Тағы пандемия болып, оқушылар дәстүрлі форматта білім алмақ: Бүгін басқа не болды?

Тағы пандемия болып, оқушылар дәстүрлі форматта білім алмақ: Бүгін басқа не болды?

ашық дереккөзі

 width= 8 қыркүйек күніне арналған маңызды жаңалықтарға шолуды Newsroom+Ақпарат агенттігі назарларыңызға ұсынады. Бір отбасыны ойрандаған сантехникке қатысты жаңа дерек шықты  width= Алматы қаласында үш адамды пышақтап тастаған сантехникке байланысты жаңа деректер шықты. Полиция оның бұрын да қылмыс жасап, сотталғанын анықтады. Куәгерлердің айтуынша, сантехник сол күні пәтерге жөндеу жұмыстарын жүргізуге келіпті. Кейін үй иелерімен келіспей, сөзге келген. Оқиға куәгері Оксана Феллер қанды оқиғаны көзімен көрген. «Марқұм Инна сантехник азаматты ғаламтор арқылы тапты. Бір күн бұрын шақырып, алдын ала 250 мың теңге төлемін берді. Негізі араларында ақшаға бола ұрыс болды дегенмен келіспеймін. Керісінше қаскөй бұлардан ақша ұрламақ болған. Сондықтан бәрін пышақтап тастаған», – дейді Оксана Феллер. Өзара түсініспеушілік болған кезде қаскөй 32 жастағы қызына пышақ сұққан. Кәугердің айтуынша, қыздың денесін тіліп тастаған. Ал оған көмектеспекші болған анасы мен көршісін де жарақаттапты. Көршілерінің айтуынша, марқұм 12 жыл бойы жедел жәрдем қызметінде істеген. Қызын құтқармақ болған анасының да жағдайын дәрігерлер тым ауыр деп отыр. 35 жастағы көршісі де ауруханада жатыр. «Науқас реанимациялық бөлімде ем алып жатыр. Жалпы жағдайы ауыр», – дейді Алматы қалалық қоғамдық денсаулық басқармасының баспасөз қызметінің маманы Ақшолпан Жүсіпова. Қалалық полиция департаменті, күдікті азаматтың бұрын сотты болғанын айтып отыр. Тергеу кезінде ол өз кінәсін толық мойындаған. «Қазіргі таңда Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Азамат қамауға алынды. Бұрын бұл азамат мүлікке қатысты қылмыстар жасағаны үшін істі болған», – деді Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек. Қазір «адам өлтіру» бабы бойынша тергеу жүріп жатыр. Ал мәйіт пен жарақат алған жандарға сот медициналық сараптамасы тағайындалған. ДДҰ басшысы жаңа пандемияға дайын болу керектігін ескертті  width= Әлем коронавируспен болған жағдайдан сабақ алып, жаңа пандемияға дайындалуы керек. Бұл туралы дүйсенбіде Женевада өткен брифингте Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) бас директоры Тедрос Адхан Гебрейесус айтты. «Бұл соңғы пандемия емес. Тарих бізге індет пен пандемия өміріміздің бір бөлігі екенін көрсетіп жатыр. Бірақ келесі пандемия келгенде барлық мемлекет оған дайын болуы керек», – деді ДДҰ басшысы. Айта кетейік, ДДҰ басшысының мәлімдемесі ұйымның YouTube-каналында жарияланды. «Сорақылық қой!»: қашықтан оқыту кезінде тағы да порнографиялық видео қосылды  width= Қазақстанда мектеп оқушыларының қашықтан оқуы барысында тағы бір мәрте порнографиялық бейнежазба қосылды. Бұл жолы баласының сабағы кезінде балағат сөздер естіп, анайы видеоны байқап қалған алматылық әйел әлеуметтік желі арқылы шағымын жеткізді. Білім және ғылым министрлігіне үндеу жолдаған Татьяна Голубева есімді желі қолданушысының жазбасы «Дежурный по городу» Facebook парақшасында жарияланды. «Білім және ғылым министрлігі, санитарлық дәрігерлер мен қала әкімдігіне үндеу жасаймын. Балам бесінші сыныпты қашықтан оқып жүр. Бейсенбі күні біздің оқушылар Zoom арқылы өтіп жатқан сабақ кезде жаман сөздер кездесетін ән тыңдап, балағат сөздер естіген. Ал бүгін порнографиялық видео қосып жіберді. Ата-аналар бұл жағдайды біліп, жағамызды ұстап отырмыз. Бұл кәмелетке толмаған балаларды азғындау ғой! Бұған кім жауап береді? Біздің балаларға Қазақстанның Конституциясына сәйкес мектепте білім алуға рұқсат етіңіздер!» – деп жазыпты алматылық әйел. Tengrinews.kz порталына берген сұхбатында Татьяна Голубева ата-аналар өз балаларын қашықтан оқытуға тыйым салу туралы ойластырып отырғанын жеткізіпті. «Ең алғашқы рет анайы видеоларды жұма күні көрсеткен. Бүгін тағы бір рет қайталанып отыр. Кейбір балалар 11 жаста болса да балалардың қалай дүниеге келетінін білмейді ғой. Мұны көрген олардың психологиясына қалай әсер еткенін айтсаңыздаршы! Бірінші рет көрсетілгеннен кейін мен өзімнің балама барлығын бастан аяқ түсіндіруіме тура келді. Бірақ болған жайт барып тұрған сорақылық қой! Бұл платформа оқуға мүлдем арналмаған», – дейді әйел. Зейнетақы қоры: ақша мөлшеріне байланысты мемлекетке салық төлеу керек  width= Қазақстандықтар зейнетақы жинағының бір бөлігін 2021 жылдың басынан бастап ала алады. Қолданыстағы Салық кодексінің 320-бабының 1-тармағына сәйкес, осы баптың 2-тармағында көрсетілген табыстарды қоспағанда, салық төлеушінің табысына 10% мөлшерінде салық салынады. Ал осы кодекстің 320-бабының 2-тармағында Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған дивидендтер түріндегі кірістерге 5% мөлшерінде салық салынады. Осылайша, қазақстандықтар зейнетақы жинағының бір бөлігін алатын болса, соманың 10%-ін салық түрінде төлеуге міндетті. Сонымен қатар қайтыс болған туысының зейнетақы салымдарын мұраға алу, Қазақстан азаматтығынан шығатын басқа елге тұрақты тұруға кететін адамдар үшін зейнетақы ақшасын алу кезінде де осындай шарттар көзделген. Демек бір миллион теңге алу кезінде 100 мың теңгені жеке табыс салығы түрінде төлеуге тура келеді. Ал 2,5 миллион алынса, 250 мың теңге төлейді. Дәстүрлі білім беру форматына қашан көшетініміз белгілі болды  width= Дәстүрлі оқытуға көшу қалалар мен облыстардың мемлекеттік бас санитар дәрігерінің шешімінен кейін ғана мүмкін болады. «Санитарлық дәрігерлер білім берудің дәстүрлі форматына біртіндеп көшуге болатындығы туралы хабардар ете салысымен, біз бұл процесті бастаймыз. Ол кезде әр мектептің әкімшілігі тиісті кесте жасайтын болады. Ата-аналар мен балаларды тиісті ақпаратпен дер кезінде қамтамасыз етеміз», – деді ведомствоның баспасөз хатшысы Гаухат Омарбек. Ата-аналар үндеуіне қатысты түсініктеме берген ведомство өкілі қазір күндізгі форматта білім алып жатқан бастауыш сынып оқушылары ата-аналар мен 2 969 шағын жинақты мектептің өтініші бойынша оқитынын атап өтті. Айта кетейік, 6 қыркүйекте қазақстандық ата-аналар қауымы президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің атына үндеу жолдаған болатын. Үндеуде авторлар ел Конституциясының 30-бабына сәйкес, барлық пән бойынша кәсіби мұғалімдердің тікелей, жеке қатысуымен балалардың орта білім алу құқығын толық қамтамасыз етуді талап еткен. «Мектептегі білім беру ісі тірі және табиғи болуы керек, оның орнын цифрлық суррогат алмастырмауы тиіс. Цифрлық технологияларды тек қосымша әдістер ретінде, бекітілген ережелердің қатаң шектеулі шеңберінде және ерікті түрде ғана пайдалануға болады», – делінген сitizensengo.org платформасында жарияланған үндеуде. Ата-аналар жеке адамның тікелей қатысуымен білім алу тек ауқатты отбасылардың артықшылығына айналғанын, ал төлем жасай алмайтындар бос әуреге түсіп жатқанын атап көрсеткен. Сонымен қатар, қашықтан оқытуға мәжбүрлеу «өркениетті мемлекет құруға қауқарсыз әрі білімсіз буын өкілдерін қалыптастырады» деп санайды. Ақжарқынның өзі жазасын елде өтеуге әлі өтініш берген жоқ – бас прокурордың орынбасары  width= Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов өмір бойына бас бостандығынан айырылған Ақжарқын Тұрлыбайды экстрадициялау тәртібін түсіндірді, деп хабарлады Newsroom+Ақпарат агенттігі Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап. «Оған қатысты сот үкімі заңды күшіне енді. Бізде Қытай Халық Республикасымен сотталған адамдарды беру туралы келісім бар. Алдымен Ақжарқын Тұрлыбайдың өзі жазасын Қазақстанға өтеуге келісім беріп, жазбаша өтініш беруі керек. Одан кейін біз екіжақты келісім бойынша ҚХР-дың прокуратурасына сотталған азаматымызды беру туралы хабарлама жібереміз», – деді Ахметжанов орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте. Оның айтуынша, Ақжарқын Тұрлыбайдың тарапынан жазбаша өтініш әлі түскен жоқ. Бірақ оны елге қайтаруға толық мүмкіндік бар. «Ол жақта Ақжарқын өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Біз де осы қылмыс үшін өзімізде қандай санкция бар екенін қараймыз. Мысалы, Қазақстанда Қылмыстық кодекстің 297-бабы, яғни, есірткіні тасымалдау мен сату бойынша өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы да қарастырылған. Егер оның әрекеті соған сәйкес келсе, онда, меніңше, барлық материалды зерделеп шыққаннан кейін оны Қазақстанда жазасын өтеу үшін экстрадициялауға толық мүмкіндік бар», – деп атап өтті Ахметжанов.

Жүктелуде...