Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
30 маусым, 2020 / NewsRoom / Жаңалықтар

Қазақстанда ұлттық парктерді қолдау қоры құрылды

Қазақстанда ұлттық парктерді қолдау қоры құрылды

Қазақстанда ұлттық парктерді қолдау қоры құрылды
ашық дереккөзі
Оның басты міндеті - өркениетті экотуризмді дамыту жөніндегі жобаларды қолдау, елдегі ұлттық парктер табиғатына қамқорлық жасау мақсатында мүдделес адамдарды біріктіру. Қордың негізін қалаушы – меценат, кәсіпкер, эко-белсенді және алматылық Сергей Спицын. Сергей Спицын кейінгі 7-8 жыл бойы достарымен бірге Іле Алатауы ұлттық паркі мен Алматы хайуанаттар бағында бірнеше әлеуметтік жобаларды іске асыруда. Бұл жерлерді бала кезінен жақсы көрген ол, қазірде оған қамқорлық жасауда. Оның нәтижесі, үш абаттандырылған емдік су қайнары мен Алматыға жақын маңдағы, оның ішінде, Горельник пен Алмаарасан шатқалындағы көпір, ал хайуанаттар бағында – ақ, гималайлық және тяньшандық аюлар мен амурлық жолбарысқа арналған вольерлер. Меценаттың айтуынша, әр жылы ол осындай жобаларға жеке қаражатынан, сондай-ақ достарының қаржылай қолдау жасауымен көп қаржы салады. Бұл оны барлық ниет танытқан адамдар қатыса алатын осындай Ұлттық парктерді қолдау қорын құру идеясына алып келген. «Мен әрине, жеке өзім осындай жобаларды жалғастыра берер едім. Бірақ біздің ұлттық парктеріміз, тауларымыз бұдан да зор қамқорлыққа, тиісінше көп қаржыға мұқтаж екені түсінікті, - дейді Сергей Спицын. - Осындай алғашқы ауқымды бастаманы біз қазірде Іле Алатауы ұлттық паркіндегі экотуризмді дамыту бойынша тендерді жеңіп алған «Turanga Group» компаниясымен бірлесіп іске асырудамыз. Қазір мен Үлкен Алматы шатқалын аралап шықтым. Мұнда өркениетті демалуға жағдай жасалмаған. Тіпті қоқыс тастайтын орын да жоқ. Қашанда аузы-мұрнынан шығып тұратын шағын жәшіктер ғана. Біздің міндетіміз - қоқысты бөлектеп жинайтын жерлерді белгілеу ғана емес, жүйелі, ойластырылған әдіспен, әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, тауда өркениетті демалыс ұйымдастыру. Мәселен, Үлкен Алматы шатқалындағы жол жиегіне автокөлік қоятын тұрақтарға арналған шағын «қалталар» салуды жоспарлаудамыз. Мұндай жерді, мәселен, «Аюсай» шатқалында тұрғыздық. Оны Еуропадан көрген болатынмын. Қазірде жұрт орманның ішіне тіке көлікпен кіріп жатыр. Көліктер жол жиегінде қалғаны дұрыс қой. Ал ашық алаңқайларға 100-150-дей пикникке арналған орындықтары бар шағын үстелдер, шағын мангалдар орнатқымыз келеді. Олардың бәрі нөмірленеді. Мұның барлығы біздің тұрғындар мен туристерге арналған сыйлығымыз ретінде бұрынғыдай тегін болып қалады. Бұл ұлттық парктегі туризмді реттеуге, өркениетті демалысқа жағдай жасайды. Адамдардың психологиясы мынадай: лас жерге қоқыс тастай салу оңай, ал тап-таза, тазалық сақтауға шақыратын тақтайшалар ілінген жерлерді сол күйінде ұстауға тырысасың». Сергей Спицынның айтуынша, барлық осы демалыс аймақтары тегін болады. Бұл адамдарға деген қамқорлықтың бір көрінісі болмақ. «Инвестормен арадағы ортақ мақсатымыз – жақын жылдар ішінде ұлттық парктердегі табиғатқа көзқарасты түбегейлі өзгерту, - дейді Спицын мырза. - Әзірше өз қаржымызды пайдаланудамыз. Осы пилоттық жобаны іске қосқан кезде, барлық ниет танытқан инвесторлар ұлттық парктерді қолдау үшін бізге қосыла алады. Барлығымыз, осылайша, мемлекетпен келісімге келе отырып, табиғатты, флора мен фаунаны сақтай отырып, экотуризмді өркениетті түрде дамытудың ауқымды жобаларын одан әрі жүзеге асыра беретін боламыз. Біз болашақта барлық салынған қаражаттың есебін беруге дайынбыз. Белгілі блогерлер мен эко-беленділерді қорды бақылау кеңесіне кіруге шақырамыз. Мен шетелдердегі ұлттық парктерде болғанда, ондағы демалу мәдениетінің қаншалықты жоғары деңгейде екенін көрдім! Бізде де осындай, еуропалық демалу үлгісі орнатылса дейміз! Қазірде тауға демалуға келген азаматтарымыз өзімен бірге мангалдарын, қолайлы демалыс болу үшін басқа да заттарын алып келуде. Біздің жобада демалуға барлық жағдай туғызылады. Сергей Спицын айтқандай, мәселен, Горельникке жазда, демалыс күндері, 5 мыңдай, ал Алмаарасанға сәл одан аздау адам келеді. Аптасына бірнеше рет ол қоқыстарды өзі жинап, жылына екі рет тақтайларды аустырып, майлайды екен. «Адамдар оған ізгілікпен жауап қайтаруда. Осы абаттандырылып, қолайлы жағдай туғызылған жерлерге мыңдаған адамдар мен туристер келіп жатқанын, спортпен айналысып жатқанын көріп жүрмін». Мұндай ізгілікті жобаларды қолға алуға не түрткі болғаны туралы сұраққа, бизнесмен жай ғана жауап береді: «Мені Медеу Пұсырмановтың еңбегі, Медеу шатқалының сұлулығы шабыттандырды. Маған осындай өз заманының батырлары ісімен үлгі. Біздің балаларымыз да бұдан үлгі алады. Біздің кейінгі ұрпаққа беретініміз не? Біздің немерелеріміз бен шөберелерімізге мұра ретінде не қалдырамыз? Мен қазірде балаларымды тауға апарып көрсетудемін. Олар екі жылдан бері Горельникке жаяу шығып жүр. Мен үшін бұл жерлер туған отан, өскен жеріміз. Қарттықты осы жерде қарсы алғым келеді. Сол себепті туған табиғаттың жағдайы, туризмнің дамуы мен үшін аса маңызды. Туризмнің дамуы экономикаға да зор әсер етеді. Мұның жарқын мысалы – Грузиядағы, Әзірбайжан мен Дубайдағы қысқа уақыт ішінде жүзеге асырылған туризм тәжірибесі. Біздің де қолымыздан бұл келеді! Кейбір елдерде туристерді тарту үшін арнайы тарих ойлап тауып жатады. Ал бізде қайда аяқ бассаң да, тұнып тұрған тарих. Мәселен, Медеуде, Алмаарасан шатқалында ескі қорымдар бар. Мен Алмаарасандағы қайнарды абаттандыру кезінде Әмір Темірдің әскері осы суға шомылғанын, емделіп, тыныққанын білдім. Кейін бұл жерде санаторий пайда болған екен». Еске салсақ, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Қазақстанда биыл еліміздегі ұлттық парктерде пилоттық экотуризмді дамыту жобасын іске асыруды бастаған еді. Инвесторлардың арасында табиғатқа аялы көзқарасты сақтай отырып, демалысқа өркениетті жағдай туғызу үшін тендер жариялаған бірінші ұлттық парк – Іле Алатауы болды. Бұл парк Алматы секілді ірі мегаполиске жақын орналасқандықтан адам көп келетін, жабайы туризмнің кесірінен ластанған ең бір эколгиялық зардапқа ұшыраған орын. Экологтар ол туралы бірнеше жылдан бері дабыл қағып келеді. Инвестор Александр Гужавин басқаратын «Turanga Group» компаниясы осы парктегі экотуризмді дамыту бойынша тендерді жеңіп алды. Ол 4 жыл ішінде аталған жобаға 12 млрд теңге салуды жоспарлауда. Тегін әжетхана, қол жуатын орын, жайлы аяқжолдар, паркте, табиғатта өзін-өзі ұстау мәдениеті туралы толық ақпарат беретін туристерге арналған сапарлау орталығын салу тәрізді демалысқа қолайлы жағдай туғызудан басқа, бұл жерде сондай-ақ экология министрлігімен келісе отырып, парктегі тәртіпті қадағалайтын, сондай-ақ туристерді құтқару қызметі, жастар, эко-белсенділер қатысатын т.б бірқатар бастамалар қолға алынған америкалық ұлттық парктердегідей, рэйнджер қызметін іске қосу жоспарланып отыр. Ұлттық парктердегі экотуризмді дамыту жобасының басты міндетінің бірі – қазақстандық туристердің экологиялық ойлау жүйесін өзгерту, туған табиғатқа деген аялы көзқарасты қалыптастыру.