"Егер былтыр мен биылғы бірінші жартыжылдықтағы өкпе қабынуынан көз жұмғандар санын салыстырсақ, статистика өзгере қоймаған. Былтыр алты айда 1780 адам қайтыс болса, биыл 1772 адам. Бірақ осы маусым айында тағы да өсіп, 628 адамға жетті. Алматыны мысал ретінде келтіруге болады. Қалада жағдай ушыққан соң, виртуалды жұқпалы аурулар ауруханасы ашылған. Сонымен бірге науқастарға бақылау жүргізетін орталық жұмыс істей бастады", -деп жазады Айжан Есмағамбетова, ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігері.
Ал Алматы қаласының әкімі маусым айында тәулігіне 4 мыңға дейін қоңырау түскенін айтады.
"Тек соңғы айда қалада ЖРВИ мен пневмония ауруларының саны бес есе өсті. Мұны індеттің көрінісі ретінде қарастырып отырмыз. Бұл ретте жедел жәрдем қызметіне жүгінушілердің саны күрт көтерілген. Маусым айында тәулігіне 4 мыңға дейін қоңырау түскен", - дейді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Жағдайдан шығу үшін Денсаулық сақтау министрлігі коронавирусқа ұқсас сырқаттармен ауырып жатқандарды дәрі-дәрмекпен қамту жөнінде шешім қабылдаған. Министрлік әкімдіктерге қосымша дәрі-дәрмек сатып алу жөнінде тапсырма берген. Ал ол антибиотиктер мен ыстықты басатын дәрілер жұқпалы респераторлық вирустық инфекциямен және үйінде емделіп жатқандарға тегін таратылады. Ал коронавируспен ауруханаға түскендер енді жаңа шыққан ресейлік препаратпен емделмек.
"Ресей «Авифавир» деген препараттың жақында клиникалық сынақтан сәтті өткенін жариялады. Біз өзге елдерде қолданылып жатқан ең үздік препараттар болса, біз соны қолданамыз. Ол препарат 29-маусымда коронавирустық инфекциядан емдеу хаттамасына қосылды. Оны сатып алып, науқастарды емдеуге қолданамыз", - дейді Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі.
Соңғы кездері ПТР-тестілеу өкпесі қабынған кей науқастарда коронавирустың жоқ екенін көрсетіп жатыр. Бас санитардың айтуынша, оған таң қалудың керегі жоқ. Себебі, коронавирустық инфекция жоғарғы тыныс алу жолдарынан ішке қарай еніп кетеді де, ПТР тестілеу оны анықтай алмайды. Сондықтан ондай науқастар да уақтылы ем алу үшін емдеу хаттамасына «КВИ болуы мүмкін» деген түсінік енгізіліп отыр. Яғни, ол науқастарда тест нәтижесі теріс болса да вирусқа қарсы ем қолданыла береді.