І санатты дәрігер Гүлжанат Маханбетәліқызы Шымкент қалалық клиникалық балалар ауруханасының қабылдау бөлімінде меңгеруші қызметін атқарады.
Дәрігер-педиатр ел аумағында «COVID 19» індетіне байланысты төтенше жағдай енгізілгелі өзге әріптестері сынды күшейтілген режимде тынымсыз еңбек етіп жүр.
Бүгінде қаладағы ауруханалар дене қызуы бар және жедел респираторлық симптомдармен жеткізілген науқастарды арнайы жабдықталған фильтрлі кабинеттерде қабылдауда.
– Біздің фильтрлі кабинетке күніне 40-50 науқас жүгінеді. Науқастардан коронавирусқа байланысты анализдер алынып, диагносткадан өтеді. Мұндағы медперсонал толығымен қорғаныш құралдарымен және киімдермен қамтылған. Біздің мақсат – науқастарға дер кезінде көмек көрсету, індеттің тарауын ауыздықтау, дейді Гүлжанат Наурызова.
Еліміз қауіпті эпидемияның алдын алу бағытында тиісті шараларды дер кезінде қабылдады. Төтенше жағдай жарияланып, аймақтар карантинге жабылды. Оқшаулау тиімділігін көрсетуде. Дегенмен, жекелеген азаматтардың карантин шектеулерін ескермеуі қоғам үшін қауіпті болып тұр.
– Әлемге жайылған бұл дерттің спецификалық дәрісі әзірге табылмады. Карантин кезінде көшеге шығуды азайтпасақ, біз вирусты жеңе алмаймыз. Сондықтан оқшаулануға шын мәнінде назар аударғанымыз абзал, дейді өмірі мен денсаулығын қатерге тігіп, тынымсыз жұмыс істеп жүрген дәрігер-педиатр.
Елімізге төтенше жағдай енгізілгелі отбасындағы 3 ұл-қызын көруді сиреткен Г.Маханбетәліқызы сын сағатта науқастарға қол ұшын созуды мерейлі міндет, санайды.
Шымкент қаласының төтенше
жағдай жөніндегі штабы