Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасында» төртінші міндет ретінде «Шағын кәсіпкерлікті қолдау» көрсетілген. Осыған орай еліміздің барлық аймақтарында (оның ішінде Сайрам ауданында) кәсіпкерлікті қолдауға ерекше көңіл бөлініп, жеңілдетілген несие көлемінің ұлғайтылуы, сондай-ақ жаңа бизнес идеяларды дамытуға бағытталған мемлекеттік гранттардың ұсынылуы өзін өзі еңбекпен қамтығандар мен кәсіпкерлікпен айналысуға ниет білдірушілердің арасында жаппай кәсіпкерлікті дамытуға ықпал ететіні сөзсіз. Ұсынылатын мемлекеттік гранттар бастапқы кәсіпкерлікті өркендетуге арналған ең тиімді тетіктердің бірі болып саналады.
Бұл туралы e.gov сайтына NewsRoom+ Ақпарат агенттігі сілтеме жасап хабарлайды.
Мемлекеттік гранттар бастапқы бизнесті іске асыруды жоспарлайтын бағдарламаға қатысушыларға өтеусіз және қайтарымсыз негізде беріледі. Кәсіпкерлік мақсатта берілетін қайтарымсыз гранттар «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында – 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде ( 1 АЕК – 2778 тг; 555 600 теңге ) ұсынылады. Бұл ретте үміткерлер қатарынан атаулы әлеуметтік көмек алатын табысы аз және көпбалалы отбасылардың мүшелері, сондай-ақ оралмандар мен қоныс аударушыларға "Бастау Бизнес" жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курсынан өту немесе Бағдарламаның бірінші бағыты шеңберінде оқығандығын растайтын арнайы сертификаттар талап етілмесе, ал, өтініш білдірушілердің әлеуметтік өзгеде санаттарына сертификаттың болуы қойылатын негізгі талаптардың бірі болып есептеледі.
Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант қаражаты - қажетті еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды, жануарларды, малды, құстарды сатып алу үшін нысаналы мақсатта пайдаланылса, тиісінше тұтынушылық мақсаттарға, кредит қарыздарын өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнімдердің өндірісіне және жалдау ақысы ретінде берілмейді.
Бұл бағытта ауданымызда биылғы жылы 498 азаматтың бизнес идеяларын қолдау үшін мемлекет қазынасынан 276764,0 мың теңге қаржы бөлініп, есіпті жылдың І-жарты жылдығында 169 азамат 93278,6 мың теңге қаржы көлемінде мемлекеттік грант қаражатымен қамтылды. Оның ішінде: 162 азамат мал шаруашылығын дамытуға үлестерін қосса, 5 азамат алған қаражатын қызмет көрсету саласына бағыттап тігін шеберханасын ашты, 1 азамат сұлулық салонымен айналысып, 1 азамат егін шаруашылығымен айналысып, өз кәсіпкерліктерін дөңгелетуде.
Облыс әкімінің ағымдағы жылдың 1–ші және 2-ші маусымындағы №1-55 және №1-57 санды хаттамалық тапсырмаларына орай, ауданымызда «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында өз кәсіпкерліктерін тапшылатып суару әдісін дамытуға бағыттаған отбасыларды мемлекеттік грантпен қамтамасыз ету қолға алынып, жоспарға сәйкес 200 отбасының (оның ішінде: АӘК алушылар қатарынан 120 отбасы, және арнайы кәсіпкерлік оқу курстарынан өткен 80 отбасы) бизнес идеяларына мемлекеттік грант қаражатын ұсыну көзделіп отыр. Бүгінгі таңда ниет білдірушілер қатарынан 130 азаматтың тізбесі нақтыланып, құжаттары аудандық комиссияның қарауына ұсынылуда.
Мұндай мемлекеттік қолдау шаралары жалғасын таба бермек.