
Үлкендер не дейді екен? Қызды ақ кілемге салып, ұзату қазақта бар салт па?
«Батысты білмедім кіші жүзде, оның ішінде адайларда ертеректе қызды киізге салу деген болған. Бұдан 40 жыл бұрын болған оқиғаны мысал ретінде айтайын. Бір туысымызды ұзаттық. Сол кезде үлкен кілемге қыз бен оның құрдастарын отырғызды. Сосын қыздың апасы сыңсу айтты. Бір жағында жезделер мен жиендер, ал екінші жағында құдалар жақтың адамдары тұрды. Олар кілемді екі жаққа тартып, өзара жарысты. Соны кім жеңеді дегенге таласты. Жеңілгендер жоралғы бойынша айыппұл төлейді немесе жеңген жақтың тілегін орындайды. Содан соң апасы қызды кілемнен түсіріп, сыңсып, қызды құдалар жаққа табыстады. Бірақ қызды ақ киізге салып, ағалары көтергенді көрген емеспін», - дейді Ақтау қаласының тұрғыны.Батыстың тұрғындарының пікірі екіге бөлінсе де, бір-бірін толықтырып тұрғандай.
«Қазақта түрлі дәстүрлер бар. Жалпы өзім тарихшы болсам да, дәл мұндай дәстүрді кездестірмеппін. Мүмкін «әр елдің салты басқа» дегенге сүйенуіміз керек шығар. Дегенмен де ақ киізге кезінде хандарды отырғызған. Өзім қыз бала ақ киізге отыруға лайық деп есептеймін. Қыз деген қонақ. Келген қонағымызға төрден орын беретін қазақпыз. Қызға құрмет ретінде ақ киізге отырғызу деген салт болған шығар. Мұны қазағымыз қазіргі күнде жаңғыртып жатқан болар. Ал бір жағынан әртүрлі салтқа бет бұрып, қолдана берсек, қазақтың төл салттарының жоғалып кетпесіне кім кепіл?! Ақ киізге отырғызып, шығарып салу дегенді, білмеймін, құптағым келіп отырған жоқ. Қызды қаншалықты құрметтесем де, дәл осы салтқа бет бұруды қалап тұрған жоқпын. Бұл салт қазақта болмаған. Ортадан қосылған көшпелі халықтың салттарының бірі секілді», дейді Атырау қаласының тұрғыны.
Ақмарал БЕРЕКЕТ