"Нұр жолы" кеден бекетінде сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген күдікпен мемлекеттік кірістер, сондай-ақ ветеринарлық және фитосанитарлық бақылау органдарының қызметкерлері ұсталды. Бұл жайында бас көлік прокуратурасы хабарлады, деп жазады
NewsRoom+ақпарат агенттігі Sputnik.kz сілтеме жасап.
Істі тергеу барысын бас көлік прокуратурасы бақылауға алды. Тергеу мүддесі үшін басқа ақпарат жария етілмейді, делінген ведомство хабарламасында.
Пандемия басталғалы Қытай шекарадағы санитарлық бақылау шараларын күшейтті. Күніне 20 шақты көлік өткізілетін болды. Соның салдарынан "Нұр жолы" өткізу пункті аумағында көлік кептелісі пайда болды. Қазақстаннан Қытайға шығар жолда 1800-ге дейін автокөлік кезекте тұрды.
Қазақстан мен Қытай шекарасында не болып жатыр
Келіссөздерден кейін Қытай Халық Республикасы күніне жүз көлікке дейін өткізе бастады.
2020 жылдың 1 шілдесінен бастап "Қалжат", "Бақты", "Майқапшағай" өткізу пункттері ашылды. Алайда тауарлар мен көлік қозғалысы тоқтап тұр, себебі Қытай тарапындағы өткізу пункттері жабық.
Соған байланысты Қытаймен өткізу пункттерінің қозғалыс қабілетін арттыруға арналған іс-шаралар жоспары қабылданды.
20 шілдеден бастап Қытай тарапы Қазақстаннан күніне он көліктен қабылдайтын болды.
Бұған дейін KAZLOGISTICS Қазақстан көлік қызметкерлерінің одағы көлік қозғалысының тоқтап қалуына байланысты көлік компаниялары мен жүк жөнелтушілер "күн сайын орасан зор шығынға ұшырап отыр" деп мәлімдеген болатын.
Одақ Қазақстан тарапындағы кептеліс 40 шақырымнан асқанын хабарлады.
Айта кетейік, Қазақстан-Қытай шекарасындағы теміржол өткізу пункттері штаттық режимде жұмыс істейді. 2020 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша тауарларды әкелу көлемі 18%-ке артты.