Түркістанда халықаралық додалар өтетін сәт жақын

Түркістанда халықаралық додалар өтетін сәт жақын

ашық дереккөзі

 width= Қазір Түркістан қаласы жаңадан салынып жатыр десек, артық айтқандық емес. Облыс орталығындағы құрылыс тоқсаныншы жылдардың аяқ жағындағы Ақмоланы елестетеді. Сарыарқа төрінде де ғаламат құрылыс жүріп еді. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен жұмысшылар, компаниялар тартылған-ды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістанды түркі әлемінің мәдени-рухани орталығына айналдыру міндетін жүктеді. Осы бағытта жұмыс бар. Қуанарлығы, шаһарда тұрғындардың жан-жақты дамуына жағдай жасалып, мәдениет, спорт саласына да басымдық беріліп жатыр. Қазақ волейболының атасы – Октябрь Жарылғаповты, бокс саңлағы, тау тұлғалы Әбдісалан Нұрмахановты, Сидней Олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттархановтай жарық жұлдызды додаға қосқан Түркістанда спорт кластерін дамыту – өте орынды іс.  width= Жуырда жағымды жаңалық тарады. Түркістанда су спорты, соның ішінде ескек есу және желкенді спортты дамытуға арналған кешен салынады екен. Әлем чемпионаты мен Азия. Олимпиада ойындарында медаль жиынтығы көп бұл спорт түрлерін дамыту керек-ақ. Әсіресе қаракөз қандастарымызды су спортына беймідеген жөн. Бұл ретте облыс спортына жауапты азаматтардың халықаралық талапқа сай кешен салу жөніндегі шешімі құптарлық. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев ескек есу жəне желкен спорты бойынша оқу-жаттығу жиындары өтетін Бадам су-қоймасы спорт базасының жұмысымен танысып, спортшылармен пікір алмасқан. Ойларын тыңдаған. Нәтижесінде маңызды бастамаға қолдау көрсетілетінін жеткізген. Облыс басшысы халықаралық дәрежедегі ескек есу каналының эскиздік жобасын мақұлдады. Ескек есу жəне байдарка спорты бойынша олимпиадалық стандартқа сай  орталық 80 гектар алқапқа жайғасады деген жоспар бар. Құрылыс келесі жылы басталмақ. Мұнда тек жаттығу өткізуге ғана емес, халықаралық додаларды ұйымдастыруға толық жағдай жасалады.  width= Ауқымды жоба жүзеге асса, мұнда ескек есуден бөлек сапбординг, су шаңғысы, флайбординг, вейксерфинг, канополо, драгонбот, жағажай  футболы, жағажай волейболы, гандбол, теннис, регби секілді спорт түрлерін дамытуға мүмкіндік туады.  Сонымен бірге кеңселер, қонақ үйлер, сауда орталықтары, дәмханалар, спорт және ойын алаңдары, аквапарк, балалар аттракциондары және тағы бас нысандар орналаспақ. Сөз жоқ, бұл жоба жүзеге асса, Түркістанда спорт кластері дамиды дем сеніммен айтуға болады. Туризм деген тек тарихи ескерткіштер мен теңіз, қонақ үйлер,  әсем табиғат емес, спорт кластері арқылы да туризмді дамытуға болады. Жарытар ұйымдастыру, оқу-жаттығу базаларын ашу арқылы да туризм дамиды. Ел несібесі артады. Түркістанда оның алғышарттары сәтті жасалып жатыр. Түркістан қаласының бас жоспарына және даму тұжырымдамасына сәйкес, алып спорт сарайы мен стадион пайдалануға берілді. Тіпті, осы екі нысанда алғашқы спорт бәсекелері де өтіп үлгерді.  Облыс орталығында бой көтерген спорт сарайында алғаш болып волейбол бәсекесі өтті.  Түркістан облысының намысын қорғайтын «Тұран» клубы мен Түркістан қаласының құрамасы жолдастық кездесу өткізді. Нәтижесінде 3:2 есебімен «Тұран» командасының волейболшылары жеңіске жетті.  width= Бұл спорт кешенінің орны ерекше. Себебі бірнеше спорт түрін дамытып, жарыс өткізуге мүмкіндігі бар. Мәселен ашық бассейінінде жүзу спорты қолға алынады.  Бассейннің ұзындығы 50 метр болса,  ені 25 метр, ал, тереңдігі 2,5 метрге жетеді. Мұнда бокс, дзюдо, волейбол, баскетбол, футбол, күрес түрлері, ауыр атлетика, жеңіл атлетика, үстел теннисі, жүзу, семсерлесу, садақ ату және өзге де спорт түрлері бойынша жарыстар өткізілмек. Үйірмелер ашылып, жас сайыпқырандар даярланады.  width= Жуырда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан қаласында салынған «Түркістан-арена» стадионына арнайы келіп, жай-күйімен танысты. Бұл стадионды «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры сыйға тартқан болатын. Аталған қордың басқарма төрағасы Ахметжан Есімов облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевке «Самұрық-Қазына» салып берген 5 нысанның құжатын ресми түрде тапсырды. Әмбебап стадион жеті мың көрерменге есептелген. Ашық аренаның батыс және шығыс трибуналары бар. Сонымен қатар спорттық ғимаратта жеңіл атлетика, спорттық гимнастика, акробатика, бокс және ауыр атлетика жаттығу залдары орналасқан. Алдағы уақытта бұл стадионда Қазақстан Республикасының бірінші лигасы мен премьер-лигасының ойындары өтеді деген жоспар бар. Бірінші лигада доп теуіп жүрген облыс командаларының бірі премьер-лигаға шығып, Түркістанның намысын қорғауы мүмкін.  width= Қысқасы, Түркістан шын мәнінде жаңару, жаңғыру, жасару, даму процесін бастан өткеріп жатыр. Бұл – мемлекетіміздегі тұрақтылық пен бірліктің, үлкен қолдаудың жемісі. Экономикасы тұрақты елдер ғана осындай игіліктерге бет бұра алады. Енді өңірдегі спорт жетекшілері мен бапкерлері мемлекет ұсынған осы мүмкіндікті пайдаланып, Бекзат пен Мұхтархандардың ізін басатын жас спортшыларды даярлауды қолға алулары тиіс. Білікті бапкерлерді шақыру, оларға жағдай жасау, бұқаралық спортты дамыту, саламатты өмір салтын насихаттау – кезек күттірмес мәселе. Әлемді әбігерге салған пандемия спорт бәсекелерінің өтуіне мүмкіндік бермей тұр. Әйтсе-де бұл кезең де артта қалып, спорт ареналары қайтадан жанкүйерге толатын сәт туары анық. Оның үстіне адамға ең керегі мықты иммунитет пен сергектік екенін де уақыт өзі дәлелдеп отыр. Бұл ретте Түркістандағы спорт нысандары елге қызмет етеді деген сенім бар. Тәңірдің ерекше ықыласы түскен жер деп әспеттелетін қасиетті Түркістаның бүгінгі даму қарқыны  тәп-тәуір. Мұнда тың бастамалар мен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік мол. Спорт саласы бойынша да ілкімді бастамалар қолға алынары анық. Осы ретте түркістанда түркі халықтарының спорттық бәсекелері қолға алынса, түркі әлемінің орталығы деген дәрежесіне сай болар ма еді деген ой бар. Жуырда PhD докторы, жаонтанушы, дипломат Батырхан Құрмансейіт осы ойды қозғады. «Түркістанды мәдениет пен туризмнің орталығына айналдырудың бір жолы ретінде дүние жүзіндегі түркілердің ұлттық ойындарын әлемге паш ететін халықаралық ірі спорттық және мәдени шара өткізу идеясын қарастырсақ деймін. Түркістанда өтетін ол шараның атауы "ТҮРКИАДА" болса... ТҮРКИАДА бір рет емес, бірнеше жыл сайын Түркістанда өтіп тұратын тұрақты халықаралық шара болса... Ал ондай ойындарды тамашалауға еліміздің өңірлері мен жан-жағымыздан, алыс-жақын елдерден мыңдаған туристер Түркістанға жиналып жатса... Астанамызда ірі халықаралық саяси саммиттер мен ЭКСПО көрмесі, Алматымызда Азиада мен Универсиада өтіп, еліміз ондай шараларды тиісті дәрежеде өткізе алатынын әлемге көрсете алды. Бұл тек мәдени-спорттық бірреттік шара емес, тұрақты түрде өтіп тұратын халықаралық шара ретінде саяси-экономикалық, дипломатиялық тұрғыдан маңызды, мәдениет және туризм тұрғысынан тиімді, Түркістанның одан әрі дамуына оңды ықпал ететін және түркітілдес халықтар арасында еліміздің абыройын асыратын мультипликативті жаңа жоба болар еді», – дейді Батырхан Құрмансейіт. Жақсы идея. Осы идея төңірегінде білікті мамандар мен спорт қайраткерлерінің, идеологтардың пікірі тыңдалып, бір бастаманы қолға алуға болатын секілді. Ақылдасып істейтін-ақ дүние. Сіз қалай ойлайсыз, жанкүйер?

Ғабит САПАРБЕКОВ,

Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың иегері

Жүктелуде...