Жомарттық жоғалмаған.Ақтөбелік жігіттер өздеріне жетпей жатса да мұқтаж әріптесіне үй алып берді. Қайырымды азаматтар ел танитын бай да емес, би де емес, қазіргінің меценаты да емес. Қарапайым күзетшілер. Иә, жалақыдан жалақыға жармасып жүрсе де, бірнеше жылдан бері әрқайсысы айына 500 теңгеден бөлек алып қоя беріпті. Баспананың бағасы жиналғанда жетім жігітке жәрдем болды. «Көп түкірсе көл» деген осы. Бірнеше қабатты үйде бір өзі тұратын, он-ондап көлік алатын, шалқып басып, шалқайып жүретіндерге үлгі болатын игілік екен. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасына
Newsroom+Ақпарат агенттігі сілтеме жасап хабарлайды.
«Әлі күнге дейін сенбеймін өзімнің үйім бар екеніне. Бірақ, үйреніп келе жатырмын...»
Бесіктен белі шықпай жатып сәбилер үйіне түсіп, кейін балалар үйі, артынан отбасы үлгісіндегі үйде тәрбиеленген Мұхамбетжан «өз үйі - өлең төсегі» бар екеніне әлі де сенбейді. 18 жастағы студент жігіт күзет қызметіндегі ағаларымен танысқан сәттен бастап өмірі өзгергенін айтты.
МҰХАМБЕТ ТЕРЖАН, БАЛАЛАР ҮЙІНІҢ ТҮЛЕГІ:
«Алға балалар үйінде болдым. 14 жасымнан бері осы күнге дейін, 18 жасқа келгеніме қарамай, қолдау беріп келе жатыр. Өзімді бақытты бала сезінемін.»
2014 жылы күзет мекемесіндегілер Алға балалар үйімен байланыс орнатып, ондағы көп баланың біріне қамқорлық жасауды ұйғарыпты. Оқуы мен тәртібі жақсы, спортқа бейім, әрі қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын Мұхамбет бірден көзге түседі. Күзет қызметкерлері де Мұхамбетке бауыр басқандары сондай, каникул кездері үйлеріне қонақ қылып, кейін колледжге түсуіне ықпал еткен. Үнемі қамқор болып жүрген.
ӘДІЛХАН АЙМАҒАМБЕТОВ, КҮЗЕТ МЕКЕМЕСІНІҢ ӨКІЛІ:
«Біздің ұжымның жұмысшылары өздері, ақшаларынан бөліп тұрамыз деді. Бір жылда- бір рет. Жұмысшыларымыздың айлықтары да онша үлкен емес. 50-60 мың. Соның арасынан 500 теңгеден бөліп, 2014 жылдан бері жиналған ақшаға осындай үй алып беріп жатыр»
Баспананы жөндеу, ішіне жиһаз, керек-жарақты алуды да күзет мекемесіндегілер өз мойындарына алыпты. Мұхамбет әңгіме арасында ағаларына қайта-қайта алғыс айтумен болды. Ол қазір колледжде білім алып жатыр екен. Демалыста жүргеніне қарамастан еңбек етіп жүр. Үйдің бар тірлігі өз мойнында.
18 жастағы жігіттің бір ғана арманы бар. Ол бақытты отбасын құру.
МҰХАМБЕТ ТЕРЖАН, БАЛАЛАР ҮЙІНІҢ ТҮЛЕГІ:
«Әлі көп жоспарлар бар ғой.
- Не істегің келеді?
- Жақсы отбасым болса деймін...»
Маңдай терімен тапқан титтей жалақысын қайырымдылыққа жұмсап жүрген жігіттердің өздерімен де сұхбаттасқымыз келген. Бірақ, олар жасаған жақсылықтарын жарнамалағысы келмейтіндерін айтып, ат-тондарын ала қашты. Алдағы уақытта олар қаза тапқан әріптестерінің балаларына қамқор болып, солардың баспаналы болуына көмектескісі келетіндерін айтты.
https://www.youtube.com/watch?v=UVNuRbl149U