1900 жылдың басында Ресей империясына тиесілі Благовещенск қаласында 40 мың адам өмір сүрді. Оның 7-10 мыңы қытайлар еді. Жаз мезгілінде уақытша жұмыс іздеп бұл аймаққа тіпті көп қытайлық азамат келетін. Қытайдың ішкі аймағында жұмыс табу өте қиын болды.
1899-1901 жылғы ихэтуаньдар көтерілісі елдің әлеуметтік жағдайын нашарлатып, экономиканы кері әкетті. Ихэтуаньдар Қытайдан барлық шетелдіктерді қуып шығамыз деген мақсатпен көтерілісті бастап, Қытай қалаларында атыс-шабыс көбейді. Бірнеше мәрте Ресей империясының елшіліктеріне де шабуыл жасау орын алды.
Орын алған жайттар Благовещенск қаласындағы қытайларды қатты алаңдатты. Олар қала басшылығына «өздерінің қауіпсіздігі» алаңдататыны жайлы хат та жазды. Басшылық «бейбіт тұрғындар алаңсыз ұйықтап, жұмыс істей берсе болады» деген жауап қатты. Амур өзенінің арғы бетінде көтерілісшілер пайда болып, Қытайда кескілескен ұрыстар өтіп жатқан сәтте, бергі беттегі Ресей империясының Благовещенск қаласында бейбіт өмір мен тыныштық орнады. Алайда 15-шілде күні Қытай көтерілісшілері Благовещенскті атқылап, бейбіт тұрғындар қаза тапты.
1900 жылы 17-шілдеде Ресей империясы қытайларды Благовещенск пен оның маңайындағы елді-мекендерден күштеп шығаруды бастады. Ресей басшылары «Благовещенск қаласындағы қытайлар көтеріліске қосылып кетуі мүмкін» деген күдікпен оларды күштеп қуды. Қатаң күштеп көшіруден 7 мыңнан астам қытай азаматы көз жұмды. Амурдың арғы бетіне жүзіп өтпек болған бірнеше мың қытайлықтың тек жүзден астамы ғана жағалауға жетті. Біразын казак-орыс отрядтары атып, қылышпен шауып тастады. Операцияны офицер Грибский басқарды. Ол 1902 жылы «тым қатыгездік танытқаны үшін» деген айыппен орнынан алынып, бір жыл өткен соң губернатор болып тағайындалды. Тарихшылар бұл оқиғаға әлі нақты баға берілмегенін жазады. Соңғы уақытта «Благовещенск оқиғасы» Қытайда көп айтылуда. Қытай тарихында бұл қанды қырғын «1900 жылғы Қытай қырғыны» деген атқа ие.