Танымал ақын, уағызшы Мұхамеджан Тазабеков бірнеше күннен бері қызуы түспей ауырып жүргендігін мәлімдеді. Өзін дендеген сырқаты жайлы сөз еткен белгілі уағызшы күллі қазақтың амандығын тілейтіндігін жеткізді, - деп хабарлайды NewsRoom+ тілшісі Oinet.kz ақпарат агенттігіне Бұл туралы ақын Instagram парақшасында жазба қалдырды.
- Оншақты күн үй жағдайында ем алып көріп едік, көнбеді. Екі өкпе бірдей қабынып, екі иықтан дем алып, есті шығарған сәттер күнәмізді төгіп, Құдай алдындағы дәрежемізге себеп болса екен. Қызу түспеді, қол-аяқ пен бұлшық еттің қақсағаны қоймады.
Дәрігерлер таңертең тағы келмекші. Бұйырған шешімге бас қоярмыз, Алла қаласа. Ауырмаңыздар, сақ болыңыздар! Індет іргеңізге кеп қалған болса, Алла шипа берсін, сабыр берсін! Дүниедегі ең қымбат деген дәрі де сіз бен біздің дұғамыздан пәрменді емес, деп ойлаймын! Біреулер отбасымен ауырып, біреулер ана дүниеге аттанып та кетіп жатыр.
Аз қазақты көбейте алмай жүргенде, бұл дерт те дегенін істемесе екен. Әйтсе де, Алла қалағанынан артық ешнәрсе болмайды. Алланың тағдырына ризамыз! Жаратқанға жалбарынғанда бізді де қаперлеріңізден тастамассыздар! Дұға-тілектер қабыл болып, ел мына жұқпалы дерттен тезірек бойын тазартса екен! Шипа беруші Алла баршамызға шипа берсін! - деді Мұхамеджан Тазабеков.