Бұл әңгімені бірнеше жыл бұрын германиялық қазақ ақсақал Әбдірахман деген қарияның біреулерге айтып отырған жерінен естіп едім.
-1940 жылдың басы мен 1950 жылдардың соңында қытай билігіне наразылық танытып, Алтай-Тарбағатайдан ауған қазақтар Үндістанды бетке алып көшеді. Көштің алды атақты Гималай тауына барып тіреледі. Артқы жақтан өкшелеп жау қуып келе жатыр. Жүк артқан түйелер мәңгі мұздақтан тайып жүре алмай қалған екен, - деді Әбекең.
– Сол кезде, жиырма-отыз жастың арасындағы бірнеше жігіт, қойларды сойып, сом етін аш түйелерге жегізеді де, әлдеген жануарларға жас балаларды түгел отырғызады. Өздері киізден жасалған бұйымдарды (үзік-туырлық) мұзға жайып жіберіп, түйелер тайып кетпес үшін адам сиярлық ойық жасап, соған денелей кіріп киізден мықтап ұстап жатады. Осылай мұзға төселген ұзын киіздің үстінен көш аман-есен өтеді. Бірақ түйелі көштің табанына тапталған азаматтар қыңқ деп дыбыс шығармай жатқан жерлерінде жан тапсырған екен. Қайран ерлер көшке көпір болып мәңгі мұздақта мәңгілікке қалып қойды, - деді қария көзі жасаурап.
Осылай Гималайдан аман-есен асқан көш Үндістанға өтіп, ақыры Түркияға барып тұрақтады. Бұл ұрпақтан тараған қауым қазір күллі Еуропаға жайылды. Бәрі дерлік қазақтың атын шығарып жүр.
Бұрынғы аталарымыз жоғарыда атап өткеніміздей ұрпағы үшін жандарын қиған екен. Өйткені, ұрпақ өмірдің жалғасы. Қазір әрбір қазақтың санасында ақын Сабыр Адай айтқан, «әр қазақ менің жалғызым» дейтін жанқиярлық ұғым қалыптаспайынша елдіктің түтіні түзу ұшпайды. Өкінішті жағдай: еліміз бойынша жыл сайын мың сан бала көздері жәутеңдетіп шекара асып кетіп жатыр. Нәтижесінде, қазір шетелдіктерге сатылған қазақстандық балалар саны жеті мыңнан асқан көрінеді.
Бұндай келеңсіздіктің белең алуына әуелгі себеп, ұрпаққа деген байырғы қазаққы таным-түсініктің бұзылуы, яғни, ұлттық құндылықтан ажырып қалуымыз әсер етіп отыр. Ататанымға салып бағамдап көрсек, қазақ «жесірін қаңғыртпаған, жетімін жылатпаған» жұрт. Қадірлі қауым, есімізді жиып, етегімізді қымтап, бабалар дәстүріне қайта оралмасақ, мынадай дүбара күйде ұзаққа бара қоймасымыз анық!
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ
Дереккөз:
Egemen.kz