Студенттің бір күні қалай өтеді?

Студенттің бір күні қалай өтеді?

ашық дереккөзі

 width= Студенттік шақ – адам өміріндегі ең қызықты әрі жаңалықтарға толы кезең. Кейбір адамдар студент кезінен практикаға араласып, мамандығы бойынша өзін шыңдап жатса, енді бірі бұл кезеңде студент болып, қызық пен шыжыққа толы өмір сүруді қолдайды. Newsroom+Ақпарат агенттігінің тілшісі бүгінгі студенттер күніне орай 4 курс студенттерімен тілдескен болатын. «Студенттердің бір күні қалай өтеді?», «Қазіргі таңда олар немен айналысып жүр?» деген сұрақтарға осы материалда жауап бердік.

1 курс студенті

Мен Әбихан Аружан, 1 курс студентімін. Менің бір күнім қалай өтеді? Қазір елімізде пандемияға байланысты сабағымыз онлайн өтетіндіктен, студенттік күнім аса қызықты өтеді деп айта алмаймын. Бірақ әр күннің бір тосын жаңалығы болады. Мен 7:30-да ұйқымнан тұрып, күнімді ең алдымен жаттығу жасаудан бастаймын. Өзімді сергітіп, оның үстіне карантинде денсаулығыма жақсы көңіл бөліп, қалыпты дене бітімін сақтап жүрмін. 8:00-де әдеттегідей сабағым басталады. Жақсы көңіл-күймен сабаққа қатысып, 15:00-ге дейін барлық тапсырмаларды орындап, шығармашылыққа көңіл бөлемін. Күніне кем дегенде 1 сағатымды кітап оқуға арнаймын. Себебі кітап оқып, өзімді дамытқан сайын, уақытымның құр кетпейтінін білемін. Одан соң үйдің шаруаларына көмектесемін, інімді қараймын, сіңілімнің сабақтарына көмектесемін дегендей. Күніне 10 минут болсын, бойымды сергітіп серуендеймін. Осылайша кештің де батқанын байқамай қаламын. Сонымен қатар қолым тимесе де күніне бір рет ақындардың өлең шумақтарын жаттағанды жақсы көремін. Содан соң кеш батқанда, ертеңгі күннің сабақтарына дайындаламын. Мақала жазып, жарыстарға қатысамын. Күн сайын бір сурет салып, күнімді қорытындылауға асығамын. Күнделігіме өмірімде айтарлықтай ештеңе болмаса да, қағазға ішімдегіні жазған ұнайды. Себебі ойымды қағазға жазған сайын, көңілімде ешқандай ой, реніш қалмайды. Солай менің бір күнім лезде өте шығады. Бірақ әр күнімнен бір ой түйіп жүрмін.  width=

2 курс студенті

Мен Айткәрім Рүстем, 2 курс студентімін. Күн тәртібім қатып қалған бір негізде, бір жүйеде емес, өзгеріп тұрады. Дегенмен күнделікті орындайтын істерім де бар. Қазір сабақты онлайн форматта оқып жүргендіктен, әуелі әр күнімнің басын белгілі сабақтарға дайындаған материалдарымды пысықтаудан бастаймын. Сабақ уақыты аяқталған соң, үй маңындағы тауға атаммен бірге шығып, бой жазамын. Ол кісімен елдегі мәселелерді талқылап үйге ораламыз. Әлбетте одан соң кезекті сабаққа дайындалып, тапсырмаларды орындап, өмірге керек пайдалы дүниелерді бойға сіңіруге ұмтыламын. Фильм қараймын, не болмаса кітаптарды оқып, олардың мазмұнына терең үңілемін. Одан соң, әрине, әлеуметтік желілерге, ондағы жаңалықтарға көз жүгіртіп шығамын. Бір қызығы, көп адамдар дене шынықтырумен таңда айналысып жатса, мен кешке жаттығулар жасап, өзімді күні бойғы шаршаңқылықтан сергітемін. Қазіргі таңда карантин шектеулері еңгізілгендіктен, әрі сабақ та онлайн болғандықтан, әрбір жанға үйде жаттығу жасауға кеңес беремін. Бұл күн тәртібі көбінесе дүйсенбі мен жұма аралығында жүзеге асады. Ал сенбі мен жексенбіде жеке қызығушылықтарымды арттыруға, оларды дамытуға тырысамын. Отбасы және достарыммен көбірек уақыт өткізіп, пікір алмасуды дұрыс деп есептеймін.  width=

3 курс студенті

Мен Әзімбек Қойлыбай, 3 курс студентімін. 3 курсқа қадам басқалы, ойымызда жұмыс істеу, мамандық бойынша іздену ұғымдары тұрады. Себебі келер бір ғана жылды дипломдық жұмыс жазуға арнайын деп тұрмыз. Енді алдымыздан келешек жақсы жұмыс табу, жақсы маман болу, алған білімімізді игілікке жарату мәселесінің шығуы заңдылық. Сонда біздің сенеріміз өзімізге лайықты жұмыс істеу болмақ. Мысалы мен баспагерлік мамандығы бойынша қазірден ізденіп, жұмыс жасап жүрмін. Көп мамандықтарда студент кезден бастап жұмыс істеуге мүмкіндік болмауы мүмкін. Дегенмен шығармашыл маман болғаннан кейін бұл салада практикадан өтуді қолдаймын. Өйткені өз стилің мен қолтаңбаңды қалыптастыру арқылы осы кезден жұмысқа орналасуға болады. Тіпті, қатарластарымыздың арасында 1-2 курстан бастап журналист болып қызмет атқарып жүргендер де бар. Оның барлығы адамның қарым-қабілетіне байланысты. 3 курсты студент үшін шешуші кезең дер едім. Осы кезде мамандығыңның қай саласына баратыныңды шешіп, осы кезден бастап практикаға бет бұрсаң, болашағың жемісті болмақ. Қазіргі кездегі білім жүйесінің онлайн форматқа көшкені сабақ пен жұмысты қатар алып жүруге мүмкіндік беріп тұр. Ал менің күн тәртібіме келетін болсақ. Таңертең әдеттегідей сағат 9-да жұмысқа келемін. 10-да сабағым басталады. Түске дейін сабақта болып, әрі офисте жұмыс жасаймын. Түстен кейін толығымен жұмысқа кірісемін. Материал жазып, ізденіп, мақала жазып, сұқбаттасуға түстен кейін барамын. Бір сөзбен айтқанда, түстен кейінгі уақыт шығармашылыққа арналады. Кешке дейін жұмыста болып, 6-да жұмысымды аяқтап, үйге қайтамын. Бір күнім қарапайым өтеді.  width=

4 курс студенті

Мен Дана Русланқызы, 4 курс студентімін. Таңертеңгі сағат 7-де ұйқымнан оянамын. Таңғы асымды ішіп болған соң, жұмысқа келемін. Түске дейін сабаққа қатыса отырып, жұмыс істеймін. Жұмыс туралы толығырақ айтып өтсем. Күнделікті брифингтерге қатысып, мемлекеттік органдардың ресми өкілдерімен байланыста боламын, оларға сұрақ қою арқылы хат жолдап, келген жауаптардан материал дайындаймын. Одан бөлек жеке сұқбаттарым да бар. Брифингтерге сұрақ дайындаудың өзі бір мәселе. Бұған да арнайы уақыт бөлу керек. Осылай кешке дейін сабақ пен жұмысты қатар алып жүріп, күнімнің маңызды бөлігін аяқтаймын. Биыл 4 курс болғаннан кейін мойнымыздағы жауапкершілік те артып жатыр. Бәріміз «диплом алған соң не істеймін?», «өзімді қай қырымнан дамытамын?» дегенді ойлап жүрміз. Алайда өзім 2 курстан бастап практикамен айналысып жүргендіктен, жұмыс жағынан айтарлықтай қиналмайтын секілдімін. Теория мен практиканы қатар алып жүруді жақсы көремін әрі қызығамын. Қазіргі кезде өзіме үлкен тәжірибе жинап, көп нәрсе үйреніп жүрмін. 4 курста баспасөз қызметімен байланыс жасауды еркін меңгердім дей аламын. Кешкі сағат 6-да үйге барған соң, түрік тілінен сабақ беремін. Одан кейін түрік тілінен видеолар түсіремін. Бос уақытымда демалып, серуендегенді жақсы көремін.  width= Байқасаңыздар, әр курста студенттің ойлауы мен қажеттілігі әртүрлі болады. Бастапқы екі курста студенттер жеке дамуға, өздерінің қызығушылықтарына көңіл бөлсе, кейінгі екі курста мамандығына бет бұрады. Курс жоғарылаған сайын студенттердің дамып жатқанын да байқап отырмыз. Студенттер күні құтты болсын!

Ақмарал БЕРЕКЕТ

Жүктелуде...