"Айта, айта, Жамал апай қартайды" дегендей, көптің ашуын тудырған "Қалаулым" бағдарламасы атын өзгерткенімен, затын өзгертпеді. Талай рет бағдарламаны жабу туралы ұсыныс айтылғанымен, бағдарлама өз жұмысын атқарып келеді.
Қазіргі таңда ерекше бір қырыңмен танымал болмасаң, атыңды шығара алмайсың. Қалайда танымалдылыққа қол жеткізісі келетін жастар әлеуметтік желілерде түрлі бейбастыққа барып жатыр. Ондай бағдарламаны көрген жасөспірімдер жеңіл атақ пен оңай ақша табуға ұмтылары сөзсіз. Бұл туралы айтыла, жазыла жауыр болғаны рас.
Біздің бүгінгі айтпағымыз, 1 Еуразия арнасындағы "QosLike" бағдаламасының қатысушыларының заңға бағынбайтыны туралы болмақ. Елдегі карантин кезіндегі сақтық шараларын сақтау туралы арнайы қағидалар бар. Арақашықты сақтау, маска киіп отыру, көп адам жиналатын орындарға бармау сынды. Алайда бұл бағдарлама бұл тәртіпке мүлдем бағынбай отыр. Оларға мемлекеттік заңдардың күші жоқ па? Әлде ол жерде сағаттап отыратын қатысушылар індет жұқтырмайды ма? Саябақтарда үш адамнан артық жүруге болмайтыны туралы бапты мысалыға алып көрелік. Қатысушы бар, үміткері бар, жалпы ұжым қызметкерлері барлығы отыз-қырық шақты адамдар бір студияда топырлап жиналады. Тікелей эфир үш сағатқа жуық уақытта көрсетіледі. Жиналғандар ең бастысы, масканы иегіне тағып, кейбірі мүлдем тақпай отырады. Сонда індетті таратып жүрген дүкенге нан алуға барған қара халық па, хайп қуып келген сайқымазақ махаббатшыл әртістер ме? Аты мен заты ұқсас бір бағдарламадан екінші бағдарламаға ауысып жүрген сол қатысушылар ең болмаса елдегі қатып қалған қағиданы орындаса болар еді?!
Күні кеше масканы иегіне тағып алғандарға айыппұл салынады деген бас санитардың қаулысы заң күшіне енді. Екі күннен соң, әлгі бағдарлама қатысушылары иектеріне қойып алып, баяғысынша отыр. Заң жалпыға бірдей. Орындау міндет.
Онсызда қара халықтың ашу-ызасы жетерлік. Халық қойша қырылып жатқан заманда арзан күлкі, өтірік-ойын ашуды тудырып отыр. "Махаббат қызық мол жылдар" емес, жақынынан айырылған сор жылдар болып өтіп жатыр түсінген пендеге.