Аюпов Рашид Абатұлы қызметіне кіріскеннен бастап қаланы Халықаралық деңгейде дамытып, рухани шаһардың ескі болмысын сақтай отыра, заманауи дүниелермен ұштастыруға басты назарын бұрды. Ол үшін халық көкейіндегі ұсыныс-пікірлердің маңызды екенін ескере отыра, алғашқы күннен бастап тұрғындармен кездесуді алға қойды. Оның ішінде, жол жөндеу, балалар және спорт алаңшаларын салу, электр желісі, су, демалыс орындарын көбейту сынды сауалдар көптеп қойылған болатын.
Қазір сол күнге артқа шегінер болсақ, салыстырмалы түрде бүгінде қала тұрғындары үшін 121 спорт алаңы, 45 спорт залы, 4 жүзу бассейні, 4 спорт кешені, 2 стадион халық игілігіне қызмет көрсетуде. Оған жуық арада «Ashyq aspan» мен «Turkistan Arena» қосылмақ. Есепті кезеңде бұқаралық спортты дамыту бағытында қаланың әр аумағынан 12 кіші футбол алаңшасы мен 6 теннис корты пайдалануға берілді.
2019 жылы елді алаңдатқан Арыс қаласының жағдайын жіті бақылап тұрды. Түркістан мен Нұр-Сұлтан қаласы жауапты 9-учаскідеге жөндеу жұмыстарының сапалы жүруін бақылады. Әкімдік қызметкерлерінің құзіретін бағалайтын тест өткізді. Сол арқылы қызметкерлер деңгейін біліп, төмен баға бойынша, алға адымдауға, қай сала бойынша шыңдау қажет екенінен хабардар болып, жұмыстар жасады.
10 шілде күні Түркістан қаласының жаңа логотипін халыққа ұсынды. Логотиптің негізгі сарыны – Жібек Жолы бойындағы қозғалыс. Алдымен қоғамдық тыңдауда, одан соң мәслихат сессиясында қаралып, бірауыздан оң пікірге ие болды. Қазіргі уақытта логотип – қаланың басты символына айналды. Әрбір саябақтарда, қоғамдық орындарда, қаламсап, сөмке, киімдер, баскиімдерде, сыйдорбаларда арнайы логомен шыға бастады. Мұнда ежелгі және қазіргі заманның ұштасуын көруге болады. Логотип бейнеленген бас киімді бүгінде ҚР Премьер-Министрі мен облыс басшысынан бастап, тұрғындар да мақтанышпен киіп жүр.
Жастармен апта сайын сенбілік күнді бірге өткізді. Жастар саясатымен қатар, олардың пікірлері мен ұсыныстарын қабылдап, үніне құлақ түріп отырды. Осы ретте, «Волонтерлар жылына» орай «Асар» еріктілер ұйымы құрылды. Қазірде аталған ұйымның беталысы жаман емес. Жастар түрлі жағдайларда көмек көрсетіп, міндеттерін ойдағыдай атқарып жүр. Әсіресе, елдегі төтенше жағдай мен қаладағы карантин режимінде бетперде тігіп таратып, Мақтаралдағы су тасқыны кезінде тұрғындарға көмек көрсетті.
«Түркістан – қауіпсіз қала» жобасы аясында әсіресе, базар маңында жол және тұрғындар қозғалысының ретке келуіне септігін тигізді. Бұл тұста, күн-түн тәртіпті жіті қадағалап, нәтиже шығара білген полиция қызметкерлерін де айта кеткен жөн. Полиция бекеттері ерекше, пирамида үлгісінде шыныдан жасалынды. 25 қыркүйек күні «Ашық қоғам, ашық полиция» ретінде қала әкімдігі жанындағы пирамида үлгісіндегі алғашқы полиция пункті ашылды.
Қала аялдамалары жаңа жобамен жасала бастады. Бұл жұмыста қала басшысы жазда ыстықтан, қыста суықтан қорған болуы үшін жабық, ішінде теледидар, wifi болуын жүктеді. Алғаш «Әмір Темір» аялдамасы ел игілігіне берілді. Қыркүйек айында Италиядан тазалау машиналары әкелініп, аяқ және веложол тазалығын қамтамасыз етуде. Ол шаңнан, қоқыстан тазалап, жуады. Одан бөлек, қазан айында облыс орталығы жаңа техникалармен толықты. Қала тазалығы мен жол жөндеу жұмыстарына арналған заманауи талапқа сай 34 арнайы көлік берілді. Бірнеше қоқысты сұрыптап салатын қоқыс жәшіктері қойылып, креативті үйлестіру үшін жоғары бөлігіне гүлдер қойылды.
Одан өзге тұрғындар қуанышын арттырған жалпы саны 996 пәтердің қоныс тойы тойланды. Оның ішінде пәтер кезегімен алғандармен қатар, облыс орталығына қызмет етуге аяқ басып келген мемлекеттік қызметшілер де бар. 1 және 2-мөлтек аудандардағы жылу жүйесін көмірден көгілдір отынға ауыстыру туралы шешім қабылданып, осы жылдың қысында тұрғындар табиғи газ жүйесі арқылы жылу алатын болады.
Одан өзге, Бекзат Саттарханов даңғылы мен Жібек Жолы көшесінде лэд бағандар қойылып, жолақтар саны артып, айналма жол салынуда. Қалада биылдың өзінде 100-ге тарта көшенің орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Веложолдар мен аяқжолдар да салынуда. Облыс орталығында «Жасыл белдеу» қалыптасып, қала әкімдігімен қатар, облыс аудандары мен басқармалар тарапынан 3 млн-ға жуық ағаш отырғызылды. Нәтижесінде, қаланың жасыл желекке айналу қарқыны артып, жексенбілік демалыстар жасауға мүмкіндік жасалуда.
Орталық көшелердің сырт келбетінде түйелер керуені бейнеленді. Бұл – шығыстық стильдің жаңғыруына септігін тигізді. Көше бойлары мен желілік саябақта салынған ирригациялық каналдар ыстық ауа-райында салқын леп сыйлауға көмектеседі. Сондықтан, бұл жұмыстар да қалада қарқын алған. Ал, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында мектептерге арналған INDIGO, SAKURA, MINDAL бағдарламаларымен қатар, жол қауіпсіздігін қадағалау үшін былтыр жыл соңында 200 бейнекамера орнатылды. Алда, 300-ін ортану жоспарланған. Мақсат — айыппұл салу емес, қауіпсіздікті жандандыру. Одан өзге, биыл «Қабылдау орталығы», «Теміржол вокзалы» және Қ. А. Ясауи кесенесінде «Ашық wifi» жүйесі туристер үшін орнатылды. Алда халық көп шоғырланатын 7 саябаққа орналастыру жоспарда. Қала көшелерінің 18 пайызында ғана жарық болса, бүгінде 30 пайызға жетіп, Түркістанның күнімен қатар, түні де жарықтануда.Түркістан дүниежүзілік «Біріккен қалалар және жергілікті билік» ұйымына мүше болып, тарихи жәдігерге толы шаһар 100-ден аса елде таныстырылып, жарнамаларда көрсетілді, туристер санының артуына ықпал етті. Айта кетерлігі, 2019 жылы қаламызға келген зияратшылар мен туристер саны 1 млн. 601 мың адамды құраған. Биыл бұл санның өсуін жоспарлаған қалада еліміздегі карантин мен төтенше жағдай режиміне байланысты әуе, теміржол байланыстары да тоқтағаны белгілі. Есесіне, «Қабылдау орталығы» техникалық түрде жұмысын жасап, әр келушінің бірінші аяқ басар орталығына айналды. Мұнда туристер үшін барлық жағдайлар жасалған.
Қала әкімдігі жанынан ашылған «Халықтық кеңсе» бүгінге дейін 20 мыңға жуық тұрғынның 70-ке жуық мемлекеттік қызметті бір нүктеден алуына және уақыт жоғалтпауына мүмкіндік берді. Алдағы уақытта қаланың шеткі аумағынан және құрылысы қарқынды жүріп жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің бірінші қабатынан салу жоспарлануда.
Былтыр білім саласы бойынша 900 орындық А. Байтұрсынов атындағы №1 жалпы орта мектебі пайдалануға берілді. Алдағы уақытта да облыс орталығында жаңа мектептер пайдалануға беріліп, оқушы-жастардың сапалы білім алуына мүмкіндік бермек. Тағы бір үлкен жобаның бірі – қаланы толығымен табиғи газбен қамтамасыз ету. Бұйырса, осы жылы Түркістанды 100 пайыз көгілдір отын түріне өткізу үшін жұмыстар ширатылған. Қазір де атқарылған жұмыстар 70 пайызға жуықтайды. Сонымен қатар, электр қуатын сапалы электр желілеріне ауыстыру жұмыстары да жобаға сай іске асуда.
Қала халқына жайлы әрі қолайлы жағдай жасау мақсатында демалыс орындарының саны артты. Бүгінде «Парасат», «Гүлдер»,» Жеңіс» саябақтары мен Теміржол вокзалы алды қайта жаңғыртылса, жаңадан 10-нан астам саябақ, аллея мен скверлер салынды. Онда ерекше үлгідегі, суды бу түрінде шашатын субұрқақтар орнатылды. Соның ішінде «Махмұд Қашғари скверін» ерекше айтып өтуге болады. Түркі халықтарының ең алғашқы картасында Яссы қаласы да бейнеленген.
Одан өзге, Түркістанда алғаш рет балалар, жастар, кәсіпкерлерді қолдау мақсатында «Damdi Turkistan» тағамдар фестивалі, балалар бизнес жәрмеңкесі, «Квартирник», «Шабыт» кештері өткізіліп тұрды. Айта кетерлігі, «Damdi Turkistan» тағамдар фестивалінде бір қазанда жеті түрлі «Достық» палауы және ұзындығы 5 метр кәуап пісірілді.
Салауатты өмір салтын ұстанып, серуен құру үшін «Turkistan bike» жобасы іске асып, қаланың әр бөлігіне орнатылды. Қоғамдық көліктер де «Yutong» маркалы автобустармен толықты. Алда жаңа автопарк ашып, қоғамдық көліктер санын арттыру жоспарда тұр.
Облыс орталығын дамытуда өңір басшысы Өмірзақ Естайұлының Арыс қаласын аяққа тұрғызған жобасы, Түркістанда да іске асып, 32 сектор жұмысы бүгінде өз жемісін беріп келеді. 175 мыңға жуық халқы бар шаһар тұрғындарына жайлы жағдай жасау мақсатында облыс аудандары мен басқармалары үлес қосуда. Рашид Абатұлы бастаған әкімдікке қарасты 1-сектордың үлгілі көшелері де адамдар демалатын қолайлы ортаға айналып келеді. Мұның барлығы тарихи шешім қабылдаған Елбасымыздың, әрдайым қолдау танытып жүрген Мемлекет басшысының және Рашид Абатұлына сенім артып келген өңір басшысының тындырымды істерінің жемісі деп айтуға негіз бар.
5 ақпанда қала басшысы есеп беру кездесуін «TedX» форматында өткізіп, барша жұрттың ілтипатын алған еді. Ал, қазіргі елдегі жағдайларға байланысты әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы халықтың көкейіндегі сауалдарына құлақ түруін тоқтатпай, кері байланысты үнемі жаңғыртып тұрды.