіңірген еңбегін бағалап, өз таңдауымен бір үйін қалдырды. З.Тагиев бала-шағасына «Ең қажетті жеке киімдеріңді ғана алыңдар. Қалғаны халыққа қалсын» деп сабырлы қалпында шығып кетіпті. 1924 жылы 1 қыркүйекте Мардикян елді мекенінде өз үйінде дүниеден өткен. Өзінің өсиеті бойынша діни қайраткер, ғұлама ғалым, ахун Абутурабтың аяқ жағына жерленген. Қабірі үстіне салынған әдемі мавзолейді 1950 жылдары коммунистер қиратып тастаған. 1989 жылы әзірбайжандар қабіріне ескерткіш бюстін қойған. Большевиктік дәстүр бойынша миллионердің отбасы мен ұрпақтарын қудалау, жер аудару, түрмеге қамау болған. З.Тагиевтың екінші әйелі Сона (София) Тагиева 1932 жылы қайыршылық жағдайда аштан өлген. Коммунистер араласқан шаруаның бәрі осылай аяқталады емес пе. Зерттеушілердің есебіне сүйенсек, З.Тагиев жария жасаған қайырымдылық іс-шараларының өзіне алтын ақшамен бір миллионнан астам қаржы жұмсаған екен. Қазіргі жүйемен бұл жүздеген миллион долларға бағаланады. Замандастарының арасында Тагиевты он орап алатын байлар болды. Бірақ дәл Зейналабдин қажы сияқты қайырымдылыққа көп ақша жұмсағандар туралы мәлімет жоқ. Кедейлік пен жетімдіктің зардабын бала кезінен білетін Зейналабдин қажы өз қызметкерлеріне еңбекақыларын адал төлеген. Олардың балаларына барынша жағдай жасап, оқу-білімге, кәсіп үйренуге бағыттап отырған. Миллионер болған соң үйіндегі үлкен сейфтің ішіне тас қалаушы кезінен сақталған кішкентай балтасын іліп қойған екен. Байлығына астамсып кетуден сақтанып, балтаға қарап тұрып тәубесіне түсетін көрінеді. Осы қызметінің бәрі үшін әзірбайжан халқы оны «эль отаси», яғни, әзірбайжан халқының атасы дейді. P.s. Кеше (2 наурыз 2019 жыл) Әзірбайжан елінің президенті Илхам Әлиев мәдениет және өнер қайраткерлерімен кездесті. Артист Бахрам Багирзаде президентке «Атақты З.Тагиевке Баку қаласында ескерткіш орнату туралы» миллиондаған азаматтардың талабын жеткізді. Президент ол идеяны қолдайтынын айта келіп «Менің атам Азиз Әлиев Петербург әскери-медициналық академиясында оқыған. Оқу шығынын толық көтерген З.Тагиев екен. Өмірде көрмеген, танымайтын жігіттің көмек сұраған хатын оқыған да, ақша төлеуге келіскен. Меценат менің атам сияқты мыңдаған жастарға үлкен өмірге жол ашқан. Мұндай ұлы адамдарға ескерткіш орнату керек» деді.

Айшуақ ДӘРМЕНҰЛЫ

Жүктелуде...