«Тисаны тарту» немесе дұшпанын менсінбеген жер құшады
«Тисаны тарту» немесе дұшпанын менсінбеген жер құшады
ашық дереккөзі
Айналаңызға зер салып байқасаңыздар, жаһандану дәуірі белгілі бір эмоцияны білдіретін біздің дәстүрлі ишара-ымымызға дейін өзгеріс енгізе бастады. Мәселен, қазақтың дәстүрлі ең ауыр ишара балағаты сұқ саусақ пен ортан теректің арасынан бас бармақты шығару еді. Бұл күнде ол ұмытыла бастады.
Оған қарап біздің ұлтымыздың мәдениеті көтеріліп, өзара жанжалдасуды қойды деп ой түюге болмайды.
Қазір оның орнына ортантеректі жоғары шошайтып, өзге саусақтарды алақанға қарай бүгіп көрсететін ишара пайда болды. Осы "факью" (ағылшынша fuck) деген ишара қайдан шықты? Сол ишара-балағаттың шығу төркінін айта кетейік.
Англия мен Франция арасында 1337 жылы басталған соғыс үзіліп-созылып 1453 жылы аяқталды. Кейбір жылдары бірде француздарды, бірде ағылшындарды жақтап, оған айналадағы көрші елдер де араласып кетіп отырды.
1415 ж. тамыз айында король Генрих V басқарған 12 мыңдық ағылшын әскері кезекті рет Нормандия жағалауына түсті. Аффлер үшін шайқаста ағылшындар 2000 жауынгерінен айрылды. Бірақ қыс түспей тағы біраз жер жаулап алу мақсатымен Азенкур қамалына қарай жылжыды.
Аффлерден оңай айрылған француздар негізгі күшін Азенкур маңына шоғырландырды. Әскерінің саны ағылшындардан анағұрлым көп болды.
Оның үстіне шайқас алдында француздар ағылшындардың азық-түлік артқан біраз арбасын қолға түсіріп бір масайрап, енді өздерінің жеңісіне еш күмәні қалмады.
Жеңістен соң барлық ағылшындардың ортан терек саусағын кесіп тастауға уағдаласты.
Неге ортан терек?
Ағылшын садағы тиса ағашынан жасалып, садақ атуды «тисаны тарту» (pluck yew) дейді. Кейінірек «pluck yew» сөзі әлдебір себептермен (айтылуының қиындығынан деседі) «P» «f» әрпіне , ал «yew» сөзі «you» сөзіне айналып кетті. Қазір біздің кейбір ағайын тілін бұрап фак ю» деп жүргенді қазақша айтсақ "пәки ю" болып шығады (Қателессек ағылшын тілі мамандары түзете жатар).
Ортан терексіз ағылшын садағын тарту мүмкін емес.Ал атақты "Азенкур шайқасы" немен бітті?
Дұшпанды менсінбей дандайсыған француздар Азенкур түбіндегі шайқаста (1415 ж. қазан айы) 10 мың адамынан айрылды. Оның 8 мыңы ақсүйектер еді. Қаза тапқандардың арасында Валуа әулетінен шыққан 8 ханзада, коннетабль (маршал) Шарль д'Альбре, оның көмекшілері - 2 адмирал, садақшылардың бас қолбасшысы, архиепископ Монтагю бастаған француздың аса ірі 120 шонжары болды.
14 мың француз ағылшын тұтқынына түсті. Тұтқынға түскендердің арасында принц Орлеанский, маршал Жан Бусико, Вандом, Ришмон ханзадалары, 1500 рыцарь болды.
Ағылшындардың ортан терегін "алдын ала кесіп тастаған" француздар өз бастарынан айрылды.
Ал король Генрих V басқарған ағылшын әскері бар болғаны 1600 адамынан айрылды.
«Қашпаған қашардың уызына тою» деген осы болса керек..
Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫ