Робот ана, гугл әке!
Робот ана, гугл әке!
ашық дереккөзі
Демалыс күні таңертең есіктің қоңырауы шырылдады. Қолында жеті шелпегі бар көрші екен.
-Қайырлы таң, оятып жібердім бе?
-Жоға, бүгін балалар ерте оянып алды.
-Таңның атысы, күннің батысы күйбең тірлікпен қолымыз тимейді. Жұмыстан босатылған соң, үй ішіне көңіл бөліп, шелпек пісірейін дедім. Оның үстіне бүгін жұма күні.
-Қабыл болсын.
-Әумин.
-Демалыстың болғаны да жақсы болды. Бір-бірімізге уақыт бөліп, үйімізде шүйіркелесіп отырмыз.
-балаларымыздың бүкіл өмірі мектеп пен бала-бақшада өтіп жатыр екен,-деп күлдік.
Үйге кіргенім сол, үш жасар балам телефон беруімді сұрады. Бермеймін десем, жылап тұрып алды. Күнде осы жағдай.
Иә, шынымен барлық жақсы нәрсеге үйреніп қалып едік. Бәрінен бір сәтте айырылған күйдеміз. Баратын бала-бақшасы жоқ, қыдыратын ойын- сауық орталыққа жол жоқ, көшеде емін-еркін жүру жоқ. Баяғыда өзіміз артық ойыншығымыз жоқ болмаса да, есіктің алдына доп ойнағанға мәз болушы едік. Қазір ше? Барлығы қол жетерлік. Әр балаға бір бөлме тола ойыншық. Көңіл бөлуге уақыт жоқ ата-анасы ойыншықпен бала өзімен-өзі ойнасын деп әперген.
Қызметтегі ата-анасы болса, уақыттың жетіспеушілігін айтып, арызданып жатады. Қазір барлығы дайын, кнопкасын бассаң болды, өзі-ақ іске қосылады. Заманың дамыған сайын, бос уақытың көп болу керек. Керісінші, қазір "қолым тимеді", "асығыспын" деп жүрген адамдар.
Шынымен солай сияқты, күнделікті үй шаруасынан қолың босамайды.
Құдды өміріміз компьютерге дағдыланып, өзіміз роботтың күйін кешіп жүрміз. Азаннан кешке дейін сол бір тірлік.
Жұмыстың қағазын үйіне тасып, үйіңнің шаруасын кабинетте телефонмен шешіп отыратын жағдайға жеттік. Қайтеміз, енді, уақыт жоқ. Темір роботтың күйін кешіп жүргенде, баламыздың қалай өсіп жатқанын байқамаймыз. Балаң "анашым, анау не?" деп сұраса, "қоя тұршы, мынаны істеп алайын?" тағы бірдеңе деп сұраса "міне телефон, тыныш отыр" дейміз. Осылайша қолдан кішкентайынан темірге телмірген роботтарды тәрбиелеп келеміз. Бала ата-ана қамқорлығын керек етсін бе? Үйрететін қолында ақпарат көзі бар. Сол әкесі, сол шешесі.
Біздің балалық шағымыз-ай! Қандай керемет еді! Ата-анамыз жұмысына таңертең кетіп, кешке бір уақытта екеуі бірге кіріп келеді. Кешкі асымызды бәріміз жабылып істейміз. Дастарханның басында күні бойы болған қызықтарымыз бен жаңалықтарымызды жарыса айтамыз. Демалыс күндері тіпті керемет. Картоп, қызанақ, қияр, жемістердің барлығын есіктің алдында өсіреміз. Кір жууға анамызға көмектесеміз. Қора толған тауық, кешке сауатын сиыр да бар. Ата-анамыз соның бәріне үлгерген. Мүмкін, осылайша мейірімділікке баулып өсірді ме екен?!
Қазір ше? Кірді автомат "ақ келін" жуады. Жуып, жартылай кепкен киімді жаюға уақыт жоқ. Үй жексенбі күні ғана шаң- тозаңнан тазартылады. Кешкі ас жартылай дайын, тоңазытқыштағы қатырылған тағамды пісіруге де уақыт керек. Адамға барлық нәрсе оңай болған сайын, уақыт жетпей барады.
Біз өз балалық шағымызды сағынышпен еске аламыз. Ал біздің балаларымыз қандай естелікпен қуанады деген ой мазалайды?! Бір түсінгенім қай кезде де, балаға көңіл бөлуден артық ештене керек емес. Үйіп-төгіп сатып алынған ойыншықтан, балаға әке-шешесімен бірге ойнаған жай ойын қызық. Мүмкін осылайша жіберген қателіктерді қалпына келтіріп, әр нәрсенің қадірін сезіну сәті туған болар.
Меруерт Амангелді