Шетелде жұмыс жасамақшы болған студенттер төлеген ақшаларынан айырылды
Шетелде жұмыс жасамақшы болған студенттер төлеген ақшаларынан айырылды
ашық дереккөзі
Жаздың үш айында шетелде еңбек етіп, қаржы табамын деген 200-ге жуық қазақстандық студент арнамыздан көмек сұрады. Олардың айтуынша, «Work and Travel» бағдарламасы аясында АҚШ-қа жіберетін елордалық компания өз міндетін дұрыс атқармай отыр. Біріншіден, мамандар пандемия кесірінен студенттерді шекара асырмаған. Екіншіден, жұмыстарындағы олқылықтар бар болса да, компания төлеп қойған ақшалардың көп бөлігін кері қайтармапты. Бұл туралы NewsRoom+ тілшісі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Дәмелі Ыдырыс үшінші курс студенті . Осы жазда Америка Құрама Штатарында еңбек етіп, оқуына қаржы жинамақшы болыпты. «Work and Travel» бағдарламасы аясында жұмыс істеп, өз күшімен 2 мың долларға жуық соманы жинаған. Қаржыны арнайы бағдарламамен айналыстатын елордадағы компанияға берген, бірақ мамандар пандемия кесірінен Дәмеліні шетелге ұшыра алмапты.
ДӘМЕЛІ ЫДЫРЫС, СТУДЕНТ:
«Бізде студенттер бар ғой 1575 доллар, біреуі 1645, біреуі 1745 доллар. Соның 1045 доллар ұсталынады, қалғаны қайтарылады. Яғни 1575 доллар төлеген бала 500 долларын ғана ала алады. Үштен бір бөлігі ғана қайтарылып тұр».
Алтын Шаяхметова да Америкаға кетемін деп ойлапты. Қазақстан бойынша жалпы саны осындай 200 студент бар екен. Олардың біразы өзге аймақтан болса да, Нұр-Сұлтанға келіпті. Барлығы да үмітті ақтамаған компаниядан қаржыларын қайтарғысы келеді.
АЛТЫН ШАЯХМЕТОВА, СТУДЕНТ:
«Мен тек қыруар қаржы төлеген жоқпын, сондай-ақ бір жыл бойы ағылшын тілін оқыдым. Әрине, тегін емес. Ақшаны ата-анам берді. Олар уайымдайды, күнде мәселең шешілді ме деп сұрайды. Жағдайды реттеу үшін мен Петропавлдан келіп тұрмын».
Ойы іске аспаған студенттердің жақындары да компания есігін қаққан. Алайда олардан жауап жоқ, дейді. Өткен жылдың қыркүйек айынан бастап іштей дайындалған жастардың коронавирус кезінде басқа елге аттануға да құлқы жоқ, дейді ата-аналары.
БАБЖАН БЕКМҰРАТОВ, СТУДЕНТТІҢ ӘКЕСІ:
«Соңына дейін күтіңдер деп, соңына дейін созды. Ертерек отказ бергенде, ақшамызды қайтарып алуға боларма еді. Осыған дейін күткеннен кейін әрі қарай енді балалардың да құлқы қалмады».
Біз бағдарламаны жауапты елордалық ұйымға хабарластық. Ондағылар қазір жұмыстарының тоқтап тұрғандарын айтты. Сондықтан тек телефон арқылы ғана жауап берді. Компания өкілінің сөзінше, студенттер берген соманың қомақты бөлімі Америка мен Ресейдегі әріптестеріне құжаттарды реттеу үшін жіберіп қойған-мыс. Сондықтан да екі мың долларға жуық ақшаның біраз бөлігі де қайтарылмайды.
АЗАМАТ НҰРМАҒАМБЕТОВ, КОМПАНИЯ ӨКІЛІ:
«Біз өз міндетімізден бас тартпаймыз. Егер де студенттер қаласа, шетелге жұмыс сапарын келесі жылға дейін қалдыра алады. Ол үшін өтініш қалдырса болғаны. Биыл елшіліктер жұмысы тоқтап тұрғанда, біз оларды ешқайда жібере алмаймыз».
Дегенмен наразы жастар мұнымен келіспей отыр. Келісім-шартта мұндай шарт көрсетілмеген, дейді.
ДӘМЕЛІ ЫДЫРЫС, СТУДЕНТ:
«Біз келісім-шартқа отырған кезде бұндай 1045 доллар ұстау қажет деген нәрсе болған жоқ. Біз студенттерміз, біз ол ақшаны күн демей, түн демей тапқан ақшамызды мысалы қайтармай отыр».
Нұр-Сұлтан мен Алматыда «Work and Travel» бағдарламасын іске асыратын 10 компания бар екен. Олардың біразы пандемияға қарамастан, клиенттеріне қаржысын толық күйде қайтарған. Айта кетейік, жылда елімізден басқа мемлекетте нәпақа табу үшін 3 мың студент шекара асады.