Ертедегі Сайрамдықтар жауынгер халық болғанын білесіз бе?

Ертедегі Сайрамдықтар жауынгер халық болғанын білесіз бе?

ашық дереккөзі

 width= Испиджабқа жақын,екі көш жерде Арыс бойы мен оның оң жақ сағасы Боролдайда ең бай шұрат орналасқан. Көлемі 10-15 шаршы км-ден аспайтын осы кішігірім аймақта жиырмадан астам қалалардың, елді мекендердің, үй қожалықтары мен сарайлардың орындары болған. Ортағасырларда Кеңжиде аймағы (сол уақытта Арыс даласы осылай аталған ) тұрғын халықтарының тығыздығы жағынан атақты Отырар шұратынан кем түспейтін. Кеңжиденің орталығы Усбаникет қаласы болған. Ол Жуантөбе қаласының қирандыларына сай келеді. Арыс өзенімен Испиджаб иелігінің солтүстік шекарасы өткен болу керек. Арыстың сол жақ биік жағасымен шамалап алғанда әр 8-12 шақырым сайын қарауыл қорғандары тізіліп тұрған. Қазірдің өзінде жаңбыр шайып, мүжіліп құлап, шөп басып кеткен олардың биіктігі 20-25 м-дей. Халық аузында Қарауылтөбе деп аталатын осынау төбелер жайлы көптеген аңыз-әңгімелер бар. Қарауылтөбелер расымен-ақ атауларына сай бақылау және белгі беретін орындар болған. Олардың үстінен қарағанда айнала ондаған шақырымға дейін көрініп тұрған. Қырағы қарауылдар қауіпті,мысалы, солтүстік жақтан байқап қалса, сол мезетте-ақ Арыс жағалауындағы қалаларға түнде алаулаған от, күндіз будақтаған түтін арқылы қатер туды деген белгі беретін. Белгі жетісімен ағаштары мыспен бекітілген зілдей қала қақпалары сықырлап жабылатын. Мұндай оқыс шабуылға бойлары үйреніп қалған тұрғындар қала қабырғасына шығып, әркім өз орнына тұра қалысатын. Ал Испиджабқа сәйгүліктерге мінген жаушылар аттанатын. Жазба деректерде испиджабтықтарды жауынгер халық деп бекер жазбаған.

Жүктелуде...