Қазақ қыздарының ішіндегі тұңғыш режиссер – Дариға Тінәлина

Қазақ қыздарының ішіндегі тұңғыш режиссер – Дариға Тінәлина

ашық дереккөзі

 width= КСРО кинемотографистер одағының мүшесі және кеңестік шығыстан тұңғыш шыққан қазақ әйел кинорежиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері – Дариға Біләлқызы Тінәлина. Дариға Тінәлина 1921 ж Ақмола облысында дүниеге келген. Әкесі Біләл Тінәлин ақын Сәкен Сейфуллинмен серіктес болған. Отызыншы жылдардың небір зобалаңын көріп өскен Дариға Алматы театр училищесінде білім алады. 1939 жылы Мәскеудегі Бүкілодақтық мемлекетік кинематографистер институтына түсіп, алдымен актерлік, сосын тек еркектердің кәсібі саналып келген режиссерлік факультетте оқиды. Атақты Александр Довженкодан сабақ алады, Вячеслав Тихонов, Сергей Бондарчук, Василий Шукшин, Сұлтан Қожықов, Нонна Мордюковалармен бірге оқиды. 1940 ж «Романтики» деген киноға түсіп, басты рөлдегі чукот қызы Тин-тин рөлін сомдап шығады. Мәскеуде оқып жүріп, 1945 ж “Абай әндері” фильміндегі Еркежан бейнесін сомдаған. Соғыстан кейін Дариға Тінәлина деректі фильмдер түсірген.

«Мосфильмде» небір саңлақтармен 22 жыл қызмет ете жүріп, Қазақстанда «Алыстағы тауда», Қырғызстанда «Салтанат», Түрікменстанда «Ерекше тапсырма”, Ресей мен Украинада «Илья Муромец» атты кино түсірген.

Қазақ тілінің жанашыры о бастан фильмдерді ана тіліне аудару мәселесін қолға алғандардың бірі. 30 жылдан астам уақыт еңбек жолында қоңыр дауысымен мыңнан астам фильмді дубляждаған. 1964 жылдан «Қазақфильмнің» режиссері ретінде әлемдік және кеңестік алтын қордағы ондаған фильмді қазақ тіліне дубляж жасаған. Дауысты дәл берудің үлкен шебері болған деседі. “Соғыс және бейбітшілік», «Багратион», «Атамекен» сынды фильмдерді қазақша сөйлетті. «Қыз бен жігіт», «Ботагөз» фильмдерінің киноленталарын қалыпқа келтірді. Мұның бәрі Дариға апамыздың ерен еңбегінің бір бөлшектері ғана. 2008 ж «Черно-белое кино» атты монографиялық кітапты жарыққа шығарды. Қазақтың тұңғыш биолог-ғалымы Кәрім Мыңбаевқа тұрмысқа шығып, 1946 ж Сарын есімді ұл баланы дүниеге әкелді. Дариға Тінәлина 2011 ж тоқсан жасында қайтыс болады.

Мұхатова, О. (2019). Аққу ғұмыр кешкен аңыз адам. Қазақ тарихы 49 №8(175)

Жүктелуде...