Жалпыға бірдей жарияланған карантин уақытында, көп уақытты оқуға бөліп, кітапханамызда жиналып қалған түрлі кітаптарды тағы бір сүзіп шықтық.
Алдымен қолымызға Ф.Ницшенің «Падение кумиров» еңбегі ілінді. Қысқа-нұсқа кітапты оқып отырып, орыс жазушысы Ф.Достоевский туралы мына бір жолдар біздерді таңқалдырды. «Для задачи, лежащей перед нами, имеет большое значение свидетельство Достоевского – этого единственного психолога, кстати говоря, от которого я многому научился; он принадлежит к прекраснейшим случайностям моей жизни, к лучшим даже, чем, например, открытие Стендаля». (
Ф.Ницше «Падение кумиров», «Азбука» Санкт-Петербург, 2013)
Неміс философының орыс жазушысына берген бағасынан соң, Ф.Достоевский өмірбаянымен және шығармашылығымен терең танысуды ұйғардық. «Нақұрыс» (Идиот) атты еңбегін бұрынырақта біраз парақтаған болатынбыз. Фёдор Михайловичтің өмірбаянымен танысуды бастап кеттік.
Интернеттегі ашық дереккөздерге сүйенсек, Достовескийлер әулеті өздеріні тарихын 1506 жылдың 6 қазанынан бояр Данил Иванович Иртищев (Ртищев, Ртищевич, Иртищевич, Артищевич) бастау алады. Дәл осы күні әулет иелігіне солтүстік-батыс Пинсктегі, Пинск ояздығына қарасты, Пореч болыстығына тиесілі «Достоев» қожалығы басы бүтін беріледі. Поляк тілінде де «Dostojewski» – деп жазылатын әулет негізінен орыс және поляк, литовтық ақсүйектер тобына жатады.
Зерттеушелердің пікірінше,
Д.И.Иртищевтің атасы – 1389 жылы Алтын Ордадан шыққан татар мырзасы Аслан Челеби көрінеді. Бұл – Тоқтамыс хандық құрған кезеңге жатады. 1380-1406 жылдары билік құрған Тоқтамыс Ақсақ Темірдің көмегімен билікке келіп, одан жеңілгенімен және Мәскеуді шапқанымен тарихта қалды. Қазіргі отандық кей тарихшылардың пікірінше, Ақсақ Темір Алтын Орданы осылайша әлсіретіп, Еуропаны Тоқтамыстың шапқыншылығынан сақтап қалған.
Аслан Челебиді Мәскеу князі Дмитрий Донской шоқындырып, ол – православ дінін қабылдайды. 1359-1389 жылдары билік құрған Дмитрий Донской аз ғана ғұмыр кешсе де, Куликов шайқасындағы жеңісінен соң, Мәскеу князьдығын айтарлықтай күшейтіп, Орыс мемлекетінің бірігуінің негізін қалады.
Прокопий есімін иеленген А.Челеби – Мария Зотовна Житовамен шаңырақ құрады. Мария Житова болса, жүздік ұлы князьдің қызы, текті әулеттің тұқымы болатын. Бұл жұптан бес бала дүниеге келеді. Соның ішінде «Широкий рот» атанған Лев Прокопиевич біз сөз қылып отырған «Достоевскийлер» әулетінің негізін қалайды.
Тарихтағы аңыздарға сүйенсек, «Достоево» сөзі поляктің «dostoinik» — ірі шенеунік, патша сарайына лайықты деген сөзінен шыққан болуы мүмкін.
Алайда, Ртищевтердің әулеттік гербтарынан Алтын Ордадан шыққан татарлық тек анық байқалады. Себебі, мұнда мұсылмандықтың белгісіне айналған жарты ай; алты бұрышты жұлдыз және қаруланған қос татар бейнеленген. Әдетте, ресейлік әулеттік гербтарға тән крест белгісін байқамаймыз. (1312 жылы Өзбек хан исламды Алтын Орданың мемлекеттік діні деп жариялады)
Ртищевтардың гербі
Орыс еліне қосылған татар әулетіне (Алтын Орда өкілдері) князь Семён Боровскийге қарасты Боровск маңынан Кременсктен жер беріледі. Ртищевтер әулеті Серпухов князі мен Боровск князьдарымен жақсы қарым-қатынаста болады. Соңғы екеуі 1456 жылы (Қазақ хандығы құрылған жыл) Василий Темныймен сөзге келіп, Пинск маңына қоныс аударады да, ұлы Литов князьдігіне қосылады.
Достоевский деген фамилияны Данил Ивановичтің немересі алып, олар уақыт өте келе поляк шляхтасына қызметке тұрады. Екі ғасыр бойғы құжаттарда Достоевский деп аталып келген ақсүйек әулет келе-келе поляк-литов мемлекетіне түбегейлі сіңіп, дворяндық титулдан айырылады. ХVII ғасырда Украинаға қоныс аударады. Келесі ғасырдың ортасына дейін Волынь маңында өмір сүреді.
Жазушы Ф.Достоевскийдің атасы – Андрей 1756 жылы Волынь маңында дүниеге келеді. 1782 жылдан бастап, Войтовцы селосында священник болып, қызметке тұрады. 1789 жылы жазушының әкесі – Михайл дүниеге келеді. 1820 жылдың 14 қаңтарында Мария Нечаевамен шаңырақ көтерген М.Достоевскийдің отбасында жазушы Ф.Достоевский 1821 жылдың 11 қарашасында дүниеге келіп, әлем әдебиетінде өзіндік орнын қалдырады.
Бұл – енді басқа тарих...
Уәли ЖҰМА
Мақаладағы басты көрнекі сурет - ria.ru сайтынан алынды.