«Билікке 5 күн бұрын хабарласса жетеді» – Митинг туралы заңның негізгі 7 ережесі

«Билікке 5 күн бұрын хабарласса жетеді» – Митинг туралы заңның негізгі 7 ережесі

ашық дереккөзі

Журналистер митинг орнындағы түсірген фото, видеоматериалдарын мемлекеттік органдарға ұсынуға міндетті болмайды, деп хабарлайды NewsRoom+ақпарат агенттігінің тілшісі AzaattyqRuhy.kz сайтына сілтеме жасап.

Бүгін Сенатта «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Президент ескертуінен кейін митингке қатысушылар санын 250 адаммен шектеу туралы пункт алынып тасталды.Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев заң жобасындағы Мәжіліс депутаттары ұсынысын ескере отырып әзірленген негізгі ережелермен таныстырды. БІРІНШІ. Бейбіт жиналыстардың негізгі қағидаттары заңнамалық деңгейде енгізілді. Оған зорлықсыз сипат, заңдылық, мемлекеттік қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп, денсаулық сақтау, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз ету, қатысу еріктілігі, кінәсіздіктің анық-қанығына жету, тараптардың жауапкершілігі кіреді. «Бұл – жиналысты өткізуге шектеуге немесе тыйым салуға негізгі себептер болмаған жағдайда, мұндай жиналыс өткізілуі қажет дегенді білдіреді», - деп түсіндірді бұл ережені Д.Абаев. ЕКІНШІ. Заң жобасында түсінік аппараты енгізілген. Ол бейбіт жиналыс, митинг, пикет, жиналыс, демонстрация, шеру сияқты негізгі ұғымдарды қалыптастыруға және оларды өзара ажыратуға мүмкіндік береді. ҮШІНШІ. Митинг, жиналыс, пикеттерді өткізетіндер әкімдіктерден рұқсат сұрамайды, тек ескертеді. Оған әкімдіктің келісімі керек емес. Бірақ бейбіт жиналыстың мақсаты заңға қайшы деп танылса, жергілікті атқарушы орган қарсылық білдіре алады. Ол үшін митингті өткізбеу себебін түсіндіруі керек. Басқа жағдайда әкімдер ұйымдастырушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жағдай жасауы тиіс. «Ал, шерулер мен демонстрациялар туралы ескерту басқаша болады. Ол ескертуде қатысушылардың қозғалу маршруты, басталатын және аяқталатын жері, ұзақтығы, көлік құралдарын қолдануы туралы ақпарат көрсетілуі тиіс», - деді министр. Сонымен қатар, заңда әкімдіктерге бейбіт жиналыстарды өткізуге альтернативті орын ұсыну міндеттеліп отыр. ТӨРТІНШІ. Бейбіт жиналыс туралы хабарлау, ескерту мерзімі қысқарды. Жиналысты, митингті немесе пикетті өткізу туралы ескерту енді 15 емес, 5 күн бұрын айтылса жеткілікті. Жергілікті билік хабарламаға 10 емес, 3 жұмыс күніне дейін жауап беруі тиіс. Ал демонстрация немесе шеруді келісу туралы өтініш беру мерзімі 15-тен 10 жұмыс күніне дейін, ал оны қарау мерзімі 10-нан 7 жұмыс күніне дейін қысқартылды. БЕСІНШІ. Бейбіт жиналыстар өткізетін арнайы орындарды жергілікті өкілді органдар белгілейді. Мұндай орындарға бірқатар талаптар қойылған. «Мысалы, қала мен ауылдың орталығында болуы, бейбіт жиналыстың мақсатына қол жеткізуге мүмкіндіктер жасалуы, ұйымдастыруға ыңғайлы болуы, ұйымдастырушы мен қатысушылардың инфрақұрылым объектілерін пайдалану мүмкіндігі болуы, санитарлық нормалар мен ережелердің сақталуы, бейбіт жиналысты ұйымдастырушы мен қатысушылардың, басқа да адамдардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілуі тиіс», - деді бұл жайында Дәурен Абаев. Аталған орындар туралы мәліметтер әкімдік сайтында міндетті түрде болуы керек. Дегенмен, пикетті заңда тыйым салынбаған орындардан басқа кез келген жерде өткізе беруге болады. «Тыйым салынған жерлер» тізімі 9-бапта көрсетіледі. АЛТЫНШЫ. Журналистер митинг орнындағы түсірген фото, видеоматериалдарын мемлекеттік органдарға ұсынуға міндетті емес. Оларға бейбіт жиналыстарға қатысқанда басқалардан ерекшелеп тұратын белгілер ұсынылады. ЖЕТІНШІ. Бейбіт жиналысты ұйымдастырушылар хабарлама мен келісім алу өтінішін қарау мерзімі өткен сәттен бастап үгіт-насихат жұмыстарын кедергісіз жүргізуге, Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған символикаларды, иллюстрациялық материалдарды пайдалануға құқылы. Сонымен қатар, Заң жобасында бейбіт жиналыстар өткізуден бас тарту (рұқсат етпеу – авт.) негіздерінің толық тізбесі белгіленеді. «Бас тарту дәлелді және негізді болуы тиіс, яғни бейбіт жиналысты өткізуден бас тартудың нақты себептері көрсетілуі қажет. Азаматтарға да, ұйымдарға да бейбіт жиналыс ұйымдастыру және оған қатысу бостандығына кепілдік берілген... Бұл жерде біз Заңнаманың қазіргі қоғам болмысынан, құқық қолдану тәжірибесінен, дәстүрден, саяси мәдениет пен саяси сана деңгейінен алшақ болмайтынын түсінуіміз керек», - деп толықтырды министр. Енді Сенат мақұлдаған Заң жобасы Президентке жолданды.

Жүктелуде...