Онлайн оқыған озар, офлайн оқыған тозар

Онлайн оқыған озар, офлайн оқыған тозар

ашық дереккөзі

 width= Биылғы жылдың басты өзгерістің бірі – оқу форматының онлайн, қашықтықтан оқу жүйесіне ауысуы. Қазақстанда 3 млн 400 мың оқушы бар. Оның 77%-ы (2,6 млн) қашықтықтан оқу форматын қолданады. Ал 800 мың оқушы (1-4 сынып) дәстүрлі оқу әдісімен білім алып жатыр. Асхат Аймағамбетов (ҚР білім министрі):

"Біз 1-4 сынып аралығында оқитын оқушыларды 100% дәстүрлі оқу форматы бойынша білім беруге дайынбыз. Алайда офлайн түрде оқушылардың үлесі 50%-ға да жетпейді. Мысалы, 1-сыныпта – 55%, 2-сыныпта – 35%, 3-сыныпта – 27%, 4-сыныпта – 24% оқушы дәстүрлі түрде оқиды. Биыл мектеп табалдырығын алғаш аттаған оқушылар саны – 1,3 млн. Бірақ 547 мың оқушының ата-анасы ғана өз баласын мектепке жіберуге келісті. Бұл жалпы мектепте оқитындардың 16%-ын ғана құрайды".
Марғұлан Сейсенбай (Қоғам белсендісі): "Өз пікірімді айтар болсам, төменгі сыныптарға(5сыныпқа дейін) қашықтықтан оқыту мүлдем тиімсіз. Бұл арада оқыту үдерісінде мұғалімнің рөлі шамамен 70%, ата-ана рөлі 20% және сыныптастардың рөлі қалған 10%-ды құрайды. Бұл жастағы бала әлі өзін, өз мүмкіндіктерін және әлемді тани алмайды, танып үлгермейді. Орта буын сыныптары (5-8 сынып аралығы), мұғалімнің рөлі шамамен 50%, сыныптастар рөлі – 20%, ата-ана рөлі – 15% және өз бетімен дайындалу – 15%. Сондықтан бұл жаста күндізгі оқу мен қашықтықтан оқытудың арақатынасы шамамен 70% күндізгі және 30% қашықтықтан болуы тиіс. Жоғары сыныптарда (9-11 сынып аралығы), мұғалім рөлі 20%-ға дейін, сыныптастар рөлі – 30%-ға дейін өседі, өз бетімен дайындалу – 40%, ал ата-ана рөлі максимум 10%-ға дейін төмендейді. Сондықтан бұл жаста қашықтықтан оқытудың үлесін 50%-дан 75%-ға дейін арттыруға болады. Мұның бәрі, әрине, шартты көрсеткіштер. Тағы бір ескеретін жайт – мектеп тек пәндерді оқытып қана қоймайды, ол әлеуметтік қабілеттерге үйретеді. Ал бұл қабілеттерді ұжымнан тыс балаға қалай үйретуге болады?!" «Demoscope» қоғамдық пікір ұйымының зерттеу нәтижесіне (6-9 қазан аралығында еліміздің барлық аймағынан 1100 респонденттен телефон шалу әдісі) сүйенсек, 43% респондент онлайн оқуға түбегейлі қарсы болса, 38%-ы қашықтықтан оқуға түсіністікпен қарап, бірақ әлі де оқу талабын жақсарту қажет деп тапқан. Ал 16% респондент онлайн оқу өте тиімді әдіс ретінде санаған. Данияр (Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің 3-курс студенті): "Наурыз айында онлайн оқуды енгізген сәтте біршама қиындықтар туындап, сабақтарым нашарлады. Университет басшылығының меңгеруге қиын соққан пәндерді қайта оқуға мүмкіндік бергенінің арқасында 3 пәнді алдағы семестрде тегін оқуға рұқсат алдым. Онлайн емтиханда қатарластарымнан көшіріп, үлгерім бағасын да біршама жақсарттым. Иә, көшіру дұрыс емес. Алайда университет қабырғасындағы сабақтар мен оқу бітірген сәттегі жұмыс талабы мүлдем басқаша екендігін де ескерген жөн". Жазира (ата-ана): "9 сыныпты кілең 3-тік бағамен бітірген інім колледждегі сабақтарын онлайн оқып жатыр. Сабаққа оқуға құлшынысы аса болмағандықтан, компьютер арқылы үй жұмысын орындау менің мойнымда. Егер қашықтықтан оқыту алдағы уақытта жалғаса берсе, 4 жылдан кейін үйде «құрылысшы» мамандығын бітіріп шығамын". Маусымжан (Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің физика факультетінің 4 -курс студенті): "Өзім Кентау қаласынан болғандықтан, Алматыда оқу маған көп шығын әкелетін: пәтер ақысы, жол, тамақ және т.б. Студент үшін оның бәрін төлеу қиын. Онлайн оқу жүйесінде мен уақытымды үнемдеп, тиімді пайдалана аламын. Қалаған жерімде сабаққа қосылып және қосымша жұмыс істеуге де мүмкіндігім бар. Бірақ онлайн оқудың кесірінен білім сапамның нашарлап бара жатқанын сеземін. ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусинның айтуынша, бүгінгі таңда ел халқы 18,7 млн адамды құрайды, олар 6 459 (4751 елді мекен интернетпен қамтылған) елді мекенде тұрады. Осы орайда мәжбүрлі түрде енгізілген қашықтан білім беру жүйесінің кесірінен толыққанды интернетпен қамти алмау мәселесі кездессе де, біршама артық тұстарды айтпай кетпеуге болмайды". + Мықты мамандардың дәрістерін ауылда тыңдау, байланысу мүмкіндігі, ауыл мен қаладағы білім алшақтығын қысқарту. Мегаполистегі танымал мықты мамандарымыз 6 мыңнан астам ауылды физикалық түрде аралап үлгермейді. Интернетпен қамтудың арқасында олар шалғайдағы ауылдармен байланыс орната алады. Мысалы, саясаттанушы, қазақ тілді баспагер Бақытжан Бұқарбай ауылдағы мектеп оқушыларымен кездесу акцияларын ұйымдастырып, кітап оқудың маңызы жайлы Zoom бағдарламасымен тегін лекциялар өткізуде. Сондай-ақ жылда 100 мыңнан астам жас түлек мамандық таңдауда қателеспеу үшін, Саясат Нұрбек, Өркен Кенжебек сынды танымал тұлғалардың «мамандық таңдау» лекцияларын көріп, өмірлік ақыл-кеңестерін алады. + Білім беру жүйесіндегі жаңашылдық. Тәж вирусының арқасында ауылды жерлерге интернет («Қазақтелекомның» мәліметіне сенсек, 2020 жылы 828 ауыл интернетке қосылады) келіп, мұғалімдер жаңа технология өнімдерін қолдануға мүмкіндік алады. Оларды заманауи бағдарламаға үйрету мақсатында белгілі IT маман Нұрлан Жанай «Онлайн педагог» атты тегін курс ұйымдастырды (3 мыңға жуық педагог білім алды). + Бәсекелік қабілет. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қа¬бі¬летімен айқындалады. Сондықтан, әрбір қазақ¬стандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мә¬дени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың сана¬тында» - деп айтқан. + Нарықтың ұлғаюы. ҚР Ұлттық Экономика Министрлігі Статистика комитетінің дерегінше, 2020 жылы елімізде 604,3 мың студент жоғары оқу орнында білім алады. Егер университеттеріміз қашықтан оқу жүйесін заман талабына сай бейімдей алса, оқуға құлшынысы бар бірақ, жұмыстан қолы босамайтын үлкен азаматтардың нарығына да шыға алады. ТҮЙІН: Ақпарат ғасырында өмір сүріп жатқан заманда білімді партада отырып алатын кезеңнің ескіріп бара жатқанын есімізден шығармағанымыз жөн!

Қанат БАЙҰЗАҚОВ

Жүктелуде...