Бейтаныс әйелдің құпиясы

Бейтаныс әйелдің құпиясы

ашық дереккөзі

 width= Бала-шағамен жол жүрудің бар «сырын» жолаушы білер. Біз де кезекті сапарымыздан шаршап-шалдығып, әуежайға әрең жеттік. Үлкен қаланың кептелісінен зорға дегенде үлгеріп, тіркеуден өтіп, ұшаққа кіреміз дегенше қара терге түстік. Үлкен қызымды алып, терезе жаққа жайғаса бергенімде, көзілдірік таққан бейтаныс әйел келіп, F орын ұшақтың әйнек жақта екенін, есік жақтан санағанда деп ойлаған менің ойымның қате екенін айтып дес бермеді. Баланың көңілі үшін иллюминатордың алды бола ма дегенімде басын шайқап, басымды қатырмай орында босат деді әмірлі үнмен. Амал жоқ, күңкілді кеңірдектен асырмай ысырыла бердік. Отырған бетте қызыма қарап, сұқ саусағын көрсетіп, шуламаймыз деп ескерту жасады. Мынандай «нос» көрсеткенге қарап қалайын ба, еркек басыма қарамай пәшек-пәшегін шығардым. «Сіз түгілі әке-шешем көзімше балама ұрыспайды» дегенімді білем. Қалғаны есте жоқ. Бір туысым айтпақшы, қатты ашудан шашымнан басқа жердің бәрі тұрып кетсе керек. Бейтаныс әйел бір қызарды, бір бозарды. Жұқалау ернін жымқырып, құлаққапты бастыра тағып, терезеге бетін берген бойы үн қатпады. Білген дұғамызды оқып, ұшақ көтерілген соң, қызыма мән-жайды түсіндірген болдым. «Қатты шуламаймыз, әйтпесе, апайдың басы ауырады» дедім. Шынымен де, қызымыздың дауысы қатты. Көшедегі шуды арнайы аппаратпен өлшеп, әкіматқа «жалоба» жазғалы жүрген, үйдегі шаңсорғыш дар ете қалса, есік тоқпақтайтын бәлеқор көршім көрсе, бітті екі қолымен құлағын баса қашады. Неге екенін қайдам,  қазақша сұрақ қойсаң ағылшынша жауап береді. Ұшақтағы көршім болса, ресми тілде сөйлеп қоя берді. Мамандығы психолог екен. Жолға демалу үшін шыққанын, өзінің де қара жаяу емес, екі ұл, екі қыз өсіріп отырғанын айтып қалды. Онымен тоқтамай, менің қазақ тілінде сөйлегеніме баса мән беріп, үлкенді сыйлау және бала тәрбиелеу тұрғысында біраз нотация оқыды. Шахматтың ғана нотациясын жаттап жүрген басым, құрт жеген тістерімді естіртпей шықырлатып, «бастаған өзің соңына дейін шыда» деп тістеніп бақтым.

- Балаларым әлемнің қай түкпіріне барса да тәртіпті. Үлкені - жиырмада, кішісі - сегізде. Бәрі бір-біріне қарайды, - деген көршімнің сөзін мұқият тыңдап, кризистен жолаушыларға бір бөтелке су ғана берген әуе компаниясын сыбап алып, іше бастадым. Сол-ақ екен «жолға шыққанда балаға су мен жеміс-жидек бермеңіз, өзіңізге проблема болады», - деген апайдың сөзін екі рет бөліп, кішкентайларды әжетханаға апарып келдік.
АҚШ, Қытай, Ресей, Кипр, Түркия, Франция, Германия деп бірқатар елдерді аралағанын айтқан жаңа танысым, кішкентайы сегіз айлық кезінде, бір өзі төрт баламен әлемді круизды кемемен аралағанын айтып қалды. Шыдай алмай кеткен мен «жездеміз мықты екен» деп қалжыңдап ем, ол «папамыз аспанға ұшып кеткен» деп ұшақ терезесінен аспанға қарады. Сол сәтте менің де сұрағым таусылды. «Білмеген у ішеді, кешіріңіз» деп күбір ете қалдым. Одан әрі сөйлесе алмадық. Ұшағымыз қонуға дайындалып, стюардессалар белдік тағуымыз керек екендігін ескертіп жатты.

Жүмәсіл ЖАПАБАЕВ

Жүктелуде...