Әбілқайыр ханға қатысты әділетсіз баға беріп жүрген сияқтымыз. "Кіші Жүзді Ресей империясына қосқан сол" деп күшене айтатын, тіпті ұлы ханды боқтап алатындар да бар. Бірақ сол уақытқа қарасақ оқиға қызық өрбиді.
Әбілқайыр ханның күшімен, әрине өзге хандар мен сұлтандардың көзсіз ерліктерінің арқасында 1723-1730 жылғы Отан соғысында жеңіске жеттік. "Ақтабан шұбырындымен" басталған қайғылы соғыс, біз күтпеген тамаша нәтижемен аяқталды. Соғысқа дейін Қазақ Ордасына кірмеген жерлер біздің жерімізге айналды. Шекарамыз Шығыс Қазақстандағы Шор өзеніне дейін бірақ жетті. Бұрын да біздің жер еді, бірақ 70 жылдай жоңғарлар ұстап тұрды. Міне, соны Әбілқайыр қайтарып алуға, аумағымызды кеңейтуге үлес қосты. Ол Жайық казактарын талай шапты. Шығыста жоңғарды, ал Батыста қалмақты шапқындады. Қалмақ ханы Аюкені талай талқандады. Башқұрттарға жемісті жорықтар жасады.
Оның үстіне 1730 жылдары біздің батырлар "жоңғардан құтқар" деп Ресейге барды деген қаншалықты рас факт екенін білмедім, бірақ күмәнім бар. Өйткені 1726 жылдан бастап біз соғысты өзімізге ала бастадық. Бұлантыда жоңғардың бұтын бұт, қолын қол қылдық. Артынша біраз шайқаста жеңіп, Аңырақайда тағы талқандадық. Дәл осы кезде Цэван-Рабдан өліп, оның орнына ұлы Қалдан Цэрен отырып, Жоңғарияда билік үшін талас басталды. Жығылғанға жұдырық деп, 1729 жылы Цин империясымен жоңғарлардың соғысы жаңа қарқынға көшті. Осындай сәтте жоңғарлар қазақтарға кезекті соғыс ашу екіталай еді. Иа, шекаралас аймақтарды ауылдарды шабу орын алды. Бірақ қазақ батырлары да көршілес халықтардың ауылдарын шауып тұрды ғой. Ол көшпенділер өркениетінде қалыпты жайт болатын.
Осы уақытта башқұрттар Кіші Жүз аумағына көп шабуыл жасады. Малды айдап әкетіп, тұтқынға біраз халықты алды. Сондықтан Әбілқайыр хан Ресейге елшілікті "жоңғардан құтқарып, бізді қабылда" деп емес, "башқұртпен достастыр" деп жіберсе керек. Кей тарихи еңбекте де солай жазылған. Башқұрттар орыс патшайымының сөзін тыңдайтын. Былайша айтқанда достастырып, "бізге келіссөзге алаң бер" деген сынды дүние ғой. Қазір Қазақстан ұрсысып, атысқанның басын қосатын, достастыратын алаңға айналды ғой(нәтиже аз болса да), сол сияқты шамамен. Әрине Ресей империясы оны қол астыма ал деп түсінді.
Мысалы Тевкелев келіп, Әбілқайыр ханға Анна Иоаннoвна деген патшайым қатынның хатын оқыған сәтте, біраз ру-тайпа басшыларының қаны басына шапқан. Тіпті олар Әбілқайырды өлтірейік, Тевкелевті және оған еріп келгендерді шауып тастайық деген. Ол жоспарды Бөкенбай(Қанжығалы Бөгенбаймен шатастырмаңыз), Есет, Құдайназар сынды батырлар іске асырмай тастаған. Бұлар сол аумақта өте беделді батырлар еді. Ресейдің жағдайын жақсы білетін. Өйткені Бөкенбай мен Есет батыр Қалмақ хандығында аманатта болған. Сол жақта қалмақтардың Ресей патшалығымен мал саудасын көрген. Сондықтан олар "Ресейге кірсек, еркін сауда жасауға мүмкіндік туады" деп ойласа керек. Сөйтіп ақыры біраз ру басшыларын көндіріп, 30-дай старшын хатқа қол қойды. Бірақ бұны тұтас бір Жүздің, рудың шешімі деуге болмас. Осы тұрғыдан Әбілқайыр ханды да қаралауға келмес. Әбілқайыр башқұртпен достастыр деп, оңбаған Ресей саясатының құйтырқы қақпанына түсіп қалған сынды. Әйтпесе ғұмыры ат үстінде өткен, сансыз жаумен арпалысқан батыр, өзгеге бас иіп, "мені қабылда" деу үшін іштей сынып кетуі керек қой. Бұл біраз малды рубасылардың саяси-экономикалық амбициясынан туған дүние болса керек.
Егер біз "қазақтар өз еркімен Ресей қол астына енген" деген өтірік тарихты айта берсек, онда Ресейдің идеологиялық шабуыла өзіміз жол ашқанымыз. 30 старшын мен батырдың шешімі Кіші, Орта, Ұлы жүздердің, тұтас қазақ халқының шешімі емес қой. Қазір мысалы 10 министр, 5 генерал басқа елге кірейік десе, ол сіз бен менің көзқарасымды білдірмейді ғой, сол сияқты.
Мүмкін кей тарихи фактілер мүлде бөлек шығар, бірақ "Қазақтар Ресейге өз еркімен қосылды" дегенге мүлде сенбеймін.
Асхат Қасенғали