Коронавирустық пандемия әлемнің экономикасына үлкен соққы беруде. Әсіресе қарт құрлықтың көшбасшысы саналатын Германия үлкен зардап шеккені мәлім. Десе де халықаралық Бумберг агенттігі Еуропа елдерінің біртіндеп ес жиып жатқандығын жазды осы аптада. Атап айтқанда ірі өндірушілер де, жеке тауар шығарушылар да өнімдерін өткізе бастады. Бұл деген сөз шаруашылықтың күре тамырына қан жүгіртіп, жүрегіне жан бітірдіге саяды.
Енді осы тұста мына бір жайтты ерекше атап өткен абзал. Қазір ел аузында коронавирус індеті қолдан жасалған, бәсекелес я бақталастарға экономикалық әлеуметтік соққы беру үшін ойластырылған әрекет деушілер бар. Расында солай ма? Себебі індет қытайдан шықты, онымен күресудің міндеті бүкіл әлемге жүктелді. Сарапшылар не дейді? Бұл туралы
Newsroom+ақпарат хабарлайды Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
https://youtu.be/8LIrTXiQTEA
Коранвирустың шығу тегі туралы конспирологиялық теориялар көп. Біз қазір ең өзекті саналатын екеуіне тоқталсақ. Бірі қатерлі вирусты Қытай ғалымдары бактериялогиялық қару ретінде ойлап табуы мүмкін. Екіншісі АҚШ әскерилері ойлап тапқан биологиялық қару.
2015 жылғы 12 қарашада жарық көрген Нэйчуу (Nature) басылымында Ғалымдар аса қауіпті тұмаудың түрін ойлап тапты деген атаумен мақала жарық көрді. Оны жазған автор біреу емес, 10 адам. Олардың сегізі Солтүстік Каролина университетінің ғалымдары.
Биологтар адамға шапшаң жұғып, оның өлімін жеделдететін вирусты ойлап тапты. Олар Қытайда тіршілік ететін жарқанаттың коронавирусынан гибрид жасау үшін түрлі тәжірибелер өткізді. SHC014 бетіндегі ақуыздарды жарқанаттың өкпесінен алынған SARS вирусымен шағылыстырып, нәтижесінде мутант вирус пайда болды. Тест нәтижелері оның адам ағзасында өте жылдам әрі белсенді таралуға бейіл екенін анықтады.
Бұл 5 жыл бұрын жазылған мақала.Әсілінде бұл Сарс вирусының мутацияға бейіл екендігі, қатерлі індет таралуы мүмкін деген ескерту болатын.
Кейін АҚШ әскерилері қытайға вирус әкелді деген қауесет шықты қытайда. Президент Дональд Трамп оны жоққа шығарып, керісінше Ковид Қытайдан келді деген-ді. Сондай ақ Сенатор Том Коттон Фокс Ньюс арнасының Қытай лабораториясындағы мамандар вирусты бақылай алмай қалуынан, Уханьда жаппай індет таралуы мүмкін бе деген сұрағына былай деп жауап беріп, отқа май құйған болатын.
ТОМ КОТТОН СЕНАТОР: «Биологиялық қауіп тұрғысынан төртінші дәрежелі саналатын, аса қатерлі микроағзалармен жұмыс істейтін Қытайдың берден-бір супер зертханасы Ухань қаласында орналасқан. Басқа жерде ондай лаборатория жоқ. Өздеріңіз бағамдай беріңіздер».
Қытай мамандары бірден қарымта мәлімдеме жасап, вирустың зертханадан шығып базарларға таралуы ықтималдығын толықтай терістеді. Айтуларынша бұл табиғи жұқпа. Айтпақшы осы пікірді дүниежүзінің медициналық қауымдастығынан бастап барлық мемлекеттер құптайды. Трамптан басқасы.
ӘДІЛ КӘУКЕНОВ САЯСАТТАНУШЫ: «Егер бұл бактериологиялық қару, қасақана таратылған індет болса, онда әлемнің бүкіл мемлекет басшылары айтатын еді. Алайда бұл қастық деп Трамп қана айтып отыр. Неге? Себебі алда президент сайлауы келе жатыр. Қазір Дональд мырзаның беделі халық арасында түсіп барады. Сондықтан ол көне классикалық қадамға барып отыр, яғни жұртыңның алдында қадірің кете бастаса, сырттан жау іздеу».
РАСУЛ ЖҰМАЛЫ САЯСАТТАНУШЫ: «Қастандық ойлап тапқан кез-келген тарап оның нәтижесінде өзі бір пайдаға кенеліп жатады. Өзі бір мүддесін іске асырып жатады. Бірде-бір мемлекет бұдан бір пайда көріп отыр деп айта алмаймыз. Бұл Америка болсын, Еуропа болсын, Қытай бола ма. Барлығы да күйзеліске ұшыраған».
Cоңғы бірнеше жылда Қытай мен АҚШ арасындағы сауда соғысы деп айдарланған экономикалық қырғи қабақ қарым-қатынас туралы айтылып келеді. Бұл текетірестің Трамптың сайлауалды беделін құтқаруға қатысы шамалы. Мәселе басқада. Қытай таяу келешекте экономикалық даму жағынан Американы қуып жетеді. Оны АҚШ саясаткерлерінің қай-қайсысы болмасын тежеуге тырысып бағады. Дегенмен экономистердің пайымынша қазір саяси ойындарға қарағанда экономикалық ахуалды қалыпқа келтіру маңыздырақ.
Дәл қазір Блумберг сарапшылары Еуропа экономикасы коронадағдарыстан оңала бастады деп жатыр.
МАДИЯР КЕНЖЕБОЛАТОВ ЭКОНОМИСТ: «Еуропа экономикасы Сәуір, Мамыр айлары аралығында рекордты құлдырауды бастан кешсе маусын айындағы көрсеткіштер әсіресе өнеркәсіптік салада жақсы. Өсім байқалады. ПиЭмАй индексі, яғни өнеркісіптің өсуі тек Еурпа емес, АҚШ пен Қытайда да күрт жақсара бастады».
Қарт құрлық Қытай үшін қазір ең басты сауда серіктестерінің біріне айналып келеді. Сондықтан қазір арадағы алыс-беріс жанданса, орталарында жатқан үшінші тарапқа оның пайдасы тимек.
БАУЫРЖАН ЫСҚАҚ ЭКОНОМИСТ: «Бұл өз кезегінде дамушы мемлекеттерге, соның ішінде қытайдың негізгі импорттаушы мемлекеттері болып табылатын Қазақстанға да өзінің пайдасын, тиімді әсерін тигізеді. Өйткені Қытайдың экономикасына Қазақстанның жалпы экспорттайтын тауарларының үлесі 60 пайызды құрап жатыр».
ӘДІЛ КӘУКЕНОВ САЯСАТТАНУШЫ: «Қытай тауарлары қазір темір және көлік жолдары арқылы Еуропаға жақсы кетіп жатыр. Сәйкесінше Еуропадан Қытай бағытына да тауарлар толқыны ағылуда. Негізінен Қытайдағы еуропалық автомобиль зауыттарына қосалқы бөлшектер, дәрі-дәрмек пен басқа да өнімдер. Біз үшін бұл алыс-берістің тоқтамағаны маңызды. Себебі Қазақстан транзиттік ел ретінде кедендік алымдарының мөлшерін ұлғайту арқылы қазынаға тәп тәуір кіріс кіргізе алады».
Алайда сауда-саттықтың бәсеңдеуін де жоққа шығаруға болмайды. Себебі коронавирус қолдан жасалды ма, жасалмады ба, бәрібір бүгін ертең тоқтай салайын деп тұрған жоқ. Вакцина табылғанша жеңіс бермейтіні анық. Айтпақшы саясаттанушы Расул Жұмалы ковид жұқпасының таралуын табиғат пен адамзаттың арасындағы жарияланбаған соғыс деп атады. Жеңістің дәмін тату ол тек дұрыс қабылданған шешімдер арқылы ғана мүмкін дейді. Бұл мезгілсіз бақталастыққа, қырғи-қабақтыққа, саяси ойындар мен конспирологияға арқа орынсыз жол бермеу, қарапайым сақтық талаптарын адам жеке бас және елдік дәрежеде сақтау.