Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Нұр-Сұлтандағы №73 мектеп-лицейіне барды. Мектепті аралау барысында ол қашықтан оқыту режиміне ауысу оқушылардың үлгеріміне әсер ете ме деген сауалға жауап берді, деп хабарлайды
Newsroom+Ақпарат агенттігі
Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап.
"Біз төртінші тоқсанның қорытындысы бойынша үлкен талдау жүргіздік. Қазір де бұл жұмыс жалғасуда. Онлайн оқытуды дәстүрлі форматпен салыстырып жатқан жоқпыз. Біздің міндет – бұл айырмашылықты барынша жою. Мәжбүрлі қашықтан оқыту кезінде білім сапасын түсірмеу. Біз қазір дәл осымен айналысып жатырмыз", - деп жауап берді министр.
Аймағамбетов педагог ретінде өзі де және әріптестері де дәстүрлі оқыту форматын құптайтынын атап өтті.
"Мектептердің ашылуын бәріміз тағатсыздана күтіп жүрміз. Бірақ, сіздер білесіздер, қазір жағдай басқа. Балалардың да, мұғалімдердің де денсаулығы мен қауіпсіздігі – басты орында", - деп жалғастырды ол.
Оқу үлгерімінің төмендеп-төмендемеуі бірнеше факторға байланысты, деп нақтылады министр.
"Мұғалімдер жетіспейтін мектептер бар. Бір ұстаз 3-5 пәннен сабақ береді. Біз талдау жүргізген кезде, қашықтан оқыту форматы, керісінше, балалардың оқу үлгерімін жақсартып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашқанын байқадық. Үлгерім төмендеген жағдайлар да жоқ емес. Мұның бәрі оқу процесінің ұйымдастырылуына, соның ішінде педагогке де байланысты. Бұл жұмыс дұрыс әрі тиісті деңгейде жолға қойылса, онлайн оқу мен дәстүрлі оқыту арасындағы айырмашылық барынша азаяды", - деді Аймағамбетов.
Дәстүрлі оқыту бұл тек ақпарат пен білім беру ғана емес, балалар мен мұғалімдер арасындағы қарым-қатынас.
Бұл белгілі бір мәдениет, әлеуметтенуді қамтиды, деп толықтырды министрлік басшысы.
"Ал мұны қашықтан оқыту арқылы үйрету өте қиын. Сол себепті біз аралас оқыту формасын таңдадық. 1-4 сынып оқушыларының 60%-ке жуығы дәстүрлі форматта оқиды", - деп түйіндеді сөзін министр.
Үкіметтің шешімімен биыл жаңа оқу жылы қашықтан оқыту форматында басталады. Тек шалғай ауылдарда шағын жинақты мектептер мен бастауыш сынып оқушылары мектепке барып оқиды.