Алматыда бір адамға сатылатын вирусқа қарсы дәрі-дәрмек санына шектеу енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы брифингте Алматы қаласының дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жөніндегі үйлестірушісі Заңғар Сәлімбаев айтты.
"Үлкен дүрлікпе сұранысқа ие екенін көріп отырмыз. Әлеуметтік желілерде жалған ақпараттар тарап, адамдар өз бетінше емделіп жатыр. Дәрі-дәрмектердің белгілі бір түріне халық тарапынан жоғары сұраныс бар. Мысалы, адамға парацетамолдың 2 қаптамасы жеткілікті, ол келеді де 20 қорап сатып алады. Сондықтан, халық оны бумалап сатып алмауы үшін және барлығына дәрі-дәрмектерді жеткілікті мөлшерде қамтамасыз ету мақсатында, біз 2-3 бумадан артық қолға бермейміз. Бұл шектеу бүгінгі таңда жоғары сұранысқа ие дәрілерге қатысты қолданылады", - деді Заңғар Сәлімбаев.
Оның айтуынша, шектеулер медициналық маскаларға деген сұраныс артып кеткенде енгізілген ережеге ұқсас болады.
"Маскалар жеткілікті болған, бірақ адамдар келіп, артығынан сатып алды. Сондықтан біз дәріханалармен жұмыс істеп, бір қолға 5 маскадан артық бергізбедік. Осы жағдайды да реттегіміз келеді", - деп түсіндірді Сәлімбаев.
Мұның алдында, қазақстандық дәріханалардан вирусқа қарсы препараттар жоғалып кеткені хабарланған. Бірнеше күн ішінде адамдар барлық парацетамол, аспирин және арбидолды сатып алып кеткен. Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыров қала тұрғындарын дүрлікпеуге шақырған және дәрі-дәрмек алу үшін дәріханаларға жүгірудің қажеті жоқ екенін айтқан болатын.