Күнде таңертең бір апайды көремін. Жасы 45-50 шамасында. Баламның балабақшаға баратын уақытта ол жұмысына шығады. Күнделікті бір уақытта кездесеміз. Қызметбасты екені көрініп тұр. Жеңіл көлігіне отырып, зулай жөнеледі. Есімін білмесем де, күнде көрген соң, бас изеп амандасып өтеміз. Бір күні балам ауырып, дәрі егетін медбике іздедім. Көршілеріміз әлгі апайдың медбике екенін айтты. Балаң ауырғанда ана жүрегің тыншымайды. Әйтеуір көмек сұрап барсам, көкірегімнен итермес деп сендім.
Үйімізге қатарласа орналасқан көпқабатты үйге баламды алып бардым. Екі бөлмелі үй екен. Мән-жайды түсіндіріп айттым. Сөзге сараң, мінезі ауыр, томаға-тұйық жан екен.
-Дәрігер емеспін. Медбикемін. Дәрігердің қағазынсыз ештеңе істей алмаймын,-деді. Бұдан алдын алып жүрген дәрілер екенін түсіндіріп айттым. Баламның жағдайына және менің көңіліме қарап айтқаныма көнді.
Осылайша баламды ауруынан айықтырған ақ халатты жанға риза болдым. Әркез көрген сайын жанашыр адамды көргендей болам. Сырқатыңнан айықтырған адамның жақсылығын ұмыту мүмкін емес. Әсіресе сөйлеу білмейтін періштеңді дертінен айықтырып берсе?! Сын-сағатта барын салып, өз ісіне адал екендігін дәлелдегендей.
Күнде таңертең кездестіретін апайды көрмегелі көп болды. Көлігін де көзім шалмады. Аулада көрші келіншектермен әңгіме дүкен құрып отырғанбыз. Әлгі апай туралы сөз болды. Күн-түн демей, ауырған науқастардың аяққа тұруына көмектесіп жүріп, өзі ауру жұқтырыпты. Екі өкпесі қабынып, бар-жоғы бір жетінің ішінде бақилық болып кетіпті.
Жиырма бес жыл бойы медицинаға өз өмірін сарп етіп, өз дертіне шипа табылмай өмірден өтіпті. Сол қызметте жүріп алған баспанасы қаңырап иесіз қалып, темір көлігі керексіз болып қала беріпті. Жұмыстың соңында жүрген ол отбасылы болмапты да. Артында қалған не ұлы, не қызы да қалмапты. Бір кем дүние-ай! Артында жоқтаушысы қалмаса да қиын екен...
Кезінде қол ұшын берген жанның бұл өмірде жоқтығына сене алмай, еріксіз көзге жас келді.