Баланы ата-әженің тәрбиесіне берген дұрыс па?

Баланы ата-әженің тәрбиесіне берген дұрыс па?

ашық дереккөзі

 width= Қазақтар тұңғыш немерені ата-әжесінің тәрбиесіне беретіні бұрыннан бар. Бұрын заманға қарай, қажеттіліктен баланы ата-әжеге табыстап, жас ата-ана қызметте көтерілуді мақсат тұтатын. Ол кездері ата-әже баланы тәрбиелеу, ал жас ата-ана қызмет етуді басты міндет санайтын. Ал қазіргі кезде ата-ана қандай жағдай болмасын баланың көз алдында өскенін қалайтыны рас. Жалпы бала кімнің қолында өссе де, өн-бойына көргенін, естігенін жиып өсері анық. Ата мен әженің қолында тәрбиеленген бала өте ақылды, зерек, байқампаз болып өседі. Тілі де ерте шығады. Өйткені атасы мен әжесі тек үлкен адамдардың тілінде сөйлейді. Ерінбей сұрақтарына жауап береді. Алайда "тұңғыш немереміз" деп артық еркелету баланың өзімшіл болып өсуіне әкелетініне үлкендер мән бере бермейді. Ерекше жақсы көрудің кемшіл тұстары болатынын да айта кеткеніміз жөн. Баланы ата мен әженің тәрбиесіне бергеннің кері жақтары да кездеседі. Олай дейтініміз, бала өз еркінсіз ата-анасынан ажырайды. Бұл деген кішкентай бала үшін психологиялық соққы. Әлі есі кірмеген бала өсе келе, әке-шеше мейірімін көрмегендігін байқай бастайды. Бір ата-анадан туса да, өзі бір бөлек, ізінен ерген іні-қарындастары бөтен екенін сезінеді. Қатігездік пен реніш бойын кернейді. Ана мейірімін, махаббатын көрмей өскен ондай бала өмір бойы өз сезімін ашық білдіре алмай, сөзбен жеткізе алмайтын ынжық болып өсуі мүмкін.  width= Екінші бір тоқтала кететін мәселе, бала есейе келе түрлі себептермен өз әке-шешесіне қайта оралады. Бұл кезде бала екінші мәрте психологиялық күйзеліске түседі. "Айтқаны айтқан, дегені болған" оны әке-шешесі атасы мен әжесіне ұқсап, "сенікі дұрыс" деп басын сипай бермейтіні анық. Осылайша есейген бала бұл жолы да туған әке-шешесіне үйрене алмай жатады. Осындай сынақ баланың өміріне кері әсер етуі ғажап емес. Сонда баланы ата-әжесі тәрбилегені дұрыс емес пе деген сұрақ туындайды. Әрине дұрыс. Ата-әженің берген дұрыс тәрбиесі керек-ақ, егер бір шаңырақ астында тұрса. "Әкенің берген тәрбиесін жүз мектепте бере алмайды" деген қағидаға сүйенсек, бала әкенің қатал мінезін көріп, бойына керегін жинағаны абзал. Ал аналық мейірім адамға әркез керек. Сондықтан баланы зат деп емес, ертеңгі өмір деп тәрбиелеген жөн.

Жүктелуде...