Ұсқынсыз адам

Ұсқынсыз адам

ашық дереккөзі

Бала кезімізде көшенің бас жағында Коля деген жігіт тұрушы еді. Неге екенін білмедім, жас та, кәрі де сол Колямен қорқытатын. Кішкентай бала жыласа "қазір Коляға беріп жіберемін" деп ұрсатын шешесі. Оны мазақтап, әжуалап жатқандарға жай күліп қарайтын Коляның өзі. Қасымызда үлкен адамдар болса қорықпайтынбыз. Ал тек бала-шаға болып, кешке дейін ойнап жатсақ, оны көрсек, үйге қарай тұра жөнелетін едік. Ол туралы анамнан сұрасай қалсақ "тәйт әрі, жоламаңдар оған! Тағы бірдеңе істеп жүрер" деп одан сайын үркітетін. Бір күні есіктің алдында ойнап жүргенбіз, келесі көшеде тұратын бізден жасы ересек балалар келіп, добымызды жарып, ойнап жатқан жерімізге тас лақтыра бастады. Осылайша ойынымыздың шырқын бұзды. Әрқайсымыз ойыншық, добымыздан айырылып, тәй-тәйлаған бауырламызды құшақтап отыра қалдық. Бір кезде әлгі ұсқынсыз Коля келіп, оларды қуа жөнелді. Көшеміздің балаларын бұзақылардан қорғағаны бар-тын. "Жаманды жаман деме, бір жақсылығын көрересің" дегендей, ұсқынсыз санап жүрген адамымыз мейірімді адам екен. Осы оқиғадан кейін одан қорықпайтын болдық. Есейе келе, оның азан шақырып қойған аты Құрманғазы екенін білдік. Ол кезде орысша атау мода болғанға ма, әйтеуір отбасы мүшелері, көрші-қолаң Коля деп атап кеткен. Ол да үйінің еркесі, бақытты бала болған екен. Жасы шамамен бес-алтыға келген кезінде оқыс оқиғадан шошып қалған көрінеді. Содан кейін оның сөйлеуі анық емес, үнемі өз-өзінен күле беру әдетке айналған көрінеді. Сап-сау болып дүниеге келген бала, уақыт өте сәл кемістігі байқала бастаған. Әрине тағдырына жазғаны солай шығар. Алайда кемістігі құдайдан, "ұсқынсыз" атануы адамдардан екенін түсіндім. Бүгінде Коля отбасылы, балалы-шағалы болыпты деп естідік. "Есі дұрыс қыз тимейді" деп ата-анасы өзіне ұқсаған жарымжан қызға үйлендіріпті. Жаратқанның жарылқауымен бір ұл, бір қызы он екі мүшесі сау балалар болып туылыпты. Ата-анасы өмірден өткен Коляға енді қос перзенті қамқоршы болады. Ол басына түскен нәубетпен күресіп, бақытқа кенелді. Кемтар болып, өзгенің мазағына қалған оны, алдағы уақытта қорғайтын ұлы бар. Өзін жұрттың бәрі түрткі қылып, жабыла түскен кезін қалай өткізді екен?! Қалай болса да, жүрегінің ізгілігі мен жанының тазалығымен бақытқа кенелгеніне іштей қуандым. Меруерт Аманкелдіқызы

Жүктелуде...