Ұлт боламын десең, бесігіңді түзе

Ұлт боламын десең, бесігіңді түзе

ашық дереккөзі

 width= Қазақ халқы о бастан бала тәрбиесін бәрінен жоғары қойған. Өскелең ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіре отырып, сапалы білім бере білген. «Адам ұрпағымен мәңгі жасайды» деген халқымыз бар ықыласын балаға бөліп, болашағын бағамдаған. Бала тәрбиесі жайлы қазақ ойшылдары әр түрлі ой-пікір айтқан. Жүсіп Баласағұнның өзі «Құтадғу білік» атты еңбегінде тәрбие жайлы: «...Баланың мінез-құлқы жақсы тәрбиеден туындайды. Егер бала ебедейсіз, шамшыл, өбектеліп өскен болса, бұған бәрінен бұрын оның ата-анасы кінәлі. Отбасы үшін бала – зор қуаныш. Баласыз бақыт жоқ. Бірақ, баланың тууы ата-анаға зор міндет, жауапкершілік те жүктейді. Отбасы тәрбиесі бала мінез-құлқы мен психологиялық бейнесін қалыптастыру негіздерінің негізі. Сондықтан оны балғын шағынан оқытып, жақсылап тәрбиелеу керек. Үй шаруасы мен баланы дұрыс күтіп-бағу үшін тазалық сақтайтын әйелді таңда. Баланы тәрбиелеу әкенің де парызы. Егер бала тәртіпсіз болса, оған әкесі де кінәлі. Ақылды, білімді етіп тәрбиелеу үшін әке-шешесі баласын үнемі назарда ұстауы тиіс. Балаларды қолөнерге баулу, ғылым-білімге қызықтыру – ата-ананың қасиетті парызы. Балаңыз өмірде өксімес үшін оған білім мен кәсіп бер. Үлгілі тәртіптің негізі – білім, әдет-дағдыға машықтану. Сондықтан баланы кішкентайынан тіл алғызу, үлкендерді сыйлауға, ағайын-туысты, ата-ананы қастерлеуге үйрету керек», – дейді. Тәрбиені қашанда құнды байлыққа балаған халқымыз бала тәрбиесіне ешқашан жүрдім-бардым қарамаған. Ал оған ұлттық сипат беру – ұлт болашағын ойлаудан туған даналық. Сондықтан да «Ұлт боламын десең, бесігіңді түзе», – деп айтты ұлы Мұхтар Әуезов.

Құтарыс ауыл округінің

Қоғамдық келісім кеңесі мүшесі

Омаров Курмантай

Жүктелуде...