Оқушылардың білім сапасын арттыру – маңызды міндеттердің бірі

Оқушылардың білім сапасын арттыру – маңызды міндеттердің бірі

ашық дереккөзі

 width= 2020 жыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Волонтер жылы» деп жарияланған болатын. «Волонтер жылының» аясында салалық волонтерлікті дамыту үшін 7 жалпыұлттық жобаны іске асыру жоспарланған. Осы мақсатта ұйымдастырылған 7 бағыттан тұратын «Біргеміз» жобасының бір бағыты – «Birgemiz: Bilim» жалпыұлттық жобасы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» Коммерциялық емес акционерлік қоғамының мемлекеттік гранты аясында еліміздің 14 облысында  жүзеге асырылуда. Newsroom+ақпарат агенттігінің тілшісі «Біргеміз: Білім» жобасының Түркістан облысындағы координаторы Олжас Амандықовпен сұқбаттасқан болатын. - Олжас, биылғы жыл Мемлекет басшысының бастамасымен ауқымды жоба қолға алынған болатын. Жоба туралы сайт оқырмандарына таныстыра отырсаңыз. - Иә, 2020 жыл  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен «Волонтер жылы» деп аталды. Волонтер жылының аясында «Біргеміз» жалпыұлттық жобасы қолға алынды. Жоба ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» Коммерциялық емес акционерлік қоғамының мемлекеттік гранты аясында жүзеге асырылып жатыр. Жоба 7 бағыттан тұрады. Олар денсаулық саласын нығайтуға арналған «Біргеміз: Саулық», қоршаған ортаны қорғауға арналған «Біргеміз: Таза әлем», әлеуметтік қорғауға арналған  «Біргеміз: Қамқор», жоғалған адамдарды іздеу, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын жою бойынша «Біргеміз: Үміт», балалар үйіндегі балаларға және халықты әлеуметтік қолдауға бағытталған «Біргеміз: Сабақтастық», тарихи-мәдени мұра нысандарын сақтауға арналған «Біргеміз: Асыл мұра» және ауыл мектептерінде оқитын оқушылардың білім сапасын арттыруға арналған «Біргеміз: Білім» жобасы. Бұл жобалардың ерекшелігі – барлық іске волонтерлерді жұмылдыру. Аталған жобалардың барлығы еліміздің 14 облысы мен 3 қаласы, яғни Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында жүзеге асып жатыр. - Бәрекелді! Осы жоба арқылы елімізде салалық волонтерліктің дамығанын көретін болдық. Өзіңіз қай бағыт бойынша жұмыс жүргізіп жатырсыз? Жобаның мақсат, міндеттері қандай? - Рақмет! Мен қызмет ететін мекеме – «А.Байтұрсынұлы Білім академиясы» мекемесі Ақтөбе, Маңғыстау, Түркістан облыстарында жобаның «Біргеміз: Білім» бағытын жүзеге асырып жатыр. Мен – Түркістан облысы бойынша жоба координаторымын. Жоба мақсаты – ауыл мектептерінде оқитын оқушылардың білім сапасын арттыру. Осы мақсатқа жету үшін мынандай міндеттер алға қойылды: мектеп оқушыларын ҰБТ-ға дайындау, ағылшын тілін үйрету, пәндік олимпиада мен ғылыми жоба конкурстарына дайындау, оқушылардың компьютерлік және құқықтық сауаттылық бойынша білімдерін арттыру. - Жоба міндеттерін қалай жүзеге асырып жатырсыздар? - «А. Байұрсынұлы Білім академиясы» мекемесі мен Түркістан облысы Адами әлеуетті дамыту басқарамасы арасында ынтымақтастық меморандумы орнатылған. Сондай-ақ облыстағы оқушылардың жоғарыда аталған бағыттар бойынша қызығушылықтары мен қажеттіліктерін анықтау мақсатында оқушыларға арналған онлайн сауалнама жүргізілді.  Сауалнамаға Түркістан облысына қарасты барлық аудандардың оқушылары қатысты. Сауалнаманы 53 мыңнан астам оқушы толтырып, нәтижесінде әр аудан бойынша сұранысқа ие бағыттар бойынша курстар таңдалып алынды. Аудандық Білім бөлімдерінің мамандарының көмегімен курсқа қатысқысы келетін оқушылардың тізімін жасақтадық. Қараша айына дейін 4 курс, 1 семинар ұйымдастырылды. - Жоғарыда сөзіңізде айтып өттіңіз, жобаның негізгі ерекшелігі – волонтерлерді жұмылдыру деп. Волонтерлерді қалай табасыздар? Іріктеу жүргізіле ме? - Волонтерлерді табу, іздестіру – ең маңызды мәселелердің бірі. Волонтерлерді іріктеу жұмыстарымен Эксперттік кеңес айналысады. Эксперттік кеңес құрамында білім бөлімінінің мамандары мен мектеп директорлары, Жастар ресурстық орталығының басшысы бар. Эксперттік кеңес шешімімен волонтерлерді іріктеуге арналған ереже бекітілген. Өтінім білдірген волонтерлерге арналған конкурс ұйымдастырылады. Нәтижесінде үздік деп танылған волонтерлерді жобамызға тартамыз. - Осы уақытқа дейін неше волонтермен жұмыс жүргіздіңіздер? - Жоба жұмысы аясында 100 волонтерді жұмылдыру арқылы 1000 оқушыға волонтерлік көмек көрсету керек. Нақты айтатын болсам, біздің жоба бойынша ҰБТ-ға дайындық курсына 25 волонтер, ағылшын тілін үйрету курсына 15 волонтер, құқықтық сауаттылық семинарына 20 волонтер, пәндік олимпиада мен ғылыми жоба конкурстарына дайындық курсына 20 волонтер және компьютерлік сауаттылық курсына 20 волонтер тартылды. Әр бағыт бойынша волонтерлер арнайы дайындықтан өтті. - Карантин жағдайында оқушылармен жұмыс жүргізу қиын болған жоқ па? - Елімізде орын алған карантин жағдайы жоба жұмысына әсер етті. Жоспарланған жұмыстардың барлығы дерлік онлайн режимге ауысты. Осы жағдайда біз оқушыларға тиімді әрі қолжетімді болсын деп бағыттар бойынша видеосабақтар түсірдік. Мәселен, ҰБТ-ға дайындық курсы кезінде оқушыларға міндетті пәндер (оқу сауаттылығы, математикалық сауаттылық, Қазақстан тарихы) және бейіндік пәндер (қазақ тілі, қазақ әдебиеті, дүниежүзі тарихы, математика, физика, география, ағылшын тілі, химия, биология, АҚҚ) бойынша видеосабақтар түсірілді. Түсірілген сабақтардың барлығы Академияның YouTube-тағы каналына жүктедік. Оқушылар кез келген уақытта жаңа сабақпен таныса алатын болды. Және бұдан бөлек оқушылармен волонтерлер Zoom, Skype, Google Classroom қосымшаларында байланысқа шықты. Тағы бір айта кететін жайт – онлайн жағдайда оқушылардың қызығушылықтарын арттыру. Осыған орай оқушыларға арналған 10 онлайн кездесу ұйымдастырдық. Мәселен, ҰБТ-ға дайындық кезінде ҚР БжҒМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұловпен,  2018, 2019 жылдары ҰБТ-дан 140 балл жинаған талапкерлер Шиара Құдайбергенова мен Қасымжан Жұбаймен, BTS Education компаниясының директоры Саясат Нұрбекпен онлайн кездесу ұйымдастырылса, ағылшын тілі курсы кезінде  Onlineenglish.kz онлайн мектебінің негізін қалаушы Айбек Шегебаев және Манчестер университетінің магистранты Мақсат Дүйсембаевпен, «NURORDA» мектеп-лицейінің ағылшын тілі пәні мұғалімі Ислам Камашевпен, Қазақ-Британ техникалық университетінің түлегі, Google компаниясының бағдарламашы-инженері Қуаныш Омаровпен кездесу ұйымдастырылды. Сондай-ақ пәндік олимпиада мен ғылыми жоба конкурстарына дайындық курсының оқушыларына арналған «Дарын» РҒПО директоры Ақжол Боранбаймен, Калифорния университетінің түлегі Олжас Өскенбайұлы мен A&M Техас университетінің түлегі Дархан Алимжановпен «Оқшылардың интернет қауіпсіздігі» кездесуі өтті. - Бәрекелді! Ауыл мектептерінің оқушылары үшін көптеген жұмыстар жасалған екен. Сайт ұжымы атынан жоба жұмысына сәттілік тілейміз! - Көп рақмет!

Жүктелуде...