Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
3 қыркүйек, 2020 / NewsRoom / Жаңалықтар

«Орындаймыз», «реттейміз»: халықтың сынына іліккен министрлер тапсырманы уақытылы орындай ма?

«Орындаймыз», «реттейміз»: халықтың сынына іліккен министрлер тапсырманы уақытылы орындай ма?

«Орындаймыз», «реттейміз»: халықтың сынына іліккен министрлер тапсырманы уақытылы орындай ма?
ашық дереккөзі
 width= Сын садағына іліккен Асқар Маминның дауысы өз кеңсесінде де бәсең шықты. Ешкімді сынаған жоқ, сөзбен сыбаған жоқ. Тапсырманы тізіп, міндеттеумен шектелді. Ал министрлердің әуені әдеттегідей: «орындаймыз», «реттейміз», «жоспарда бар» деген жалпылама жауаптар. Кешегі президент Жолдауы да естір құлаққа жетті. Ендігі мәселе орындалуында. Бұл туралы Newsroom+Ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды. Күні кеше президент жолдауында айтылған тапсырмалардың әрі қарай өрбуі жауапты министрліктерге жүктелетіні белгілі. Онсыз да халықтың сынынан көз ашпай жүрген үкіметтің бас ауруы енді еселенбесе, азаймайын деп тұр. Осы орайда Премьер-министр Асқар Мамин жолдау бойынша Жалпыұлттық жоспар әзірлеңдер деп, 7 қыркүйекке дейін меже қойды. Жолдаудағы біраз тапсырманың шеті үкімет үйінде ширады. Әлқиссасын оң өзгерістермен бастаған Алексей Цой алдағы жоспарларын тізбектеп берді. 2021 жылдан бастап ЭКО жасау үшін квота саны 7 есеге көбейеді деді. Еліміздегі әрбір алтыншы отбасы ұрпақ сүйе алмай отырғанын ескерсек, «Аңсаған сәби» қанша шаңыраққа шаттық сыйлайтынын бағамдай беріңіз. Айтпақшы, ауылдық жерде дәрігерлердің велосипедпен жүргені Цойдың бір бүйіріне батқан сыңайлы. Министр елдімекендердің жедел жәрдем көлігін жаңартып бермек. Алексей ЦОЙ, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
«Министрлік 2021-2023 жылдарға арналған алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету жоспарын әзірлейді. Оның ішінде ауылдық тұрғындарды жедел жәрдеммен қамтамасыз ету бар... Медициналық көмектің қолжетімділігін жақсарту мақсатында шалғайдағы елді мекендер үшін 100 медициналық кешен - автобустар алынады. Отандық өндірістен 1167 медициналық-санитарлық көлік алынады».
Шағын және орта бизнестің де шамасы шатқаяқтап тұр қазір. Төтенше жағдай кезінде көбісі тұралады. Үкімет оларды төлемдер мен салықтардан босаттық деп кеуде соқса да, нәтиже шамалы. Билік бизнесті сақтап қалуға тағы бір қадам жасамақ. Ұлттық банк бұл мақсатқа 200 млрд қарастырып отыр. Ерболат ДОСАЕВ, Ұлттық банк төрағасы:
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, экономикалық өсуді қалпына келтіру мақсатында дағдарыс салдарынан айтарлықтай зардап шеккен секторлардағы кәсіпорындарды қолдау үшін қосымша 200 млрд теңге бөлінеді. «Салалар тізбесін Үкімет «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп анықтайтын болады. Ұлттық банктің жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасы 800 млрд теңгеге дейін жеткізіліп, 2021 жылдың соңына дейін ұзартылады».
Білім және ғылым министрі де жолдауда айтылған жалақы мәселесін толығырақ тарқатты. 2021 жылдың қаңтар айынан бастап мұғалімдердің еңбекақысы 25 пайызға еселенеді. Ал магистрлік дәрежесі үшін тағы 27 мың теңгеге көбеюі ықтимал. Бас ұстаз сондай-ақ балабақша мәселесіне де тоқталды. Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР Білім және ғылым министрі:
«Қазіргі жағдайда қай балабақша мемлекеттік тапсырысты алатынын аудан, қала білім бөлімдері шешсе, ал бұдан кейін ата-аналардың өздері ваучерлік қаржыландыру принципімен шешетін болады. Яғни нақты бір баланың балабақшаға кезегі келгенде ата-анасы ваучерді алып, өзі қалаған балабақшаға беруге мүмкіндік алады».
Үкімет отырысында баспана мәселесі де айтылды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов 100 мың отандасымыздың үйлі болуына көмектесеміз деді. Тиісті тетіктер әзірленіп жатыр екен. Сондай-ақ Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов те салықтар мен төлемдер саны едәуір қысқарады деп сүйіншіледі. Бүгінде Салық кодексінде 12 салық, 48 кіші салық түрі болса, 10 төлемақы және 6 алым көзделіп отыр.