29 маусым мен 10 шілде аралығындағы ковид статистикасы өсіп кеткен. Президент Үкімет пен әкімдер жұмысын қатаң сынға алды.
– Баяндама бетінде жағдай бақылауда болғанымен, іс жүзінде олай емес. Президент Әкімшілігіне еліміздің барлық дәріханаларындағы дәрі-дәрмектерді тексеру жөнінде тапсырма бердім. Нәтижесі көңіл көншітерлік емес. Батыс Қазақстан, Атырау, Жамбыл, Қарағанды облыстарында, Нұр-Сұлтан мен Алматыда дәрі тапшылығы, ұзын-сонар кезек әлі де бар. Аса қат дәрілердің бағасы қымбат екені анықталды. Көлеңкелі бизнестің көлемі артып бара жатыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Елімізде шектеу шаралары қабылданғанымен халық әлі де отбасылық мерекелер жасауды жалғастырып жатыр. Атап айтқанда, мұндай жағдай Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстары мен Шымкент қаласында байқалады. Президент әкімдер карантин режимін сақтауға бағытталған түсіндіру жұмыстарын әлсіз жүргізгенін сынға алды.
– Министрлер мен әкімдер оңтайлы жағдайда жұмыс істеп үйреніп қалған. Мұнай бағасы 100 доллар болған кезде, жақсы бағдарламалар қолға алынып, бюджеттен ақша бөлінді. Имидждік шаралар көп ұйымдастырылды, әкімдер мен министрлер түрлі форумдарда Қазақстанның көркеюі туралы баяндама жасап үйренген. Оған жылына қыста және жазда екі рет демалуды қосыңыз. Бұл мемлекеттік құрылымның әлсіреуіне әкелді. Мемлекеттік құрылым пандемия кезінде жұмыс істей алмайтындығын көрсетті. Қазіргі жағдай біздің ортақ жұмыстың нәтижесі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Естеріңізге сала кетейік, 18 шілде күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет мүшелері және әкімдермен короновирустың таралуын болдырмау жөнінде тапсырмалардың орындалу барысын тексеріп, кеңес өткізген еді. Кеңес барысында, Мемлекет басшысына 29 маусым мен 10 шілде аралығында қолға алынған шаралар туралы баяндалды.