Білімнің салтанаты және ұлттың жаңа болмысы

Білімнің салтанаты және ұлттың жаңа болмысы

ашық дереккөзі

 width= Қазақстан Республикасының Президенті Қ. Тоқаевтың 2020 жылы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру, халықтың ұлт ретіндегі сапасын арттыру мәселесіне ерекше мән берілді. Президент ұлттың жаңа болмысы мен сапасын айқындайтын басты қағидаттарды ұсынды: «Біріншіден, ХХІ ғасырдың ұрпағы терең білімді болғаны жөн. Екіншіден, жас буынды ерінбей еңбек етуге бейімдеу қажет. Үшіншіден, кез келген істі кәсіби дағды арқылы жүзеге асырған дұрыс. Төртіншіден, темірдей тәртіп және жоғары жауапкершілік баршамыздың бойымызда болуы керек. Бесіншіден, әділдіктен айнымаған жөн. Әділдік – қоғам дамуының маңызды шарты. Әділеттілік – әсіресе ел-жұрттың тағдырын шешу үшін аса қажет қасиет. Алтыншыдан, бізге керегі – адалдық, ұқып­тылық, тиянақтылық». Ұсынылған қағидаттар бәсекеге қабілетті мем­­ле­­кет пен зияткер ұлт қалыптастырудың алғышарты болатынына һәм мұндай биік мұраттарға жетелейтін еңбек деген ұлы ұғымды әр азаматтың санасына сіңірудің қажеттілігіне назар аудартты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында: «...құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» деген ойды жетекші тұжырым ретінде ұсынғаны белгілі. Соған сәйкес, Президент Қ.К. Тоқаев жолдауда ұлттың жаңа болмысы мен сапасын айқындайтын ең басты қағидат ретінде терең білім тұжырымын ұсынып отыр. Білім – шексіз қазына екендігі хақ. Халық даналығымен түйсінсек «Білім – гауһар, бағасы жоқ, надандық – кесел, дауасы жоқ». Білімнің салтанаты біздің қоғамда басым бағыт болып келді, болып отыр һәм бола бермек. Бұрын «Оқусыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ» деген нақыл сөздер арқылы білімсіз өмір сүрудің қиын болатынын бала жастан мектепте санамызға сіңірсе, қазіргі заманның жаһандық талаптарына сәйкес «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім жи» деген даналық ойдың негізінде білімнің құндылығы насихатталады. Әл-Фараби тұжырымына жүгінсек «Білімді болу деген – жаңалық ашуға қабілетті болу». Жүсіп Баласағұн: «Білімді биік, ақылды ұлық деп есепте» деген болса, Шоқан Уалиханов: «Халық кемеліне келіп, өркендеуі үшін ең алдымен азаттық пен білім керек» деді. Абайға зер салсақ «Білім таппай мақтанба, өнер таппай баптанба» деген өсиетімен бірге, Ғақлиясының он сегізінші қара сөзінде: «...Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрселерменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық» деген ойы баршаға мәлім. Бұл өткен дәуірдегі ғұлама-ойшылдардың білімнің салтанаты туралы ой-тұжырымдары. Олардың даналық ойлары өз дәуірінде де, қазір де, алдағы уақытта өзектілігі мен құндылығын жоғалтпақ емес. Дегенмен, неміс ақыны Г. Гейне айтқандай «Әр дәуірдің өз міндеттері бар». Мәселен, аграрлық қоғам жағдайында білім беру жүйесі сол қоғам сұраныстарына сәйкес дамыса, индустриалды қоғам талаптары жаңа сапалық өзгерістер енгізуге мәжбүр етті. Қазіргі біз өмір сүріп отырған «ақпараттық қоғам» ерекшеліктері мүлде жаңа талаптарға бейімделуді қажет етеді. Сондықтан қазіргі жаһандық, соның ішінде біздің еліміздің де білім беру жүйесі өтпелі кезең, яғни индустриалды қоғамнан ақпараттық/сандық қоғамға өту жағдайында дамып отыр. Бұл жердегі дәстүрлі жүйе мен жаңашылдықтың арасындағы қайшылықтардың орын алуы заңды құбылыс. 1990 жылдары көрініс берген құндылықтар қайшылығы жағдайында  қоғамымыз бен білім жүйесінде орын алған «дипломдар салтанатының» дәурені өтті. Өмірдің талабы мен мемлекетте жүргізілген түбегейлі реформалардың нәтижесінде диплом емес, терең білім азаматтардың қоғамдағы статусын айқындайтын өлшемге айналды. Сондықтан, қазіргі заман мен ашық қоғам талабы – қай салада болсын еңбек ететін маманның білімі мен біліктілігін жүйелі түрде жетілдіруге мәжбүр етеді. Бұл «өмір бойы білім алу» қағидатын санамызға берік сіңіре бастады. Қазіргі кезеңде білімге деген қажеттіліктің еселеніп отыруын экономика салаларына ғана емес, күнделікті өмірімізге қарқынды еніп келе жатқан сандық технологиялар мен инновациялық шешімдер мен жетістіктер  айқындайды. Білім-ғылымнан «басқа нәрселермен оздым» деген ұстаным мен ойдың  бәрі жалған екенін, әсіресе, бүгінгі сандық қоғамның талаптары айқын көрсетіп отыр. Төртінші индустриялық революция жағдайында өмір сүріп отырған қоғам үшін білім салтанатының орны мен рөлі қандай? Қоғам үшін «білім салтанатының» шешуші даму факторы ретінде қарастырудың басты шарттары: біріншіден, терең білім мен жаңа білім генерациясы болмай ғылым тумайды; екіншіден, ғылым дамымай инновацияға серпін беру мүмкін емес; үшіншіден, инновациялық әлеуетсіз сандық экономикаға көшу қиын болмақ. Себебі төртінші индустриялық революцияның іргелі негізі – сандық технология. Сандық технологиялық революция жағдайындағы адамзат қоғамының бүгіні мен болашағы туралы Юваль Ной Харари өз ойларымен бөлісе келе, деректердің үлкен алгоритмдерін игеру арқылы адамзат «сандық диктатура» жағдайында тіршілік ететін болады деп есептейді. Оның пайымдауынша, адамзатты жақын болашақта күтіп тұрған қатерлер мен дағдарыстар, ең алдымен, сандық революциямен тығыз байланысты қалыптаспақ. Сондықтан ол сандық технологиялық революция әрқайсымыздан жаңаша ойлауды, жаңа жағдайларға бейімділікті талап етеді деп атап көрсетеді. Ю.Н. Харари жасанды интеллект пен машиналық оқытудың дамуымен 2050 жылға қарай еңбек нарығы мен жұмыспен қамтудың заманауи сипаты түбегейлі өзгереді деп санайды. (Харари Юваль Ной 21 урок для XXI века.- М.: Издательство «Синдбад», 2019.- 440 с.) Адамзаттың «сандық» болашағына қатысты Давос Бүкіләлемдік экономикалық форумның негізін қалаушы әрі президенті Клаус Шваб өзінің «Төртінші индустриалық революция» еңбегінде сандық революция адамзаттың өмір сүру қалпына, кәсібіне һәм өзара қарым-қатынасына түбегейлі өзгерістер енгізеді деп тұжырымдай келе, төртінші өнеркәсіптік революцияның ауқымы, көлемі мен күрделілігі жағынан адамзат тәжірибесіндегі бұрын-соңды болмаған теңдесі жоқ құбылыс екенін атап көрсетеді. Дегенмен, бұл түбегейлі өзгерістерді К. Шваб сын-қатер мен қиындықтар ретінде емес, адамзат қоғамының дамуына берілген  мүмкіндіктер есебінде қарастырады. Төртінші индустриялық революция процесі адамның таным қызметінің өзгеруі арқылы дамитыны туралы К. Шваб: «... төртінші индустиялық революцияның ең табысты тұтынушылары, интеллектуалдық немесе физикалық капиталды жеткізушілер – өнертапқыштар, инвесторлар, акционерлер болады. ... цифрлық технологияға сүйенген ұйымдар өнім мен қызметтің алуан түрін қамтитын сатушылар мен тұтынушыларды бір желіге біріктіреді де, бәрін бір уысқа сыйғызудың арқасында табыстарын одан сайын еселей түседі» деп, атап көрсетеді (Шваб Клаус Төртінші индустриялық революция.- Алматы: Ұлттық аударма бюросы, 2018.- 200 б. (20 б.)) Ол жаһандық қауымдастықты сандық технологиялар саласындағы жетістіктерді адамзат әлемі мен қоршаған ортаны жақсартуға бағыттаудың маңыздылығына назар аудартады. Оның адамзат келешегіне қатысты көзқарасындағы басты мәселе қоғам мен технологияның өзара тығыз байланысы жағдайында адам өмірінің мәні қандай болмақ? деген сауалға сайып келеді. Сандық экономика дендеп енгеннен кейін шаруашылықтың бірқатар дәстүрлі салаларында түбегейлі өзгерістер болып, кейбір мамандықтар мүлде жойылады деген сарапшылар тарапынан батыл болжамдар жасалып келеді. Дүниежүзілік банктың болжамдарына сүйенсек, қазіргі мамандықтардың 57 % қажеттілігі болмай қалуы мүмкін. Өндіріске адамдардың орнына роботтар келеді. «Халықаралық роботтехника федерациясының мәліметтеріне сәйкес, қазіргі таңда әлемде 1,1 млн робот жұмыс істейді. Автомобиль өндірісіндегі жұмыстың 80 %-ын роботтар атқарады». (Шваб К. аталған еңбек 157-бет) Алайда, кейбір кәсіптер мен мамандықтар жойылғанымен не өзгергенімен, инновациялық-цифрлық экономикада мүлде жаңа салалар, жаңа мамандықтар мен жаңа кәсіби дағдылардың  пайда болуы әбден мүмкін. Мұндай сапалық өзгерістер өндіріс салаларына ғана емес, адамдар арасындағы өзара қарым-қатынаста, қоғамдық салаларда да орын алады. Осы жағдайда білімге деген сұраныс, жаңа білім генерациясына деген қажеттілік арта түседі. Ол тек жастар үшін ғана емес, бүкіл еңбекке қабілетті адамдар үшін өзекті. Бұл «өмір бойы білім ал» немесе үздіксіз білім (life long learning) қағидатының өміршеңдігін көрсетсе керек. Американдық философ, футуролог Элвин Тоффлердің: «ХХІ ғасырда сауатсыз адам деп оқып, жаза алмайтындарды емес, оқығысы келмейтін, оқып пысықтауға әрі қайта оқуға талпынысы жоқ адамдарды айтатын боламыз» деген ойы шындыққа айналып келеді. Білім беру жүйесін жетілдіру, білім сапасын жақсартуға ерекше мән беру, әлбетте, заңды талаптар. Дегенмен білімнің іргелі құндылығы – толыққанды әрі жан-жақты тұлғаны тәрбиелеу екенін ұмытпаған жөн. Өйткені, адамзаттың ғасырлар бойғы жинақталған педагогикалық тәжірибесі білім мен тәрбиенің өзара ажырамас бірлігі қағидатының мызғымастығын көрсетіп отыр. Жолдауда Президент елімізде «Жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауапты адам» жүйесі берік орнығуы керектігін атап көрсетті. Жалпы, адамдар жауапты адам немесе патриот болып тумайды. Жауапкершілік қасиет отбасы мен оқу орындарында, қоғамдық ортада үздіксіз, жүйелі әрі кешенді жүргізілетін рухани-патриоттық тәрбие процесінің нәтижесі, жемісі. Сол себепті бұл елдің азаматы болу паспорт жүзінде ғана емес, ұлттың жаңа болмысы қалыптасуы үшін әрбір азамат рухымен Ел мен Жердің өткені, бүгінгісі мен келешегіне деген жауапкершілікті терең сезінуі тиіс. Сондықтанда білім жүйесінің ажырамас бөлігі ретіндегі тәрбие процесінің маңызын күшейту мәселесі өзектілігін ешқашан жоғалтпақ емес. Осы тұрғыда, әл-Фарабидің «тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деген белгілі тұжырымының өміршеңдік мәні тереңдей бермек. Түйіндей атқанда, әрбір адамның заманауи білімі мен дағдылары, рухани діңгегі баға жетпес капитал. Соған сәйкес, білімнің салтанаты негізінде ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру үшін, біріншіден, мұғалімдер мен ғалымдардың әлеуметтік мәртебесі жоғары болуы шарт; екіншіден, әрбір азаматтың табысты болуының қарапайым формуласы – өмір бойы білім алу мен кәсіби дағдыларын үздіксіз жетілдіру қағидаты санамызға берік орнығуы тиіс.

Жүктелуде...