Адам адам болғандағы алғашқы қарым-қатынас құралы қандай болды? Дұрыс амандасу. Мысалы, туристердің бір қағидасы – кездескен кез келген адаммен амандасу. Біздің ата-бабаларымызда да солай болған. Өйткені сәлемдесу – ізгі ниеттің ашықтығын көрсету.
Сондықтан да режиссер Ермек Тұрсыновтың Фейсбуктегі «Біз қалай амандасамыз?» деген жазбасы өте өзекті. Себебі қазір амандасу мәдениеті жоғалып бара жатыр. Жұрт амандасуды қойып барады, көршісінің қасынан өте шығады немесе жұмыста бас изей салады. Бұл тек жеке адамның ғана емес, жалпы қоғамның да қабылдау көрсеткіші. Менің жеке пайымымша, амандасу мәдениеті кеңестік кезеңнен бастап ішінара жойыла бастаған.
Біріншіден, дәстүрлі қоғамның бұзылуы, ал бүгінгі қазақ ауылы менталитет тұрғысынан көбіне дәстүрді сақтаушы емес, іс жүзінде кеңестік колхоздың мұрагері. Екіншіден, бір-біріне деген сенімсіздік, бейтаныс адаммен сөйлесе қалсаңыз, ертең ол үстіңнен арыз жазады деген сталиндік психология. Үшіншіден, бұл лагерьлік мұра, яғни «сенбе, қорықпа, сұрама». Осыдан келіп Қазақстанның ақкөңіл, бауырмал халқында (этностық тегіне қарамастан) «сәлемдесу» сынды маңызды қарым-қатынасында түйткілдер бар.
Қазақ қоғамы неғұрлым дәстүрлі болса, оған соғұрлым ашық амандасу да оңай. Мейлінше урбандалған елде шынайы сәлемдесу коэффициенті де төмен болады. Дегенмен тағы да жеке пікірім, АҚШ-та амандасу әншейін міндетті болса, Түркияда әуестік, ал Азияда көбіне дәстүрге құрмет. Көбірек ұнайтыны, адам мәдениетін паш ететін Шығыс Еуропа мен Кореядағы сәлемдесу.
Амандасу әдебі дегеніміз – сенім, ықылас. Адамның ділі. Мәселен, қазақтар «Ассалаумағалейкүм» деп сәлем беруді белсенді қолдана бастағанда олардың әлемді қабылдау түсінігі де өзгерді. Дала ғұрпында дұрыс амандасу көргенділік пен адамды танудың басты өлшемдерінің бірі болды.
Қазір «Армысың!» немесе «Армысыз!» деп амандасуды жиі қолданады. Мұны аса бір дұрыс деп есептемеймін. Дұрысы – «Арма!» Түбірі «арыма» дегеннен шыққан, яғни ар-намыс пен ожданыңды, қадір-қасиетіңді жоғалтпа дегенге саяды. Бұл көшпенді жауынгер үшін ауызекі кодексі сынды дүние, оны әйгілі Бушидомен салыстыруға болар. Жалпы алғанда, ар-намысты айқындау амандасу әдебіне кірді, демек халық менталитетінің бір бөлшегіне айналды.
«Армысың!» емес, дәл осы – «Арма!». Мұны қазақ эпостары да айшықтай түседі. Бірнеше мысал келтірейін.
Қобыланды батыр алға озып кеткен қолды қуып жетіп, жаурыншыдан: «Арма! Алдыңда кісі бар ма?» деп сұрайды.
Немесе Бекежан Төлегенді өлтірген соң Қыз-Жібекті айттыру ниетімен келеді, бірақ сөзді амандасудан бастайды.
«Айтайын айт дегенде, арма, Жібек, Түйедей ботасы өлген зарла, Жібек».
Кезінде қазақ поэзиясының ақсақалы Қуандық Шаңғытбаев амандасудың көне түрі «арма» сөзінің мағынасын жақсылап ашып берді. Кімге қызық болса, интернеттен тауып оқуына болады. Ал «Армысың!» сөзі мүлде мағынасы жоқ сәлемдесудің жаңа түрі ғана. Мүмкін, түпкі мағынасын түсінбей, әуелгі қасиетті негізін жоғалтуымыз себепті амандасу мәдениетіміз тоқырауға ұшырап жатқан болар?
Мен құрметті режиссеріміз Ермек Тұрсыновтың амандасу қасиетті мәнге ие болуы тиіс дегенімен келісемін. Е.Тұрсынов «Сәлем сөздің – анасы» екенін жақсы еске салды. Бұл Бұқар жырауда «Сәлем – сөздің анасы, Әлік алған данасы» деп жалғасады. Мағыналық жағынан түсіндірер болсақ, сенімен амандасқан жанға даналығыңды көрсету үшін жауап қатуың керек. Яғни амандасуға жауап бере отырып, даналығымызды көрсетеміз. Мұсылманның санасындағы «Саған бейбітшілік болсын» деген осы қасиетті амандасуды қазақтар әлдеқашан өзіне бейімдеп алған. Мысалы, «ассалаумағалейкүмнен» бөлек, қысқа ғана «сәлем» және «уағалейкүмассалам» деген жауаппен бірге ықшамды «әлік» сөзі бар. Бұқар жырау 15-16 ғасыр межесінде осылай деп жырлады және әлі күнге қолданылып келеді.
Амандасу – киелі ғұрыпты орындау. Қателікке жол берілмейді. Мысалы, Жаяу Мұса өзінің «жаяу» деген атын өз қателігінің кесірінен тапқан. Болыстың ауылының маңынан өтіп бара жатып амандасуға асықпайды. Ашуланған болыс ақынды қуып жетіп, атын тартып алуды бұйырады. Ал құжаттарда оның есімін «Жаяу» деп жазғызады. Бар өмірін аттың жалында өткізетін қазақ үшін бұл абыройсыз есім еді. Әлбетте, болыс Мұсадан ескі кегін қайтарды, дегенмен де өтіп бара жатып амандаспау өрескел әдепсіздік болатын.
Ермек Тұрсынов дұрыс сауал қойып отыр: бүгінде біз балаларды амандасуға үйреттік пе? Қалай үйретіп жүрміз? Дәстүрді сақтадық па?
Біз қоғамдық сананы жаңғыртып жатырмыз емес пе? Жапонның, корейдің, түріктің үлгісімен дәстүр мен жаңаның озығын неге үйлестірмеске?
Біз өзі қалай амандасып жүрміз? Кезіккеннің бәріне қолымызды ұсынамыз. Қазақтарда осылай болған ба? Ұлы даланың түкпір-түкпірінде кездесетін балбал тастарға назар аударыңыз. Басым көпшілігі оң қолын кеуде тұсына қойып, амандасып тұрғандай.
Ермек Тұрсынов қазақтардың амандасу салтынан алуан түрлі мысал келтіреді. Өнегелі жұрт болуға тырысқан бабаларымыз бізге осындай бай мұра қалдырды. Ұлы далада ештеңені жасыру мүмкін емес, бәрі көз алдыңда. Үй-жайға кіріп келіп дауыстап амандаспаудан асқан ұят қылық жоқ. «Ассалаумағалейкүм», әлде «Қайырлы күн» дейсіз бе, маңызды емес, ең бастысы – амандасу.
Амандасу – киелі амал ретінде біздің ар-ожданымыздың бір бөлігі. «Ар» – адамның ар-намысы мен қадір-қасиеті, ұлттың адамгершілік ұждан саулығының (moral health) негізгі ұстыны.
Қиналмай, мәжбүрліксіз, шынайы амандасу – саламатты қоғам қалыптастырудың маңызды құралы. Мен бұл туралы «Ар тұжырымы». Президенттің «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласынан кейінгі ойлар» деген мақаламда жаздым. Бұл туралы Дархан Қыдырәлінің «Ар ілімі һәм арылу» атты мақаласында да өте қызықты ойлар айтылды.
Сөз соңында Ермек Кәрімжанұлының үндеуін қолдағым келеді: «Амандасуды үйренейік. Жай әншейін. Көңіл күй үшін болса да. Қолдау үшін. Сергіту үшін. Бастапқыда күлкілі, рабайсыз, тіпті біртүрлі көрінер. Бірақ біртіндеп үйренісіп кетерімізге сенімдімін. Бір-бірімізге мейірім мен тыныштық тілеуді үйренеміз».
Бұл қоғамның ішкі саулығын қамтамасыз етуге бағытталған елеулі қадамдардың бірі болады.
Сондықтан бәріңізге бейбітшілік болсын. Арма!
Асқар УМАРОВ,
«ҚазАқпарат» ХАА» АҚ басқарма төрағасы
Дереккөз: https://egemen.kz/article/232061-assalaumaghaleykum-arma!